Қазақстандық магистрант: Оңтүстік Кореяда науқасқа Құдайдай құрметпен қарайды

19 Қаңтар 2019, 15:13
12227
Бөлісу:
Қазақстандық магистрант: Оңтүстік Кореяда науқасқа Құдайдай құрметпен қарайды
VIDEO

Астана, baq.kz тілшісі. Шетелде білім алып жатқан жастарымыздың бірі – Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының тумасы Жанаділ Талдыбаев. Оңтүстік Кореяның Ханянг университетінде магистратурада оқитын ол 2018 жылы өткен республикалық конференцияда медициналық туризм бойынша жоба қорғап, екінші орын алған. Сол жоба негізінде КМК (Kazakhstan Medical Korea) компаниясын құрып, қазірде Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға емделу үшін баратын науқастарға қызмет көрсетумен айналысуда. Тілші оның бұл саланы неліктен таңдағаны, еліміздегі медицина саласында қандай олқылықтар бар екені туралы әңгімеселіп, Қазақстанға арнайы келген әріптесі – Ким Сырадан екі мемлекеттің басты үш айырмашылығы туралы сұрады.



Қате диагноз: анамды үш күн ішінде емдеді

BAQ.KZ: Қазақстанда қай оқу орнында оқыдың ? Оңтүстік Кореяға баруға не себеп болды?

Жанаділ Талдыбаев: Мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультеті, Корей филологиясы мамандығы бойынша оқуға түстім. Мектеп бітірген жылы Оңтүстік Корея мен Қазақстан біршама келісімшарттарға қол қойып, стратегиялық серіктес болып жатқан. Болашағымды Кореямен байланыстыратын болсам үлкен мүмкіндіктерге жол ашылады деген ниетпен сол мамандықты таңдадым. Кейін Кореядағы Ханянг университетіне Операциялық және сервистік менеджмент факультеті, оның ішінде медициналық менеджмент мамандығы бойынша магистратураға түстім.

BAQ.KZ: Медициналық туризмді қолға алуға не түрткі болды?

Жанаділ Талдыбаев: Оқуға түскен кезімде нағашы атам сырқаттанып қалды. Қазақстанда оған ем көрсете алмаймыз дегеннен кейін ол Оңтүстік Кореяда емделіп көруі керек деген шешім қабылдадық. Атам келмей тұрып, оның барлық медициналық көрсеткіштерін корей тіліне аударып, ауруханаларға өткіздім. Әр аурухана өз емдеу тәсілі мен бағасын ұсынды. Баға айырмашылықтары неге әртүрлі, емдеу тәсілдері қандай екенін зерттей келе, атама ең тиімді деген аурухананы ұсындым. Ол бір апта ішінде толықтай емделіп қайтты. Бірнеше ай өткеннен кейін анамның белі ауырып, төсек тартып жатып қалды. Ол өзіне омыртқа жарығы деген диагноз қойылғанын, екі аптадан кейін ота жасататынын айтты. Мен анамды Кореяға шақырып, диагнозын сол жақтағы емханаларға көрсеттім. Маған «Анаңызды қайтадан медициналық тексерістен өткіземіз. Егер Қазақстанда қойылған диагноз расталса, оған ота жасау құны 13 мың доллар болады» деп ескертті. Қуанышқа орай, қайта тексерілу нәтижесінде анамның бар болғаны бұлшықеті ауыратыны анықталды. Оны екі күн физиотерапиямен, бір күн дәрі егіп қана емдеп алды. Одан кейін басқа да туыстарым, достарым, көршілерім, таныстарым хабарласып, осы жақта емделгісі келетінін айтты. Сол кезде «Туыс, таныстарыма бағыт беріп жіберермін, ал мұндай қызмет түріне қол жеткізе алмай жүрген басқа да адамдар бар ғой. Неге медициналық туризм саласын қолға алмасқа?» деген ой келді. Ойымды ғылыми жетекшіме айтып, ойымды қалай жүзеге асыруға болатыны туралы кеңес сұрадым. Ол қолдау білдіріп, кейін осы тақырыпқа қатысты жоба қорғадық.

«Медициналық жобамыз Оңтүстік Корея бойынша екінші орын алды»

BAQ:KZ: Медициналық менеджмент бойынша жоба Оңтүстік Кореядағы республикалық конференцияда екінші орын алған екен. Осыған тоқталып өтсең.

Жанаділ Талдыбаев: Біздің жоба университет қабырғасында басталған болатын. Ханянг университеті Кореядағы ең мықты бес университеттің бірі және аталған университет ішінде startup орталығы бар. Бұл – Кореядағы ең үлкен startup орталығы болып саналады. Осы орталыққа біз медициналық туризмге байланысты өз жобамызды ұсындық. Жобамыздың басты мақсаты – Кореяға емделу үшін келетін шетелдік азаматтарға ем алу бағасын төмендету, әлдеқайда қолжетімді және ыңғайлы ету. Осы жобамен республикалық конференцияға қатысып, екінші орын алдық. Соның нәтижесінде қазіргі КМК (Kazakhstan Medical Korea) компаниясы құрылды.

