Бас жаңалықтар
Қорғаста кинологтар жиыны өтті
15 Қаңтар 2019, 20:53 511

Қорғаста кинологтар жиыны өтті

Астана, BAQ.KZ. Жаңа жыл қарсаңында «Қорғас» шекаралық бақылау отрядына қарасты, жақында ғана ашылған «Нұр жолы» өткізу пунктінің базасында кинолог мамандардың жиыны өткізді. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Шекарашы» деген сөзді естісек болды, көз алдымызға әлбетте ит жетектеген қарулы сақшы келе қалады. Бұл бала кезімізден санамызда мықтап сақталған сурет. Шекарашыны итсіз елестете алмаймыз. 

Солай болған, қазір де солай, болашақта да солай болуы мүмкін. 

Өйткені, Мемлекеттік шекара күзетінде қолданылатын техникалық құралдар қаншама жетілгенімен, қарыштап дамығанымен, дәл  бүгінгі күні шекара бұзушының ізіне түсуде, шекарадан өтетін көлік құралдары мен азаматтарды тексеруде шекарашылардың төрт аяқты досын ешқандай техника алмастыра алмайды. 

Олардың көмегімен қаншама есірткі заттары, жарылғыш заттар мен қару-жарақ, оқ-дәрілер ұсталып жатады. Демек, ұлттық қауіпсіздікті, аумақтық тұтастықты сақтауда қызметтік иттердің маңызы өте зор.

 Бұндай басқосуларда иттермен жұмыс істейтін шекарашылар тәжірибе алмасып, шеберліктерімен бөліседі, бір-біріне өздері баптап, өсірген иттерінің машықтарын паш етеді, иттер тәрбиесіндегі жаңа әдістемелерді ортаға салып, жаңа құрал-жабдық, азық-түліктермен танысады, жаңа жоспарлар мен міндеттер қабылдайды. 

Бұл жолы да дәл осылай болды. Алайда, бұл шараның бір ерекшелігін де атап өткен абзал, ол – кинологтардың жоспарланған жұмыстардан тыс қайырымдылыққа да уақыт табуы болды. 

Кинолог-шекарашылар Пенжім ауылының тұрғыны, Шынар атты жалғызбасты ананың үйіне сый-сыяпат, тарту-таралғылар апарып, шаңырағын шаттыққа бөлеп қайтты. 

Бұл шекарашылардың Отан шебін қорғаудан қолдары қалт ете қалған бір сәті.

Сізден жаңалық