Бас жаңалықтар
Киік қырғыны: Мемлекетке келтірілген 1,1 млрд теңге шығынның 12 млн-ы ғана өндірілген
04 Сәуiр 2019, 16:52 689

Киік қырғыны: Мемлекетке келтірілген 1,1 млрд теңге шығынның 12 млн-ы ғана өндірілген

БҚО, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен Өңірлік коммуникациялар қызметінде 2017-2018 жылдарда киікті заңсыз аулауға қарсы іс-қимыл және табиғатқа келтірілген шығынды қайтару мәселелері бойынша брифинг өтті.

Киіктерге заңсыз аңшылық жасағаны және олардың дериваттарымен заңсыз айналысқаны үшін 88 (2017 жылы – 33, 2018 жылы – 55) тұлға сотталып, 7 (0/7) тұлға бас бостандығынан айырылды, 79 (33/46) тұлғаның бас бостандығы шектелді және 2 (0/2) тұлғаға айыппұл салынды.

Браконьерлерден киіктің 616 төшкесі мен 955 мүйізі алынып, 25 мылтық, 1 205 оқ-дәрі, 18 пышақ пен 19 қолара жойылды.

Мемлекет пайдасына 14 автокөлік, 3 қаршана мен 1 квадроцикл тәркіленді.

Мемлекетке барлығы 1,1 млрд теңге залал келтіріліп, сот орындаушылармен 12 млн теңге өндірілді.

Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде сот орындаушылармен 13 автокөлікке және 15 жылжымайтын мүлікке тыйым салынды, сондай-ақ тиісті мәжбүрлеп өндіру шаралары қабылданды.

Прокуратураның нұсқауымен Әділет департаменті «Атқарушылық өндіріс және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңының 55-бабына сәйкес тыйым салынған мүлікті бағалау және сату шараларын қабылдауда.

Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрықтарына сәйкес бір бас киіктің құны 3,7 млн теңгені құрайтынын естеріңізге саламыз.

Облыс прокуратурасының қызметкерлері уәкілетті органдармен бірлесіп киікті аулауға қарсы іс-қимылды және оның профилактикасын жалғастырады.

Киікті заңсыз аулағаны және олардың дериваттарымен заңсыз айналысқаны үшін Қылмыстық кодекстің 337 және 339-баптарымен қылмыстық жауапкершілік және жеті жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы көрсетілгенін ескертеміз.

Загрузка...