Қызылжарда мектеп оқушылары «кітап жеуден» жарысты

17 Сәуір 2019, 21:46
5827
Бөлісу:
Қызылжарда мектеп оқушылары «кітап жеуден» жарысты
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Қызылжарда мектеп оқушылары «кітап жеуден» жарысқа түсті. Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Тәтті кітап» байқауы ұйымдастырылды. Өскелең ұрпақтың бойындағы білім алу, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған шара Жастар жылы аясында ұйымдастырылды.

Қызылжарда мектеп оқушылары «кітап жеуден» жарысты

Ерекше байқауға 75 үміткер қатысты. Аспаздың киімін киген сайыскерлер кітап формасындағы торт, тоқаш, бәліш сынды тағы басқа тағамдар әзірледі. Байқау шарты бойынша 3 оқушы, ата-ана және сынып жетекшісінен құралған топ өздері пісірген кондитерлік өнімді қазылар алқасының назарына ұсынып, арнайы презентация жасады.

«Біздің мектепте балалардың жан-жақты білім алып, дамуына баса мән беріледі. Сондықтан оқушылардың бойында кітап оқуға, рухани тұрғыдан өсуге құштарлықты арттыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады. «Тәтті кітап» фестивалі солардың бірі. Бұл шара алған рет ұйымдастырылып отырғанын айтқым келеді. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «100 кітап жобасы» жүзеге асырылады. Байқау шарты бойынша аталған жобаға енген әдебиеттерді бейнеледік», - деді сайысқа қатысушы Сәуле Уәлиева.

Қызылжарда мектеп оқушылары «кітап жеуден» жарысты

Байқауда пісірілген ең үлкен торттың салмағы – 10 келі. «Тәтті кітаптардың» қатарында Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», Дулат Исабековтың «Әпке», Иван Тургеневтың «Отцы и дети» сынды тағы басқа отандық және шетелдік әдебиеттер болды. Байқаудың басты шарты – әр команда мүшелері өздері жасаған кітаптың мазмұнын толық білуге міндетті. Сайыскерлер түрлі сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін дәлелдеді.

«Біз қазылар алқасының назарына «Менің атым Қожа» кітабын ұсындық. Бұл кейіпкер маған бала кезден жақсы таныс. Өзім аспазбын. Мұндай тортты алғаш рет пісірдім. Түк қиындығы жоқ екен. Бисквиттерді әзірлеп алып, түрлі ингредиенттерден балқаймақ жасадық. Әрбір әріпті кестік. Түрлі тағам пісірудің маманы болсам да, бүгін өзіме біраз тәжірибе жинадым. Өйткені кондитерлік өнімдерді жасай бермеймін», - деді Мәди Құрмашев.Қызылжарда мектеп оқушылары «кітап жеуден» жарысты


Мәди Құрмашевтың қолынан шыққан торт үздік деп танылып, байқаудың бас жүлдесіне ие болды. Әр тағам 5 балдық жүйе бойынша бағаланды. Қазылар алқасы тағамның безендірілуіне, оны әзірлеу технологиясының сақталуына, бірегейлігі мен сайыскерлердің өздері әзірлеген кондитерлік өнімді таныстыру деңгейін және оның дәмін бағалады.


 

Өзгелердің жаңалығы