Көктем шуағы. Жай, тағы бір жақсы жан туралы

7 Наурыз 2019, 09:47
3602
Бөлісу:
Көктем шуағы. Жай, тағы бір жақсы жан туралы
Фото: автордан

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Наурыз айының 4-і күні анасының үйіне қонаққа барған Меруерт Темербаева екі адамның өміріне араша түсемін деп ойламаған еді. Көршінің үйінде қапияда тұтанған қызыл жалын қас қағым сәтте бүтін бір отбасының қайғысына айналарын ешкім сезбеген. Десек те ер адамға бергісіз ерлік танытқан Меруерт қызыл жалынға қойып кетіп, үй иесі – әйел мен оның алты жастағы ұлын сыртқа алып шықты. Облыс орталығы тұрмақ өңір жұртшылығына ерлігі танылған азаматшамен сайт тілшісі әңгімелесіп қайтты.

Наурыз айының төртінен бесіне қараған күні түнде Өскемен қаласындағы «Металлург-3» саяжайындағы үйлердің бірінде өрт шығып, нәтижесінде бір адам ажал құшқан еді. Қызыл жалын құшағынан үй иесі – әйел мен оның алты жасар ұлын көрші әйел құтқарып қалған болатын.

Жан ұшыра жетті

«Сол күні саяжайда тұрып жатқан анамның үйіне қонаққа барған болатынмын. Кешкісін қайтуды ойлап отырып, аяқ астынан қалып қойдым. Мүмкін мені Алланың өзі сол жерде алып қалған болар. Кешкісін анаммен біраз шүйіркелескен соң ұйқыға жаттық. Түн жарымнан асып, таңғы уақыт болып қалған екен. Таңғы мезеттегі ұйқы тіптен қатты ғой. Бір сәтте анам мені түрткілеп оятты. Бөлме ішінің жап-жарық болып кеткенін көрген ол орнынан тұрып, терезеге қараған кезде көрші үйдің отқа оранғанын байқаған екен. Сосын мені оятыпты», - дейді сол түнгі оқиғаны есіне алған Меруерт.

Көп ойланбастан тысқа шыққан Меруерт қызыл жалынға оранған үйге қарай жан ұшыра жүгіреді. Қарды омбылап, үйді айнала кіреберіске жеткен ол бет қаратпайтын қызыл жалынға қарамастан есікті ашып, үй ішіне кіріп кетеді. Үйдің төбесінен орағыта бел ортаға жеткен қызыл жалынның ішінде жан ұшыра жүгірген бүлдіршін есік аузына жетіп қалған екен. Сәл әрірек еденде әлі құрып, тізерлей кеткен әйелдің шашы өртеніп жатқан...

«Қолыма жақын маңда тұрған орамал түсті. Тездете әйелдің басына орай салдым. Әйелді жетектеп, баланы қолыма алып тысқа жүгірдім. Баланың да шашы өртеніп, құйқасына жабысып қалған екен. Бет аузы мен қолы түгелдей дерлік өртеніп кеткен. Бүлдіршіннің «Мені ұстамаңдаршы!» деген жан даусы шығып жатты. Денесі жылпылдап қалған екен. Күйіп қалған терісі сыпырылып, қолымда қалып жатты. Бірақ сол сәттегі бар ойым оларды қызыл жалыннан әрірек алып кету болды», - дейді Меруерт.

Өзгелер оянғанда...

Денелерін күйік шалған көрші әйел мен оның баласын анасының үйіне алып келіп, «жедел жәрдемге» қоңырау шалған ол өртеніп жатқан үйге қайтара жүгіреді. Өйткені құтқарған әйел оған үйде күйеуінің қалып қойғанын айтып, құтқаруын өтінген болатын.

«Үйді айнала жүгіріп, көршілерді көмекке шақырдым. Бірақ амал нешік, барлығы шырт ұйқыда жатқан еді. Өртеніп жатқан үйдің ішінен адамның дауысына ұқсас дауыс естіліп жатты. Қызыл жалын қармағында қалып қойған отағасының жан дауысы болар деп ойлаймын... Бірақ бәрі де кеш еді. Әттең ,көршілер дер уақытында оянып, көмекке ұмтылса оны да құтқарып қалар ма едік. Ол еңбектеп терезе жанына жеткен екен. Бір ер адам болса терезені сындырып, оны алып шығар еді... Өрт сөндірушілерді өзге көршілер шақырған екен. Алайда олар жеткен мезетте үйдің төбесі опырылып ортасына түсті», - дейді Меруерт.

Меруерттің шақыртуы бойынша оқиға орнына жеткен «жедел жәрдем» көлігі денесінің 90 пайызын күйік шалған әйел мен 60 пайыз күйік жарақытын алған алты жастағы ұлын жансақтау бөліміне алып кеткен. Ал өрт сөндірушілер қызыл жалын көрші үйлерге тарап кетпеуін қамтамасыз етіп, тілсіз жауды ауыздықтауға қосымша автоцистерна шақыртты. Өрт сөндіру кезінде үй ішінен ер адамның жанып кеткен мәйіті табылған. Өскемен қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қызыл жалынның тұтану себебі әзірге белгісіз көрінеді. Мамандар өрттің пештен шығуы ықтимал екендігін болжап отыр.

Ендігі тілеуім – екеуінің амандығы...

«Сол түндегі оқиға әлі де есімнен кетер емес. Неше күн өтсе де ұйқым қашты. Сол кездегі баланың жанайқайы... Шок жағдайда ол өзінің қара күйікке айналған қолдарына қарап «Енді менің қолдарым қандай болып қалады?» деп айғайлай бергені, шашының бас құйқасына жабысып қалғаны... Бұл көріністі ешкімге де көруге жазбасын деп тілеймін. Көз алдымда бүтін бір отбасының шаңырағы бір сәтте ортасына түсті. Ендігі тілеуім – екеуінің амандығы. Естуімше, денесінің 90 пайызын күйік шалған анасының жағдайы тым ауыр көрінеді. Сол сәтте бойымдағы қорқынышты жеңіп, қызыл жалынға қойып кеткенімді батырлық деп есептемеймін. Бұл әр адамның осындай қиын-қыстау сәттегі борышы деп ойлаймын», - деп қосты Меруерт Темербаева.

Өзінің осы ерлігі үшін біреуден марапат күтпейтінін айтқан Меруерт мұндай жағдай әркімнің басына келуі мүмкін екенін айтады. Жалғыз ұлымен Меновное ауылындағы сіңлісінің үйінде тұрып жатқан оның өзі де баспанадан мұқтаждық көріп жүрген жан. Қала іргесіндегі Самсоновка ауылында әупірімдеп жүріп үй салғанымен, жарығы жетпеген баспана әзірге тұруға жарамайтын көрінеді.

«Мына оқиғадан соң саяжайда жалғызілік тұрып жатқан анамды ойлаймын. Бойларында күш-қайраты бар адамдар мынадай күйге түсіп жатқанда 73 жастағы кейуана осындай апат орын алса не істей алуы мүмкін?», - деп Меруерт сөзін аяқтады.

Меруерт Темербаева Күршім ауданының Марқа өңірінде орналасқан Ақбұлақ (бұрынғы Горный) ауылының тумасы. Бүгінде 49 жасқа толған азаматша облыс орталығына 1986 жылы көшіп келген екен. Бейбіт күннің батырына тән ержүректік танытқан азаматшаның ерлігі енді құзырлы органдар назарынан тыс қалмаса игі еді... 

Өзгелердің жаңалығы