Көкшетауда заманауи томография кабинеті ашылды

22 Мамыр 2019, 20:17
1583
Бөлісу:
Көкшетауда заманауи томография кабинеті ашылды

Көкшетау. BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы қалалық көпсалалы ауруханада заманауи компьютерлік томография кабинеті ашылды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сатып алынған жаңа қондырғының жұмысымен танысқан облыс әкімі Ермек Маржықпаев бұл қала тұрғындары үшін тамаша жаңалық екенін, мемлекет тарапынан медициналық қызмет сапасына зор көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

«Ақмола облысында өткен жылмен салыстырғанда медициналық техникамен жаңартылуы 10% артып отыр. Ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық жабдықталуына 1,5 млрд теңге қарастырылып отыр», - деді Ермек Маржықпаев.

Аурухананың бас дәрігер Бауыржан Жанғаловтың айтуынша, науқастың диагнозын дәл анықтауда компьютерлік томографтың көмегі зор, әрі уақытты үнемдеуге септігін тигізеді.

«Жаңа қондырғының негізгі артықшылығы арнайы бағдарлама арқылы инсульт, тыныс алу органдары, қатерлі ісік, қанайналым, ас қорыту сияқты ағза жүйелеріне тәулігіне 20-25 зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Кабинет таңғы 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Рентген сәулесі адамның ішкі құрылысын анық көрсетеді. Осылайша, қандай ем-дом қабылдауға болатынын шешеміз», – дейді бас дәрігер.

Компьютерлік диагностика кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында және ақылы негізде жүзеге асырылады. Тексерілу құны зерттеу түріне байланысты 10 мыңнан 25 мың теңге аралығында болмақ.

Айта кетелік, былтыр қалалық аурухана ғимаратына 55 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл жергілікті бюджет есебінен 58,6 млн теңгеге рентген аппаратын алу жоспарланып отыр.


Өзгелердің жаңалығы