Әкімдер мен тиісті басқарма бірлесіп жұмыс істей алмай жатыр – Сапарбаев

15 Шілде 2020, 09:18
1391
Бөлісу:
Әкімдер мен тиісті басқарма бірлесіп жұмыс істей алмай жатыр – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы алқаптарын ұлғайту және жерді тиімді пайдалану мәселелері облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен аппарат кеңесінде сөз болды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Күлкеевтің айтуынша, аймақтағы егістік дақылдары себілген жердің жалпы ауданы 715,0 мың гектарды құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,1 %-ға көп. Кейбір аудандар 2020 жылғы егін егу жоспарын толығымен орындамаған. Мәселен, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Кордай, Шу аудандары майлы дақылдарды жоспарға сай сеппепті. Қордай, Талас, Шу аудандары қант қызылшасын, Тараз және Жуалы аудандары картоп өнімін толық екпеген. Десе де, дәнді және бұршақ, жеміс-жидек, жемшөп дақылдарын егу жоспары асыра орындалған.

Кейбір аудандарда ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту қажет. Сонымен қатар, барлық салаларда суды үнемдейтін технология толық енгізілмеген.

Баяндамашы агроқұрылымдағы өзекті мәселелерді шешу бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Ол ауыл шаруашылығы ұйымдарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау туралы айта келе, биыл басым бағыттағы дақылдар өндіруге және минералды тыңайтқыштар сатып алуға шығындарды өтеуге субсидия бөлінгенін мәлімдеді.

Е.Күлкеевті тыңдап болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атқарылып жатқан жұмыстардың көңіл көншітпейтінін айтты. Оның пайымдауынша, егістік алқаптарын ұлғайту, ресурстарды үнемдейтін технологияларды енгізу, жемістер мен көкөністерді өсіруге инновациялық технологияларды тарту арқылы егістік жерлерді ұтымды пайдалану жөнінде нақты шаралар қабылданбаған.

- Ауыл шаруашылығы - аймақтық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Біздің басты мақсатымыз - импортты азайтып, аймақты өзінің азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету. Бұл үшін біздің облыста барлық жағдай мен мүмкіндіктер бар, тек әкімдер мен тиісті басқарма әлі бірлесіп жұмыс істей алмай жатыр, - деді облыс әкімі жауапты мамандардарға.

Бердібек Сапарбаевтың пікірінше, егістік алқаптарының деніне тиімді дақылдарды орналастыру қажет.

- Жамбылдың құнарлы жері өзімізді ғана емес, сонымен қатар көршілес облыстарды көкөністермен, жемістермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді аймақ басшысы. 

Тек әкімдер осы бағытта қарқынды жұмыс істеуі керек. Бердібек Сапарбаев сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту, егістік жерлер мен су ресурстарын тиімді пайдалану туралы тапсырма берді.

"Тараз" ӘКК" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Олжас Каржауов аймақта "Агромашхолдинг" АҚ-мен бірлесіп ауылшаруашылық техникаларын жаңарту бойынша жаңа жоба іске қосылып жатқанын айтты. Осы жылдың соңына дейін 100 бірлік техниканы, келесі жылы 500 техниканы жаңарту жоспарлануда.

Бердібек Сапарбаев бұл жобаны қолдап, даму институттарымен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысына ара шаруашылығы, балық аулау, жеміс-жидек кластерін дамыту, сүт және ет өнімдерін шығару бойынша идеялар ұсынуды міндеттеді.

 

Өзгелердің жаңалығы