Көкшетауда қазақ мәдениетінің фестивалі өтті

7 Маусым 2019, 18:45
3680
Бөлісу:
Көкшетауда қазақ мәдениетінің фестивалі өтті
PHOTO
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы мен «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі қазақ мәдениетінің облыстық фестивалін өткізді. 

Фестивальде қазақ мәдениетінің тарихынан сыр шертетін қойылымдар ұсынылып, көпшілікке шашу шашылды. «Беташар», «Бата беру» рәсімдері паш етілді. Сондай-ақ кітап көрмесі, қолданбалы өнер шеберлерінің шеберлік сағаттары өткізілді. 

Көкшетауда қазақ мәдениетінің фестивалі өтті

Салтанатты жиынды Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов құттықтау сөзімен ашты. 

«Халқымыздың тілі мен мәдениеті, салт-дәстүрі біз үшін қасиетті мұра. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы жиған тәжірибесі, өмірден түйген түйіні, философиясы осы қасиетті ана тілімізде, мақал-мәтелімізде, салт-дәстүрімізде. Сондықтан, біз ата-бабадан қалған мәдениетімізді әрқашан дәріптеп, насихаттап отыруға тиіспіз. Сол себепті де бүгінгі шараның маңызы зор. Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының жүзеге асуына бірлесе атсалысуға шақырамын!», – деді қала әкімі Аменгелді Смайылов. 

Өңірде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті насихаттауға үлес қосқан шығармашылық ұжым жетекшілері мен белсенді топ мүшелері қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. 

Қоғамдық келісім үйінің алаңындағы этноауылда киіз үйлер тігіліп, «Көкшетау», «Он алты қыз» халықтың би ансамбльдері жұртшылық алдында өнер көрсетті. 

Алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойнатылды. Қатысушылар асық ату, тоғызқұмалақтан сынға түсті. 

Көкшетауда қазақ мәдениетінің фестивалі өтті

«Ұлттық ойындарымызды кеңінен насихаттау мүмкіндігі беріліп отырғандығы қуантады. Асық ату уақытты көңілді өткізуге ең қажет нәрсе. Асық ойнау адамды икемділік, дәлдік, мергендікке үйретеді. Балаларымыз үйкүшік болып отырмай, далада асық ойнасын, мықты болып өссін!», – дейді «Алтын сақа» жобасының авторы Мейрамбек Киіков. 

Фестиваль тұрғындардың қазақ мәдениетіне деген зор қызығушылығын туғызды. 

«Облысымызда тұңғыш рет өткізіліп отырған бұл шара өңірде тұрып жатқан түрлі этностар арасындағы достықты нығайтып, әр ұлттың мәдениеті мен дәстүрін терең ұғынуға мүмкіндік береді. Этнобірлестіктер, еңбек, шығармашылық ұжымдары шараны жоғары деңгейде өткізуде қолдау көрсетті. Облысымыздағы жүздеген ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Фестиваль аясында ұсынылған барлық көріністер жұртшылықтың қызығушылығын туғызды. Алдағы уақытта елімізді мекендеп отырған өзге ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін паш ететін фестивальдер өткізуді жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаева.  

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері өңірге қатысты зерттеулер, арнайы дайындалған экспозициямен таныстырды. Этноауылда бата беру, беташар, бесікке салу, тұсау кесу рәсімдерінен көріністер көрсетілді. Қолданбалы өнер шебері Үкіжан Ементаева шеберлік сағатын өткізді. 

Шарада дизайнер Бағдат Ақылбекованың киім үлгілері таныстырылды. Оның қолынан шыққан ұлттық киімдер Еуропа елдеріне кеңінен танымал. 

«Алаңда мұндай шараның ұйымдастырылуы қалалықтарға ерекше көңіл күй сыйлады.Этноауыл өзіндік ерекшелігімінен айшықталды, көріністер мен көрмелерден көп нәрсені ойға түюге болады. Әсіресе осындай фестивальдерге жас буын көбірек тартылса екен дейміз. Балдырғандардың асыр салып ойнап жүргенінің өзі – бейбіт аспан астындағы еліміздің тыныштығының арқасы. Дәл осындай қызыл-жасылды қанық бояулардың үндесуі кезінде оған әбден көзің жетеді», – дейді Болат Жанәділов Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі Болат Жанәділов.
    

Өзгелердің жаңалығы