Еліміздің клиникалық хаттамасы ДДСҰ нұсқаулығына сәйкес келеді

9 Шілде 2020, 13:10
2146
Бөлісу:
Еліміздің клиникалық хаттамасы ДДСҰ нұсқаулығына сәйкес келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен "Короновирустық инфекция және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы туралы" онлайн брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты.

Ол журналистің сұрағына жауап бере отырып, елдегі мобильді топтарға қатысты ақпаратпен бөлісті.

Еліміз бойынша қазіргі таңда мобильдік топтар құрылып жатыр. Республика бойынша 465 мобильді топ құрылды. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 31 емхана бар, олардың әрқайсысында 2-3 топтан жасақталған. Жедел жәрдем қызметіндегі мобильді топ бойынша айтарым, қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ал, ауылдағы науқастар аудандық ауруханалардағы инфекциялық бөлімшелерде жатыр. Мобильдік топтар ауыл-ауыл арасында жасақталған. Ауылдарға жіберілетін жылжымалы зертханаларды сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сатып алу процесіне байланысты зертханалар тамыз айында ауылдарға жетеді деп жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Вице-министр пневмониямен ауырған адамдарға дәрілер тегін берілетінін мәлімдеді.

Қазір әрбір емханада пневмониямен ауырған адамдарға учаскелік дәрігерлер антибиотиктер және дене қызуын түсіретін препараттарды бере алады. Бұл дәрілерді учаскелік дәрігердің нұсқауы мен рецептісі арқылы тегін алуға болады, - деді ол.

Ажар Ғиният брифинг барысында еліміздегі клиникалық хаттама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулығына сәйкес келетінін айтты.

Қазір біздің басты міндетіміз – науқастарға көмектесіп, төсек-орын әзірлеп, дәрі-дәрмек, түрлі аппарат, құрылғылармен қамтамасыз ету, хаттамаларға сәйкес тиісті  ем-дом жасау. Сондықтан, қазір министрлік осы мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатыр. Біздің клиникалық хаттамамыз эпидемия басталғалы бері бірнеше рет өзгеріске түсіп, отандық және шетелдік ғалымдардың нұсқауына, тәжірибелеріне байланысты жаңартылып отырды. Қазіргі хаттама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулығына сәйкес келеді. Күні кеше елімізге Ресейден келген әріптестеріміз хаттамадағы емдеу жолдарының дұрыстығын баса айтты, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы