Көкшетаудағы мал қорымдары инфекция тарату ошақтарына айналуы мүмкін

22 Тамыз 2019, 17:21
3012
Бөлісу:
Көкшетаудағы мал қорымдары инфекция тарату ошақтарына айналуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көкшетау қаласындағы мал қорымдарының күйі нашар. Яғни, мал қорымдарының жағдайын тексеріп, оларды күтуге бөлінетін бюджеттік қаржының дұрыс пайдаланылуына талдау жүргізген «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері осындай қорытындыға келді.

Көкшетауда 2 мал қорымы бар және олар орнатылған талаптарды қанағаттандырмай отыр. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбейді. ҚР «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес мал қорымдарының құрылысы және қажетті дәрежеде ұсталуы әкімдіктердің құзырына жататындығын ескертіп өткен жөн.

«Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға сәйкес мал қорымдарының аумағын биіктігі 2 метрден кем емес кіру қақпасы бар саңылаусыз дуалмен қоршайды. Алайда, жұмыс тобының мүшелері жерқоймалардың қақпақтарының ашық, әрі қоршаулары бұзылғандығын анықтады. Яғни, аталған нысанға бөтен адамдар мен қаңғыбас иттердің кірмейтініне ешкім кепілдік бере алмайды», - деп атап өтті «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері.

Жобалық кеңсе өкілдерінің айтуынша, ережеге сәйкес мал қорымдары жанынан жануарлардың өлекселерін союға, дезинфекциялаушы құралдарды, арнайы киімдерді және құрал-саймандарды сақтауға арналған үй-жайды жалғастыра салады. Бірақ мониторинг барысында мұндай үй-жай табыла қойған жоқ.

«Ақмола – адалдық алаңы» өкілдерінің сөзінше, облыс бойынша мониторинг жалғасатын болады. Мониторинг қорытындысы бойынша Көкшетау қаласы әкімдігіне мал қорымдарының құрылысы және қажетті дәрежеде ұсталуы үшін тиісті қаржы бөлу туралы ұсыным енгізу жоспарлануда. 

Өзгелердің жаңалығы