Көкшетауда жаңа инфекциялық бөлімше ашылады

1 Тамыз 2021, 13:09
1766
Бөлісу:
Көкшетауда жаңа инфекциялық бөлімше ашылады

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Короновируспен ауырғандар қатарының артуына байланысты Көкшетауда 120 төсектік жаңа инфекциялық бөлімше ашылады. Бұл туралы қаланың бас санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов мәлімдеді.

Төсек қорының жүктемесі 106 пайызға дейін өсті. 60 науқас реанимацияда, үшеуі өте ауыр жағдайда. Күн сайын өлім тіркелуде. Қалалық аурухана базасында 120 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесін ашамыз. Красный яр ауылында да жұқпалы аурулар бөлімшесін ашу жоспарда бар, - деді Қанат Ысқақов.
Соңғы тәулікте жұқтырғандар саны 68 жағдай. Ақмола облысында коронавирустың дельта штамының төрт жағдайы анықталды.
Алматыға жіберілген 22 үлгінің ішінен дельта-штамның төрт жағдайы анықталды. Бұл штамның аймақтағы айналымы фактісі дәлелденді. Өкінішке қарай, бізде мұндай штамды анықтайтын зертханалар жоқ. Вирусты егжей-тегжейлі зерттеу үшін сынамалар Алматыға жіберіледі, - деп түйіндеді Қанат Ысқақов.
Көкшетау қаласының әкімдігі бизнес өкілдері мен рестораторлардың сынына жауап берді.
Біздің мониторингтік топтарға қатысты көптеген шағым бар. Мейрамхана, дәмхана, салон иелері реніш білдіруде. Бірақ бас санитарлық дәрігердің бұйрығы бар, оны орындауға міндеттіміз. Өкінішке қарай, көпшілік шаралар өткізу әлі де жалғасуда, – деп атап өтті қала басшысы Бауыржан Ғайса.

Оның айтуынша, әкімдік пандемия салдарынан бизнестің шығынға ұшырайтынын түсініп отыр.

Бас дәрігердің жаңа қаулысы шықты, Ashyq бағдарламасы арқылы келушілермен жұмыс істейтіндерге қосымша екі сағат уақыт берілді. Менің ойымша, бұл бизнес үшін мүмкіндік, - деді әкім.
Көкшетауда Ashyq жобасы 200-ден астам кәсіпкерлік нысанда жұмыс істейді. Қала басшысы тұрғындарды «антиваксирлерді» тыңдамауға шақырды.

Барлық көкшетаулықты дұрыс шешім қабылдауға және вакцина алуға шақырамын. Дәлелсіз пікірлер айтатын «антиваксерлерге» емес, кәсіби білімі бар дәрігерлерге құлақ асыңыздар, – деп қорытындылады әкім.
Шілде айында Ақмола облысының инфекциялық стационарларында КВИ-ден 165 адам көз жұмды. Соңғы аптада өлім динамикасы 1,7 есе өсті.

Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина облыс бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі екенін мәлімдеді.

Соңғы тәулікте Ақмола облысында КВИ-дің 4408 жағдайы тіркелді, бұл алдыңғы айға қарағанда 2,5 есе көп. Ең көп өсім Көкшетау, Степногорск, Бурабай, Бұланды, Целиноград аудандарында байқалады. Шілде айының басынан бастап инфекциялық стационарларда 165 өлім жағдайы тіркелді. Өлім динамикасы 1,7 есеге артты, - деп бөлісті Айнагүл Мусина.
Оның айтуынша, өңірде 22 инфекциялық стационар ашылып, 1400 орын қамтылған. Төсек қорының жүктемесі маусым айында 35%-дан шілде айында 61% - ға дейін өсті. 88 адам реанимацияда, алты адам өте ауыр жағдайда. Реанимациялық төсек-орынмен қамту үлесі – 66% - облыс республика бойынша төртінші орында.
112 жүкті әйел КВИ-дан ем алуда, оның 52-і инфекциялық стационарға жатқызылды. Өкінішке қарай, жастар да ауыра бастады. Қазір аурудың 76% – ы 60 жасқа дейінгі адамдарға, 14% - ы 17 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Шілде айында өңірде бір жылға дейін КВИ-мен ауырған 150-ден астам бала тіркелген, - деп атап өтті бас санитарлық дәрігер.
Ақмола облысында бес мың орын бар, бірақ төсек қорының қамтылуы 70%-дан асып кетсе, өңір ең жоғары тәуекел аймағына кіріп, толық локдаун енгізіледі.
Төсек орындарды спортзалда да, қонақ үйде де орналастыруға болады, бірақ пациенттерді емдейтін дәрігерлер мен медициналық жабдықтарды қайдан аламыз? Сондықтан медициналық ұйымдардың шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуіне жол бермеу үшін барынша шектеу шараларын енгізудеміз. Өйткені, коронавирустық инфекциядан басқа да аурулар бар, егер біз қазір барлық ауруханаларды тек коронавирус науқастарымен толтыратын болсақ, басқа аурулар бойынша асқыну қаупі туындайды, – деп атап өтті Айнагүл Мусина.
Өңірде 18-і жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді, олардың 12-сі облыстық станцияның бригадалары, қалғандары-қаланың медициналық мекемелерінің жанында.
Бригадалар санын көбейту үшін бізге адамдар қажет. 1 тамыздан бастап бізге қосымша фельдшерлер келеді, - деді облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Александр Высоцкий.
Соңғы бір ай ішінде жедел жәрдем пультіне 34 125 өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2 371-ге артық.

Айта кетейік, Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №31 Жаңа қаулысымен Аршалы, Целиноград және Бурабай аудандарының нысандарына бірқатар шектеу енгізілді.

Өзгелердің жаңалығы