Көкшетаудағы "Көктем шуағы"

17 Наурыз 2019, 09:33
4798
Бөлісу:
Көкшетаудағы "Көктем шуағы"
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда өткен "Көктем шуағы" фестиваліне 200-ден аса ана қатысты. Облыстық Науан хазірет атындағы мешіт жанындағы «Айғаным» қыздар клубының ұйымдастыруымен өткен фестивальге қатысушы қыз-келіншектер ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, сəнді əшекейлер, қынамен сурет салу, шаш үлгісін жасау, тəтті тағам түрлерін дайындау жəне бет күтіміне қатысты мамандардан кеңестер берілді.

Косметологтар мен басқа да сан қырлы маман иелерінің ақпараттарын қатысушылар қызығушылықпен тыңдады. Кеш Көкшетаудағы "Ақбота" жəне "Сахара"  дүкендері ұсынған көйлектердің сəн көрсетілімімен жалғасты. Викториналық ойын жеңімпаздарына "Лондон" спорт-бары, "Тонус" фитнес клубы, "Моя Семья" дүкенінің демеушілігімен сыйлықтар табыс етілді.

Көкшетаудағы "Көктем шуағы"

«Шеберлік сағаттары тек тағам әзірлеумен шектелмей, пайдалы ақпараттарға да толы болды. Шараға қаладағы оқу орындарының студенттері де қатысты. Қыз бала – болашақ ана. Сондықтан да, оларға бала жастан дұрыс тәлім-тәрбие бере білуіміз керек. Қыздарға болашақ өмірлеріне қажет дүниелерді білу еш артықтық етпейді. Осындай мазмұнды шараның өтуіне себепкер болған мешіт ұстаздарына жəне барша ат салысқан демеушілерге алғысымыз шексіз. Мұндай мазмұнды шаралар алда да жалғасын табады деп ойлаймыз», - дейді Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы Зере Қиықова.

Көкшетаудағы "Көктем шуағы"

Осы кеште "Ізгі аналар" жəне "Айғаным" қыздар клубының атсалысуымен өткен «Жақсылықтың жаршысы" атты онкүндік шараның қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

«Фестиваль қатысушылардың көңілінен шықты. Орамал кез келген нәзік жандыға жарасатыны айқын, кеш барысында қыз-келіншектер ерекше сұлу көрінді. Түрлі викториналық ойындарда келген қауымның ой жүйріктігі сыналды. Шараға қатысушылардың билеттері бойынша ойналған ұтыс ойыны да мерекелік шараның шырайын кіргізді. Жеңімпаздар екі кісіге арналған кешкі ас, фитнес залға тегін жолдама, массажға тегін сертификат және басқа да құнды сыйлықтарды иеленді», - дейді фестивальге қатысушы Айсұлу Қадырова.

Шара соңында осы онкүндік барысында ұйымдастырылған байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Оның ішінде қыздар арасында өткізілген эстафеталық жарыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынға "Науан " тобы лайық деп танылды. "Ислам – менің таңдауым " атты шығармалар байқауына белсене қатысқан шәкірт қыздар да алғыс хаттарға ие болды.

Өзгелердің жаңалығы