BAQ.KZ: Әріптесіңді таныстырып өтсеңіз.

Жанәділ Талдыбаев: Менің әріптесім – Ким Сыра. Ол операциялық және сервистік менеджмент мамандығының докторы. Екеуміздің ғылыми жетекшіміз, профессор Ли Чанг Вон Кореядағы медициналық менеджменттің ең басты маманы. Мамандығымыз, көзқарасымыз ортақ болғандықтан, жобаны бірге бастап, ұйымды да бірге құрдық.

«Оңтүстік Кореяда бүкіл ағзаңызды екі жарым сағат ішінде тексеріп береді»

BAQ.KZ: КМК ұйымы мен оның қызметіне тоқталып өтсеңіз?

Жанаділ Талдыбаев: КМК компаниясында үш серіктес бар, олар: мен, Сыра және Каким Данабаев деген Қазақстан азаматы. Ол – Ханянг университетінің бұқаралық ақпарат мамандығының докторы. Бас офисіміз Сеул қаласында орналасқан. Ол жақта аудармашы, видеооператор және көлік жүргізушіміз, ал Қазақстанда екі аудармашы-консультант бар. Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға ем алу үшін баратын адамдар осы мамандар арқылы немесе тікелей өзімізге хабарласу арқылы ақпарат ала алады. Біздің ұйым Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда ем алу процесін қолжетімді, ыңғайлы етумен айналысады. Мысалы, Қазақстандағы адам өзінің диагнозын бізге береді. Біз оны халықаралық стандарттарға сай аударып, бірнеше емханаға өткіземіз. Олар бізге емдеу әдісі мен бағасын ұсынады. Бір ем түрі әр емханада әртүрлі болады, мысалы біреуінде 15 000 доллар болса, келесі емханада 10 000 доллар, ал басқа ауруханада 7 000 доллар болуы мүмкін. Қазақстаннан келетін азаматқа қай емхана тиімді екенін, артықшылығы мен кемшілігі неде екенін айтып кеңес береміз. Емделуші ұсынылған емхалалардың бірін таңдайды және ол Кореяға келгеннен кеткенге дейін қасында болып, барлық жағдайын жасаймыз. Оның қасында аудармашы және жүргізуші қызметі болады, сондай-ақ оның сапар барысын видеоға түсіріп, тәулік бойы жақындарымен хабарласып отыру мүмкіндігі болуы үшін Wi-Fi құрылғысымен қамтамасыз етеміз.

BAQ.KZ: Оңтүстік Кореядағы дәрігер мен науқастың қарым қатынасы мен Қазақстандағы дәрігер мен науқастың қарым-қатынасында қандай айырмашылықтар бар?

Жанәділ Талдыбаев: Дүниежүзілік қағида бойынша, тұтынушы – Құдаймен бірдей. Оңтүстік Кореяда науқасқа науқас қана емес, тұтынушы ретінде қарайды, сондықтан қызмет көрсету деңгейі өте жоғары. Әр дәрігердің басты міндеті – науқасқа жылдам әрі сапалы қызмет көрсету. Қазақстаннан келген емделушілер бұл жақта емдеу сапасы мен жылдамдығы жоғары екенін айтады. Мысалы, Check-up бағдарламасы бар. Бұл – адам ағзасын тұтастай тексеру. Бұл жақта небары 2,5 сағат ішінде бүкіл ағзаңызды толық тексеріп шығады. Меніңше, бұл өте жылдам уақыт.

«Оңтүстік Кореяға Қазақстаннан жылына 15 000 адам емделуге келеді»

BAQ.KZ: Оңтүстік Кореядағы дәрігерлер мен Қазақстандағы дәрігерлердің қызметінде айырмашылықтар бар ма?

Жанәділ Талдыбаев: Оңтүстік Кореяда дәрігерлер міндетті түрде ғылыми жұмыспен айналысады. Мысалы, рак дертінің алдын алу жолдарын қарастырып, зерттейді. Әр ауруханада зерттеу орталығы болады. Ол жерде жаңа медициналық технологиялар ойлап табады. Оңтүстік Корея – медицина саласында инновациялық технологиялар қолдануда бірінші орында тұр. Ол жақта ең көп жалақы алатын мамандық иесі – дәрігерлер. Жалақысы жоғары болғандықтан, олардың жұмысқа деген құлшынысы да, қызығушылыға да, жауапкершілігі де жоғары.

BAQ.KZ: Оңтүстік Кореяға Қазақстаннан жылына қанша емделуші барады?

Жанаділ Талдыбаев: Қазіргі уақытта жылына 360 мыңнан астам шетелдік азаматтар келіп, емделеді. Шетелдік азаматтардың ішінде бірінші орында Қытай, екінші орында АҚШ, үшінші орында Жапония, төртінші орында Ресей, бесінші орында Қазақстан азаматтары тұр. Қазақстанның өзінен ғана жылына 12-15 мыңнан астам азамат келіп, емделеді. Олар көбінесе туристік агенттік арқылы немесе ешкімнің көмегінсіз өздері келеді.

BAQ.KZ: Қазақстаннан емделуге барған азаматтар көбінесе қандай дерт түрі бойынша көмекке жүгінеді?

