Нұр-Сұлтанда кітапты тегін алмастыру алаңдары ашылады

10 Қыркүйек 2019, 22:15
1936
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда кітапты тегін алмастыру алаңдары ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кітапқа жаны құмарларға жағымды жаңалық. Елордада буккроссингтің жаңа орындары ашылады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Яғни, бұл кітаптарды алмастыратын орын. Мәселен, сіз бұрын оқыған кітабыңызды алып, ашық буккроссинг-аймағына апарасыз. Ондағы кітап сөресіне оқылған кітабыңызды қойып, сіз оқымаған кітаптарды алуыңызға болады. Ақысыз. Буккроссинг-аймақтары адамдар көп шоғырланатын ойын-сауық орталықтары, жоғары оқу орындары мен қоғамдық жерлерде орнатылады. 

Кітап алмастыратын әр алаңға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отандық және шетелдік классиктердің есімі беріледі. 

11 қыркүйек күні елордадағы Қазақ бизнес және технология университетінде жобаның ашылу салтанаты өтеді. Шараға белгілі жазушылар қатысып, жастардың кітапқа деген ынтасын арттыру үшін кездесулер өткізіледі. Еліміздегі алғашқы буккроссинг-аймағы Талдықорған қаласында ашылған болатын. 

Алда республика бойынша  7 кітап алмастыру шарасын өткізу жоспарланып отыр. Жобаны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы және «Social Development Center» ҚҚ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау» КЕАҚ-ның гранттық қаржыландыруы арқасында жүзеге асырмақ.

Өзгелердің жаңалығы