Бас жаңалықтар
Көкшетауда «Ұлы дала жауһары» көрмесі ашылды
PHOTO
26 Шілде 2021, 17:41 229

Көкшетауда «Ұлы дала жауһары» көрмесі ашылды

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Ұлы дала жауһары» көрмесі ұйымдастырылды. «Рухани қазына-2021» республикалық фестивалі аясында Атырау облысының тарихи-өлкетану мұражайы өз қорынан 300-ге жуық тарихи экспонат әкелді.

Тарихшы Геродот жазбаларында б.з.д. VIII ғасырда өмір сүрген сарматтардың басым бөлігі Батыс Қазақстан аумағында мекендегені айтылады. Аты аңызға айналған жауынгерлер ұрыстарда қандай қарумен шайқасты? Тамақты қалай дайындады? Киімдері мен үйлерін қалай безендірді? Мұның бәрін облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі «Ұлы дала жауһары» көрмесінен танып-білуге болады.

Биыл Қазақстанның мәдени астанасы болған Көкшетаудағы ауқымды шара тарихи-мәдени маңызы бар жобаларды одан әрі ілгерілетуге мүмкіндік береді. Көрме Ақмола және Атырау облыстарының мәдениет ұйымдары арасында қол қойылған меморандум аясындағы алғашқы үлкен бірлескен жоба болмақ, – дейді облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.

Көрмеде археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған декоративтік әшекейлердің көптеген түрлері ұсынылған. Ежелгі шеберлер әдемі бұйымдарды қарапайым құралдармен жасаған.

Біз ақмолалықтардың мұражай қорынан археологиялық құндылықтармен танысу мүмкіндігіне ие болғанына өте қуаныштымыз. Олар біздің өлкеміздің ежелгі және орта ғасырлардағы адамдарының материалдық және мәдени өмірінің даму тарихымен таныса алады. Тарихи құндылығы жоғары жәдігерлер көшірмелер емес – түпнұсқа, – деп атап өтті Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жетекшісі Рашида Харипова.

Н.Н. Миклухо-Маклая атындағы Ресей Ғылым академиясы Антропология және этнология институтында Герасимов әдісі бойынша Е.В. Веселовская қалпына келтірген сармат кезеңіндегі ер адамның бюсті жұртшылықтың назарын аударды. Экспозициядан алтын әшекейлердің көшірмелерін, жебелердің ұштарын, геометриялық пішінде жасалған керамикалық ыдыстарды көруге болады. Бұл жәдігерлердің алғашқысы қола дәуіріне жатады. Тағы бір экспозиция – қола қазанның бірегейлігі – жануарлар бейнесінде жасалған төрт тұтқаның болуы. Олардың екеуі жылқы, екеуі жылан бейнесінде жасалған. Тағы бір ерекше экспонат – сармат әйелі, оның ерекше костюмі мен қаруы.

Сармат әйелдері ер адамдар сияқты киінген. Алайда, ерлердің киімдерінен айырмашылығы, олардың киімдері әртүрлі моншақтармен әдемі безендірілген. Әйелдер алтын сырғалар, сақиналар, білезіктер таққан. Салт-дәстүрге сәйкес, көшпелі сармат қоғамдастығында ер адамның қасында ерекше құрметке ие әйел жерленген. Олармен бірге қабірге екі ат пен бүркіт қойылған. Барлық қару-жарақтар мен темір таяқшалар алтынмен безендірілген. Кейбір мифтерде бүркіт көкте қайтыс болғандардың рухының тасымалдаушысы ретінде қызмет етеді, – деп сипаттады музей жетекшісі.

Ғалымдардың анықтамасы бойынша, сармат көсемінің өмір сүру кезеңі – б.з.д. 2 мың жыл. Жебе ұштарына жасалған зерттеулерге сәйкес, қайтыс болған уақыты б.з.д. 129 жыл деп болжауға болады. Қазба жұмыстарында табылған қайыңның қабығымен көмкерілген жебелер, маталарда пирамида, ою-өрнек және сары түсті металға ұшып бара жатқан құс бейнеленген.

Экспонаттардың әрқайсысының өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар. Мысалы, «сармат көсемінде» самұрық құсы бейнеленген жебе көзге түседі. Ал әйелдерде сырға бар. Ол 91 пайыз таза алтыннан тұрады. Қанатты жылқы мен күн түрінде жасалған әшекей жұмыстары сол кездегі зергерлердің талантын дәлелдейді, – деп атап өтті Рашида Харипова.


Фото: дереккөз
Загрузка...