Бас жаңалықтар
Климаттың өзгеруі ең үлкен проблема әрі трагедия – қоғам белсендісі
15 Ақпан 2019, 14:25 878

Климаттың өзгеруі ең үлкен проблема әрі трагедия – қоғам белсендісі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Экология мәселесі әлем бойынша бірінші орында тұр. Қазір дүниежүзінде 7,5 млрд адам бар болса, жеріміз жыл өткен сайын қоқысқа айналып барады. Егер экологияны қазірден ойламасақ, келешек ұрпағымыздың болашағына балта шабамыз. Бұл туралы «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының президенті Азаматхан Әміртай Baq.kz тілшісімен сұхбаттасу барысында айтты.

Альянс президенті атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, алдағы уақытта құрылатын «Жасылдар» экологиялық партиясы жайлы айтып берді.

Экологияны қорғаумен айналысып жүрген альянстың қазір еліміздің әр облысында филиалдары ашылған және халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр екен. Республикалық қоғамдық бірлестік бұған дейін қалалық жердегі ауаны тазарту, жасыл белдеу жасау, сонымен қатар тұрмыстық және техникалық қалдықтарды қайта өңдеу, жануарлар әлемін қорғау бойынша бірқатар жұмыс атқарған.

«Екі жыл қатарынан халықаралық деңгейде экологиялық конгресс өткіздік, биыл да өткізуді жоспарлап отырмыз. Атқарған жұмыстардың барлығын әлеуметтік желіде жариялап, халыққа үндеу жасап отырдық. Сонымен қатар, «Таза ел» ақпараттық газеттеріміз бар. Ақсақалдар кеңесін де құрдық, онда айтары бар ел азаматтарының басын біріктірдік. Экология бойынша шетелдегі мамандармен де байланысты күшейттік», - дейді Азаматхан Әміртай.

Сөз арасында ол ұсыныс, бастамаларын мемлекеттік мекемелер бастапқыда қолдағанымен, жеме-жемге келгенде ештеңе атқармағандығын жеткізді.

«Олар атқарушы мекеме болғандықтан саяси партияларға бағынады, сондықтан біз экологияны қорғау мақсатында «Жасылдар» партиясын құру қажеттігін түсіндік. Яғни біздің Альянс пен «Семей-Невада» қозғалысын біріктіре отырып жасауды қолға алмақпыз. Қазір ұйымдастыру комитеті құрылып жатыр, басқа да жұмыстар жасалуда. Әрине, партия құру оңай шаруа емес, үлкен қабілет қажет және Заңнамаға сәйкес жұмыс атқарылу керек. Егер тіркеуден өтпесе, онда партия болып саналмайды. Әр аймақтан қол жинау керек, сондықтан атқаратын жұмыс көп», - деді ол.

Экология жанашырларының қатары қазір мыңдаған адамға жеткен, қолдаушылары да бар. Еліміздің болашағына алаңдайтын қоғам қайраткерлері де қолдау білдіріп, демеп отырады екен.

«Осы партияның арқасында «жасылдардың», экологтардың басын біріктіріп, Экология кодексі мен Заңнамаға өзгеріс енгіземіз деген ойдамыз. Егер экологиялық партия парламентке кіретін болса, кемінде 20% дауыс аламыз. Экологияны қорғау бойынша үгіт-насихат жүргізіп, халыққа жеткіземіз, соның арқасында дауысымызды да көбейтеміз. Экология мәселесі әлем бойынша бірінші орында тұр. Қазір дүниежүзінде 7,5 млрд адам бар және жыл өткен сайын жер қоқысқа айналып барады. Шетелдік BBC сияқты телеарналар күнде экология жайында ақпарат таратады. Сондықтан экологияны қазірден ойламасақ, келешек ұрпағымыздың болашағына балта шабамыз», - дейді Азаматхан Әміртай.

Сонымен қатар ол, жаһандық жылынуға байланысты ғалымдар қазірден дабыл қағып, оның алдын алуға шақырып жатқандығын жеткізді.

«Жақында БҰҰ-ның бір топ ғалымдары «2030 жылдары Жердің температурасы 2 градусқа көтеріледі» деп мәлімдеді. Бұл Мұзды мұхиттың еруіне әкеліп, жер бетін топан су басуы мүмкін. Бұрын «жер бетін топан су басады» деген мистика болып келсе, енді ғалымдар соның шындыққа жанасатынын айтуда. Сондықтан климаттың өзгеруі деген ең үлкен проблема әрі трагедия. Осы мәселені шешу үшін экологтардың басын біріктіріп, соған қарсы тұруымыз керек. Экология дегеніміз – саясаттан да жоғары тұр, яғни адамзаттың тірі қалу үшін жанталасы», - дейді ол.

Сөз арасында ол еліміздегі басты экологиялық проблемаларға да тоқталып өтті.

«Аралды қараңыз, тартылып жатыр. Нью-Йорк қаласындағы музейде Аралдың суреті тұр. Оның астында «Адамның қолымен жоқ болған теңіз» деп жазылған. Яғни, адамзаттың жауыздығы соншалықты – теңіздерді жұтып жіберіп жатырмыз. Сондай-ақ, елімізде радиациялық орындар өте көп, уран өндірілген, ядролық сынақтар өткен жерлер бар. Соның кесірінен тұрғындар арасында онкологиялық аурулар кең таралуда. Тіптен, Алматы қаласының өзінде әр туған балада ми бассүйек қысымы бар екен. Оған аллергияны қосыңыз, яғни қалада көк түтінге тұншығып жатырмыз. Қазақстанда әрбір үшінші тұрғын іш құрылыс ауруларымен дәрігерге қаралады екен. Бұл үлкен қорқыныш. Соның бәрін біле тұра, үндемей отыра алмаймыз, онымен күресуіміз керек. Бұл күллі адамзаттың проблемасы», - дейді қоғам белсендісі.

Оның айтуынша, адамдар экологияны ластап қана қоймай, өздері жейтін тағамдарды да түрлі дәрілермен улауда.

«Қазір ауылшаруашылық өнімдерінің өзі түрлі дәрілермен өсіріледі. Жазды күні қарбыздардың ішін кесіп көрсеңіз сап-сары дәрі. Ол адамның асқазанына барған соң небір ауруларды тудырады. Бұрыннан генетикалық таза халықпыз деп мақтанамыз, алайда қазір экологиялық заттармен өзімізді улап жатқанымызды байқағымыз келмейді», - дейді ол.

Ол осындай мәселенің медицина саласында да орын алып отырғанын айтып, өкінішін білдірді.

«Медицина саласында да антибиотик, гормонды дәрі-дәрмекті көп пайдаланады. Кішкентай сәбилердің өзін антибиотик салып емдеуде. Бұл медицина саласының да өте ауыр жағдайда екенін көрсетеді», - дейді Азаматхан Әміртай.

Альянс президенті сөз соңында жасыл табиғатымызды қорғау қазіргі біздің парызымыз екенін және оны қадірлеп, сақтай отырып, келешек ұрпағымызға бүлдірмей жеткізуіміз қажеттігін айтты.

Әділет Мұсахаев

    Фото: tazael.kz сайтынан

Сізден жаңалық