Жанаділ Талдыбаев: Арқа, омыртқа, жүрек ауруларымен көп келеді. Сондай-ақ, бала көтере алмай жүрген әйелдер бала көтеруге қатысты ем түрін алуға келеді. Оңтүстік Кореяда медицинаның қатты дамыған саласы – пластикалық ота. Қазақстан азаматтары көбінесе мұрнын, дене бітімін өзгертуге келеді.

«Қазақстан – Орталық Азия мемлекеттерінің сұлтаны»

BAQ.KZ: Ким Сыра, медициналық туризм бойынша не себепті басқа емес, Қазақстан мемлекетін таңдадыңыз?

Ким Сыра: Бірінші, әріптесім, досым Жанәділге сендім. Екіншіден, біздің елде Қазақстан мемлекетін «Орталық Азия мемлекеттерінің сұлтаны» деп атайды, сол себепті осы мемлекетпен жұмыс істеуге қызығушылығым оянды. Үшіншіден, Оңтүстік Кореяға көп келетін Қытай, Жапония азаматтары үшін олардың тілінде медицина саласында керекті ақпараттар жеткілікті, ал Қазақстаннан келетін азаматтар үшін ақпараттар қолжетімді емес.

BAQ.KZ: Ким Сыра, Сіз үшін Оңтүстік Корея мен Қазақстанның үш ұқсастығы мен үш айырмашылығын айтып бере аласыз ба?

Ким Сыра: Қазақстанға бірінші рет келуім. Зайсан, Семей, Алматы, Астана қалаларында болдым. Қай қалаға барсам да қазақтар үлкен дастарқан жайып, қонаққа шақырып, жақсылап күтті. Корей халқы да бауырмал халық, бірақ біз қонаққа өте жақын танитын адамдарды ғана шақырамыз. Ал қазақ халқы бірінші рет кездескен адамды да қонаққа шақыра береді екен. Кореяда «жылдам-жылдам» деген сөзді өте жиі қолданады, өйткені біз уақыт үнемдеп, қандай тапсырма болсын жылдам орындауға тырысамыз. Ал қазақ халқы корей халқына қарағанда бос уақыты көп, жайбарақат жүретін адамдарға ұқсайды. Тіпті, бәрі күн сайын демалып жүргендей әсер қалдырады. Кореяның да, Қазақстанның да табиғаты өте әдемі, бірақ Қазаақстанның ең үлкен артықшылығы – жері кең, сол себепті барып көруге лайықты жерлері көп деп ойлаймын.

«Кореяның медициналық басқару жүйесін Қазақстанға әкелу керек»

BAQ.KZ: Болашақ жоспарларыңыз қандай?

Жанаділ Талдыбаев: Болашақ жоспар: Кореяда қор құрып, Қазақстанда ақылы түрде емделуге жағдайы жоқ адамдарға тегін емделу мүмкіндігін жасау. Мұны Қазақстанның меценаттары, кәсіпкерлері арқылы жүзеге асырмақпыз. Екінші жоспар – Қазақстандағы дәрігерлерге Кореяда білім алатын оқу-бағдарламалар дайындау. Ол біліктілігін жоғарылату, бір айлық оқу бағдарламалары, конференциялар, семинарлар болуы мүмкін. Мұның көп бөлігі тегін түрде жүзеге асырылатын болады, яғни дәрігерлер барып-қайтатын жолақыларын ғана төлейді, ал жататын орны, тамақтануы және білім алуы сияқты басқа шығындар Корея тарапынан өтеледі. Басты талап – ағылшын тілін білу және өз мамандығын жақсы меңгеруі керек. Үшінші жоспар – Қазақстандағы ауруханалармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу.

BAQ.KZ: Егер Сізге мүмкіндік берілсе, Қазақстандағы медицина саласында не өзгертер едіңіз?

Жанаділ Талдыбаев: Медицинадағы басқару жүйесін өзгертер едім. Мысалы, Кореяда бар мықты дәрігерлер Қазақстанда да бар, айырмашылық – басқару жүйесінде. Кореяда бұл жүйе мықты дамыған. Сол басқару жүйесін Қазақстанға әкелсек – үлкен қадам болар еді. Қазақстанда дәрігерлер науқасты емдеу ғана емес, әкімшілік жұмыстарды да атқарады, қағазбасты. Талап сондай болған соң науқастарға жеткілікті көңіл бөлінбей қалады. Кореяда дәрігер тек науқасты емдеумен айналысалы, ал әкімшілік, қаржыға қатысты жұмыстарды медицинаға қатысы жоқ, бірақ өз ісін жетік білетін, медицина менеджментіне қатысы бар басқа мамандар атқарады. Қазақстанға осы жүйені енгізу керек. Сонда ғана Қазақстанда медициналық қызмет көрсету жылдам болады. Негізгі мақсатым – шетелде жинаған тәжірибемді Қазақстанда қолдану. Қазақстанда жай ғана компания емес, трансұлттық компания құруды армандаймын.

BAQ.KZ: Cұқбатыңыз үшін рақмет!

Зарина Әбілмәжінова

Өзгелердің жаңалығы