Бас жаңалықтар
Көкшетаулықтар ауыз су мәселесін тағы көтерді
18 Ақпан 2021, 17:45 578

Көкшетаулықтар ауыз су мәселесін тағы көтерді

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаулықтар үшін ауыз су әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Құбыр суы ішуге жарамсыз.Тұрғындардың ауыз суға қатысты сауалдарына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев есеп беру кездесуі барысында жауап берді.

Жыл басынан бері 150-ден астам сынама зерттелді, су сәйкессіздігінің үлес салмағы 6,3 пайызды құрады. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 3 миллион теңгеге жуық сомаға төрт әкімшілік айыппұл салынды.

Көкшетауда су сапасы жөнінен еліміздегі облыс орталықтарының арасында соңғы орында тұр. Жыл басынан бері 150-ден астам сынама зерттелді. Оның 6,3%-ы сапасыз болып шықты. Облыстың су құбырларында 4900-ден астам су сынамасы зерттелді, сәйкессіздіктің үлес салмағы – 2,5%.

Облыс орталығындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта құру жобасы 12 жылға созылды. Бұл мәселені шешу жолдарын атаған өңір басшысы ақмолалықтар ауыз суға 2024 жылы қол жеткізеді деп сендірді.

Ауыз су мәселесі көкшетаулықтарды алаңдатып отыр. Бұл жобаны іске асыру 2009 жылы жобалау-сметалық құжаттаманы жасай бастаған кезде басталды. 2011 жылы қолға алынған жоба өкінішке орай, 2013 жылы тоқтап қалды. Тек 2018 жылы ғана бұл жобаға қайта қолға алынды, - деді облыс әкімі.

Оның хабарлауынша, өткен жылы жобаны жүзеге асыруға 200 миллион теңге бөлінген.

Биыл біз 800 миллионға жуық қаражат бөлеміз. 2024 жылы бұл мәселе шешіледі. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары басталды, - деп мәлімдеді Ермек Маржықпаев.

Өңір басшысының айтуынша, жарты ғасыр ішінде қалалық су тазарту қондырғылары бірде-бір рет жаңартылмаған.

Біздің су тазарту қондырғыларымыз әбден ескірген. 1970 жылдары салынған су құбырлары жаппай жөндеуді қажет етіп тұр. Тозығы жеткен құбырлардың жарылуы да жиілеп кетті. Өкінішке орай, бізде сүзгілерді ауыстырудан басқа күрделі жөндеу болған жоқ. Өңірде осындай ауқымды жұмыс алғаш рет қолға алынып отыр, - деп түйіндеді әкім.

Өткен жылы өңірде 400 шақырымнан астам сумен жабдықтау және 83 шақырым су бұру желілері салынды және қайта жаңартылды. Бұл 10 мыңға жуық адам тұратын жеті ауылда орталықтандырылған су құбырын орнатуға мүмкіндік берді. Жалпы, Ақмола облысында сумен қамту 80 пайызды құрап отыр.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...