Бас жаңалықтар
Көкшедегі қазақ театры – Тәуелсіздіктің төл тартуы
Сұхбат PHOTO
05 Наурыз 2021, 14:01 371

Көкшедегі қазақ театры – Тәуелсіздіктің төл тартуы

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда іргесін көтерген қазақ драма театры 1996 жылы 6 наурыз күні  «Ақан сері-Ақтоқты» қойылымымен алғашқы шымылдығын ашты.

Ел тәуелсіздігімен бірге жасап, бірге жетіліп келе жатқан театр бүгінде жүзден астам спектакльдерді сахналап, өз көрерменін тапқан өнер ұжымы. Театрдың негізін қалаушы және директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов өнер ордасының қалыптасу кезеңі мен болашақтағы жоспарлары туралы айтып берді.
Өнер ордасының құрылу тарихына тоқталып өтсеңіз... 

Кеңес заманындағы кері саясаттың салдарынан ұлттық өнердің кең қанат жайып өрістемеуіне байланысты осы өлкеде қазақи өнердің қағажу көргені анық. Көкшетаудай киелі топырақта қазақ театрының болмауы айтар ауызға да, естір құлаққа ұят болғаны рас. 1979 жылы Алматы театралды-көркемөнер институтын бітіргеннен кейін Мәдениет министрлігінің жолдамасымен М.Әуезов театрында қалдым. Осы өнер ұжымында он жыл жұмыс істедім.

Кейін радиотелекомпанияда диктор болдым, киностудияда дубляж директоры болып жұмыс істеп, көптеген фильмдерді дыбыстадық. 1994 жылы 16 желтоқсанда Ақмола облысы басшылығының шақыруымен Көкшетауға қазақ театрын ашуға келдім. 1996 жылы қазақ театрының ашылуы көкшетаулықтар үшін үлкен оқиға болды.

Тәуелсіздік тарту еткен сыйдың бірі осы. Көпшіліктің көзайымына айналған, замандастарымызды рухани жағынан түлетіп, қасиетті тәуелсіздігіміздің мәні мен мағынасын ұғындырып, елін сүйетін, жерін сүйетін жас толқынды тәрбиелеуге зор үлес қосып келе жатқан театрдың ашылуы тәуелсіздіктің шарапаты, жақсылығы деуіміз керек.


Ол кезде ғимарат та, штат та болмады. Бізге облыс орталығындағы «Ақ бидай» мәдениет үйінің ғимараты бөлінді. Ол элеватордың балансында болды және олардың ведомстволық кәсіпорны болып саналды. Ол қиын кезең еді, бірақ соған қарамастан, театрды қолдаған адамдар мен ұйымдар, көкшетаулық бизнесмендер көп болды.

Қамқорлық танытқан барша азаматтарға шын жүректен ризамын. Театрды құруға көп күш пен еңбек жұмсалды. 2004 жылы өнер ордасы заманауи жаңа сәнді ғимаратқа көшірілді. Қазір материалдық-техникалық база едәуір жақсарды. Актерлердің жалақысы көтерілгенін қалаймын, баспана да күрмеулі мәселелердің бірі. Уақыт өте келе бәрі шешіледі деп ойлаймын.

Сол тұста Алматыдан өнер академиясының бір топ жас түлектерін бастап әкелгеніңіз белгілі. Қиындықтар болды ма? 

- Қиын кезеңдерде жұмыс істедік, қалада жарық болмады, айлап жалақы берілмеді. Театр қаланың шеткі аумағында орналасты, бұл жаққа қоғамдық көлік жүрмейтін. Көрермендер біздің қойылымдарға жаяу келетін. Элеватордың сол кездегі басшысы Александр Третьяковқа алғысымыз зор. Ол біздің ұжымды өз кәсіпорнының құрамына қосып, театр қызметкерлері азық-түлік алып жүрді. Бұл біз үшін жақсы қолдау болды. Мұндай игі істер ешқашан ұмытылмайды. 

Театрымыз 1996 жылы 6 наурызда Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклімен ашылды. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаров. Мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы түлектерінің екі курсын шақырдым. Бұл жастар Көкшетау театрының негізін қалаушылар болды. Әрине, 25 жыл ішінде өнер адамдары өздерін кино, режиссура салаларында сынап көрді, кейбіреулері бизнеспен айналысты, бұл табиғи процесс. 2004 жылы біз орналасқан ғимаратты қайта жаңартуға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. 

Ұжымның қандай жетістіктерін мақтан тұтасыз? 

- 25 жыл ішінде көптеген қуанышты және маңызды оқиғалар болды, көрермендердің назарына көптеген жарқын қойылымдар ұсынылды. Театр түрлі халықаралық және республикалық, аймақтық фестивальдарға қатысты, жүлделі орындарға ие болды, гастрольдік сапармен шет елдерде болды. Бірақ мен үшін ең бастысы – дені сау шығармашылық ұжым бар, олар ең батыл және жаңашыл идеяларды жүзеге асыруда. Театрдың жас режиссерлері мен шеберліктерін актерлері жылдан-жылға шыңдап келеді. Актерлер Жарас Қалдаров, Төлеубек Көңбай, Жанар Құсайынова, Құмарбек Қалқатаев, Айна Жүнісова, Қайрат «ҚР Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды.


Театр өнерін дамытуға және насихаттауға зор үлес қосқаны үшін жоғары санатты драма әртісі Құмарбек Қалқатаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Театрдың әдеби бөлімінің меңгерушісі Манарбек Хыдырбай IX Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауында «Тұман» қойылымымен «үздік пьеса» номинациясының иегері атанды.

Театр репертуарында қандай шығармалар бар? 

- Театр репертуарында жүзден аса спектакль бар. Олардың ішінде Ш.Айтматовтың «Король Лир» трагедиясы, С. Жүнісовтың «Абылай», А. Камюдің «Калигула», Ә. Оразбековтың «Бір тоүп алма ағашы» драмасы, О. Бөкеевтің «Атау кере» драмасы, О.Бодықовтың «Үйленгім келмейді» комедиясы, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Б.Әлімжановтың «Құладық» және басқалары бар. Театр сиқырлы да сырлы әлем. Актерлар шым-шытырық оқиғаның ортасында дәл сол кезде неше алуан күй кешіп, жан-сырларын ақтарады. Қайталанбас сәттерді басынан кешіреді. Өнер иелерінің еңбектері елеулі, келешектері зор. 

Жас актерлердің әлеуеті қай деңгейде? 

- Осыдан жиырма бес жыл бұрын еліміздің түкпір-түкпірінен келіп театр шаңырағын көтерген өрімдей жас актерлар мен актрисалар бүгінде танымал өнер иелері. Ұжымда 34 шығармашылық қызметкер жұмыс істейді. Жас, талантты режиссер Фархадбек Қанафин театрымызда он жылдан астам уақыт еңбек етті. Қазір туған жері Алматыға оралды. Техникалық қызметкерлердің арасында құрылған күннен бастап жұмыс істейтіндер де бар. Бүгінгі күні театрда актерлік құрамның 97%-ы жастар, бұл әрине, қуантады. Сондай-ақ, Алматы, Тараз және басқа өңірлерден жас әртістер шақырылды. 

Жастық дегеннің өзі – шығармашылық, жұмыс істеуге деген ұмтылыс, күш, талант, батылдық. Биыл екі жас режиссер шақырылды. Театрда тәжірибелі мамандарды күтіп отыру ақымақтық. Жастарға өзін көрсетуге, ашуға, өнермен және ұжыммен тіл табысуға, сахнада лайықты бейнені таңдауға мүмкіндік беру керек. Бұл режиссер жұмысының негізгі аспектісі. Осы мақсатта біз көптен бері Ақан сері атындағы мәдениет колледжімен тығыз жұмыс істеп келеміз. Біздің қызметкерлеріміздің 60-70%-ы осы оқу орнының түлектері. Жастардың жаңа көзқарастары театрға жаңа серпін береді деп ойлаймын. 

Режиссер ретінде сіз үшін не маңызды? 

- Театр алдында адамдардың эстетикалық мәдениетін көтеру, мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту және оның қолданылу аясын кеңейту сияқты биік міндеттер тұр. Біз көрерменге жұмыс істеуді мақсат тұтамыз. Егер біздің бас төрешіміз бен сыншымыз – көрермен риза болса, премьераларға келіп, театр өміріне қызығушылық танытса, жақсы пікірлер қалдырса, онда ұжымның бекерге жұмыс істемегені. Мен әрқашан осы екі аспектіні бірінші орынға қойдым. Біз оң көзқарас, рухани-адамгершілік мағынасы бар, жаңалық әкелетін спектакльдерді қоюға тырыстық. Міндет - қоғамның өткір әлеуметтік мәселелерін көтеріп қана қоймай, көрерменді күлдіріп, оған жағымды эмоциялар беру, өзін-өзі тануға жетелеу. 

Қазақстанның түкпір-түкпірінен танымал режиссерлерді Көкшетауға шақыру игі дәстүрге айналды. Олар спектакльдер қойып, актерлермен шеберлік сабақтарын өткізді. Премьерадан кейін бәріміз жиналып қойылымды, актерлердің ойынын талдаймыз, көрермендердің пьесаны қалай қабылдағаны туралы әсерлерімізбен бөлісеміз. Өнер сүйер қауым ұжымның жұмысына баға береді. Бұл шығармашылық адамдарын шабыттандыратын шынайы кері байланыс. Біз әрқашан жаңа идеялар мен ерекше тәсілдерді іздейміз, тәжірибе жасаудан қорықпаймыз.Менің ойымша, режиссердің міндеті – актерді ашу. Актер әртүрлі болуы керек. Актер кез келген образға айналуға дайын болуы керек. 

Сахнада қандай қойылым қоюды армандайсыз? Арманыңыздағы рөлді сомдадыңыз ба? 

- Бірнеше жыл бұрын Шекспирдің «Король Лирін» қоюды армандадым. Осы идеяны жүзеге асырдым. 2000 жылы біз бұл спектакльді елордада сахналадық. Біз өнер кеңесінде талқылағаннан кейін командаға ұнайтын қойылымды қоямыз. Мен жастарға олардың батыл жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік беремін. 

Әрине, жас ерекшелігіме, дүниетанымыма сәйкес келетін кез-келген рөлді қуана ойнаймын. Абылай ханның эпикалық рөлінен кейін мен пьесаларда ойнаған жоқпын, бұл күрделі де көп қырлы бейне еді. Бұл спектакль театрды жақсы қырынан танытты. Көрермендерге осы жылдар бойы бізбен бірге болғаны, табыстарымызға қуанғаны, ұжымдық еңбегімізді бағалағаны үшін алғысымды білдіремін. Індеттен аман өтіп, бұрынғыдай премьераларға аншлаг жинап, жерлестерімізді сарқылмас шығармашылығымыз және жарқын қойылымдарымен қуантамыз деп үміттенемін.



Фото: автордан
Загрузка...