Көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда көлік иесі автоматты түрде өзгереді

17 Қараша 2020, 10:14
4668
Бөлісу:
Көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда көлік иесі автоматты түрде өзгереді

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Енді Kaspi.kz арқылы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.

Egov-та 600-ге жуық қызмет түрлері бар. Сервистер санының көптігіне байланысты әр қызметті адамдардың көңілінен шығатындай етіп, ыңғайлы жасау өте қиын мәселе. Халықаралық тәжірибеге сәйкес , онлайн қызметтерді басқа да танымал тұғырнамаларға шығару қажет деп шештік. Енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелу Kaspi.kz, Халық банк, Альфа банк және Сбербанк қосымшаларында да қолжетімді. Басқа да кең таралған қызметтерді осылай шығару жоспарланып отыр, - деді Бағдат Мусин. 

Оның айтуынша, халық көп талап етілетін қызметтерді оңтайландыру жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. 

Мысалы, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жыл сайын 3 млн-нан астам халық жүгінеді. Үлкен кезек болып жатады. Азаматтар автокөліктерді тіркеу қызметі онлайн болса да ХҚКО-ға тікелей келіп, бірнеше сағат уақытын жұмсайды. Осы мәселені талқыладық. Жаңа процесс бойынша сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Дәл бүгін осы ыңғайлы сервисті ілкі режимде Kaspi.kz мобильдік қосымшасына шығардық,  - деді министр. 

Автонесиеге алынған көліктерді тіркеу бойынша Халық және Сбербанктермен жұмыс істеп жатыр екен.

Мамандандырылған ХҚКО-ларда тек жүргізуші куәлігін алу қызметі қалады. Өйткені, автодромда емтихан тапсыру қажет. Бірақ қазіргі кезде автодромдар ШҚО мен Түркістан облыстарында жоқ, - деді ол. 

Жалпы ол жылдан жылға электронды түрде көрсетілетін қызметтер саны ұлғайып жатқанын айтты. Қазіргі таңда мемлекеттік тізілімде 700-ге жуық қызмет бар. Олардың 85,5 пайызы онлайн түрде көрсетіледі. Министр мақсат - биыл осы көрсеткішті 90 пайызға дейін жеткізу деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы