Кибербуллинг. Көзге көрінбейтін дертті қалай ауыздықтаймыз?

2 Қазан 2021, 10:09
15525
Бөлісу:
Кибербуллинг. Көзге көрінбейтін дертті қалай ауыздықтаймыз?
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ғаламтор адамзат қол жеткізген жетістіктердің бірі. Дегенмен оның да жағымсыз тұстары көп. Соңғы кездері әлемнің түкпір-түкпірінде көзге көрінбейтін кибербуллинг деп аталатын дерт белең алуда. Бұл дерт жас талғамай, балаларды да, ересектерді де шарпып жатыр. Ал оны дер кезінде анықтамаса, өкінішке қарай, түбі суицид тәрізді қайғылы жағдайларға әкеледі. Кибербуллингпен қалай күресеміз? Балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша қандай заңнамалық шаралар қабылданып жатыр? Осы ретте ҚР АҚДМ БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Зарина Баяновамен әңгіме өрбіттік.

- Биыл елімізде Адам құқықтарын, азаматтарды қорғау бойынша қандай шаралар қолға алынды?

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша елде адам құқықтарын қорғау, демократиялық қоғам құру және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізу бөлігінде кең ауқымды саяси реформалар іске қосылды. