Бас жаңалықтар
Көкшетаулық оқушылар сап түзеуден жарысты
06 Мамыр 2019, 15:34 616

Көкшетаулық оқушылар сап түзеуден жарысты

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында мектеп оқушылары арасында сап түзеуден байқау өтті.

Шараға соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, жауынгер-интернационалистер қонақ ретінде шақырылды.

Байқауға қатысушылар алдында сөз сөйлеген қала әкімі Амангелді Смайылов осындай шаралардың өткізілуі жастарға рухани тәрбие беріп, отансүйгіштікке баулудың негізі болып табылатынын атап өтті.




«Орта Азия шеңберінде Қазақстанның әлеуеті қуатты. Армия заманауи материалдық-техникалық базамен жарақтанған. Солдаттар мен офицерлер жаңа қару мен әскери техниканың тілін жақсы меңгерген. Елімізде әскери мамандықтың беделі артып келеді. Патриоттыққа үндейтін дәстүрлі байқау жастарды жігерлендіреді, ерлікке жетелейді», - деді шаһар басшысы.

Шара барысында қалалық, облыстық, республикалық жарыстарда спорттың бірнеше түрінен жүлдегер атанып жүрген мектеп оқушыларынан құралған взводтар саптық жүріспен жүріп өтіп, патриоттық тақырыптағы әндерді орындады. 

Түрлі сала мамандарынан құралған қазылар алқасы орындаушылардың сахналық киімдерін, ән шырқаудағы дауыс ырғағын бағалады. Үшінші орыннан көрінген №14 орта мектепке қала әкімінің атынан алғашқы әскери дайындық кабинетінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 75 мың теңгенің, екінші орын алған №7 орта мектепке 100 мың теңгенің, бірінші орынды олжалаған М. Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясына 150 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Үздіктер қатарынан көрінген №8 орта мектеп взводы 200 мың теңгенің Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Алғашқы әскери дайындық оқытушы-ұйымдастырушысы - Сейітжан Жүсіпов. Взвод командирі, 11 сынып оқушысы Мағжан Қайырымденов қазақ күресінен қалалық-облыстық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы. 


«Қала мектептері арасында ерлік сабақтары, әскери дайындық байқаулары, үгіт-насихат әңгімелері мен ашық сабақтар өткізіліп келеді. Бірнеше күн өткізілген дайындық жұмыстары еш кеткен жоқ. Қатысушылардың бірыңғай үлгідегі формалары, эмблемалары олардың байқауға жан-жақты дайындықпен келгенін байқатты. Бұл байқау әскери тәртіпке шыңдала алатын ұл-қыздар барын көрсетіп отыр. Саптық әндер байқауында жеңімпаз атанған взводтар Отан қорғаушылар күні қала аумағында өтетін әскерилердің шеруіне қатысады. Меніңше, ұл тәрбиелеп отырғандар балаларының бойына туған жерге тағзымды, оның әр сүйемін сырт көзден сақтау, жауға таптатпау дегенді сіңіре білуі тиіс», - деді №21 орта мектеп директорының орынбасары Ләззат Жолдасова.


Фото: автордан

Сізден жаңалық