Көкшетауда Аналар кеңесінің форумы өтті

15 Мамыр 2019, 18:34
3354
Бөлісу:
Көкшетауда Аналар кеңесінің форумы өтті
PHOTO
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда «Бақытты шаңырақ – қуатты мемлекет» тақырыбымен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің облыстық форумы өтті.

Оның барысында ұрпақ сабақтастығы, отбасы құндылығын сақтау, аналар кеңесінің рөлін арттыру сияқты мәселелер сөз болды.

Басқосуды ашқан Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев әр аймақта тыңғылықты жұмыс атқарып келе жатқан Аналар кеңесінің елеулі еңбегін айта келе, алда да тың мақсаттың тұрғанын жеткізді.

«Қай ұлттың болмасын ана тілі, салт-дәстүрі   сол халықтың өзіндік қадір қасиетін, жан-дүниесін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін төл белгілері.  Ал ұлттың  ұлт болып қалыптасуына аналардың алар орны ерек. Облысымызда 14 мың көпбалалы ана тұрып жатыр. 2,5 мың «Алтын алқа», 3700 «Күміс алқа», 379 «Батыр Ана» атағының, 450 І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегерлері бар. Аналар кеңесінің алдында тұрған міндет – ұлттық құндылықтарға негізделген және бүгінгі заман талабына сай аналар ортасын қалыптастыру», – деді өңір басшысы.

Көкшетауда Аналар кеңесінің форумы өтті

Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстармен таныстырып, отбасылық құндылықтар, ұлттық салт-дәстүр, қазақ қызына тән болмыс, қоғам қалыптасуындағы ана-әже рөлі туралы баяндады.

«Ең бастысы, ана болғаннан кейін біз бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпағымыз, саналы, тәрбиелі, ізетті болып өссе екен деген ниетпен жүреміз. Сол үшін өмірден көрген бар тәжірибемізді, көңілге түйгенімізді, ертедегі өз әжелеріміз бен аналарымыздан үйренгенімізді келіндеріміз бен қыздарымызға үйретіп кетсек деген мақсат көздейміз. Біздің осы бір ізгілікті жұмысымыздың көпшілікке танылғандығы ғой деймін, қазір ақ жаулықты әжелерден яғни, біздің лигадан ақыл-көмек сұрап келетін келіндеріміз бен қыздарымыз көбейді. Біз солардың бәріне де өз баламызға айтар ақылымызды айтып, қолымыздан келгенше қолдау, көмек көрсетуге тырысамыз»,–дейді Зере Киікова.

Өңірде бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Аналар кеңесі ұлттық құндылықты дәріптеу мен өскелең ұрпақ тәрбиесін басты назарда ұстап келеді.

«Кеңес мүшелері қайырымдылықпен де айналысады. 2014 жылдан бері «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» жобасын жүзеге асыруда.

«Жоба аясында білім беру мекемелері мен колледждер,жоғары оқу орындарында 11 қыздар клубы жұмыс істеуде. Мұнда қыз балаларды туған жерді қадірлеуге, ұлт мәдениетін құрметтеуге және тігіншілікке, аспаздыққа баулиды. Танымал қоғам қайраткерлері дәріс оқып, мамандық таңдау, табысқа жету бойынша шеберлік-сыныптары өткізіледі. 2014 жылдың қараша айында Аналар кеңесінің республикалық форумында білім беру мекемелерінде қыздар клубын ашу жөнінде бастама көтердім. Кейін Көкшетаудағы «Нұрай» балабақшасында ата-аналармен жұмыс жүргізетін «Шаңырақ»,  №3 облыстық мектеп-интернатында отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Сырғалым», Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау ммлекеттік университетінде «Қыз Жібек»  клубтары құрылды», - дейді кеңес төрайымы Зере Еспайқызы.

Форумда облысымыздың әр өңірінен келген қатысушылар отбасыларға қол үшін беру мақсатында жүргізілген жұмыстарды талқыланып, қайрымдылық шараларының жоспарларымен бөлісті.

Көкшетауда Аналар кеңесінің форумы өтті

Отбасы – сыйластық пен жарасымдылық орнаған орта, шағын ғана мемлекет. Оның мықты болуы ата-ананың ынтымағы мен балаларына берген өнегелі тәрбиесінде. Сонысымен де өзгелерге үлгі болмақ. Шара барысында алты той иелері Қайыржановтар отбасын облыс әкімі арнайы құттықтап, сый-сияпат тарту етті.

Өңір басшысы табысты жұмыс істеп келе жатқан Аналар кеңесінің мүшелерін алғыс хаттармен марапаттады.
Өзгелердің жаңалығы