Бас жаңалықтар
ҮЕҰ: Мемлекеттен қолдау керек
03 Мамыр 2019, 21:31 579

ҮЕҰ: Мемлекеттен қолдау керек

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде 620-дан астам коммерциялық емес ұйым тіркелген. 345 қоғамдық бірлестік бар. Дені – облыс орталығында орналасқан. Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті.

Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттен қолдау керек. Қазір материалдық-техникалық базаларды дамытуға қаржы тапшы. Әрқайсысы өз күндерін өздері көріп отыр. Қаржылай көмек болса, түрлі салаға қатысты жобаларды дамытқылары келеді. Бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездескен үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы Айгүл Дүйсенова мәселелерді айтты.

«Ақтөбе облыстық әділет департаментінің мәліметі бойынша аймақта 626 коммерциялық емес ұйым тіркелген. 345-і қоғамдық бірлестік. Қоғамдық қорлар - 202. 30 заңды тұлғалар бірлестігі бар. 626 коммерциялық емес ұйымның 387-сі ғана жұмыс жасап тұр. 120 үкіметтік емес ұйым қызметін тоқтатты. Үкіметтік емес ұйымдардың 515-і облыс орталығында, ал аудандарда 111-і ғана жұмыс жасайды. 130 ұйымның белсенділігі жоғары. Облыста үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жолға қойылған. Балалар мен жастарды, әйелдерді қолдау, адам құқықтарын қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, жастарды патриоттық тәрбиеге баулитын ұйымдар жұмыс жасайды. Үкімет тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жылдан-жылға артып келеді»,- деді Ақтөбе облысындағы үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы Айгүл Дүйсенова.

Еңбектеген баладан еңкейген кәріге қатысты мәселенің барлығын көтеретін, шама шарқынша шештін үкіметтік емес ұйымдардың спеткрі кең. Облыс басшысы бүгін барлық ұйымның басшыларының өтініш-тілектерін тыңдады. Барлығы мемлекет тарапынан қолдаудың болғанын қалайды. Ал, аула клубтарының ата-аналар мен балалар үшін көмегі зор.

«3 жыл бұрын «Бейбарыс» аула клубын ашқанбыз. Қазір көп қабатты үйдің жертөлесінде 150 баланы тегін бокспен, бимен машықтандырамыз. 552 шаршы метр залды алу үшін 17 млн. теңгеден астам қаржы жұмсадым. Мүмкіндігі шектеулі балалардың емдеу-дене шынықтырулары да тегін жүргіземіз. Мақсатым – елін қорғайтын азаматтарды тәрбиелеу. Облыстық спорт басқармасы тарапынан қолдау болса дейміз. Осы әлеуметтік бағытты дамытуға болады. Көп қабатты үйлердің жертөлесіндегі спорт залдар ата-аналарға жеңіл болады. Көп алаңдамайды. Балалар да бос уақыттарын тиімді пайдаланар еді»,- деді Ақтөбе облыстық аула клубтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерәділ Үббіниязов.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық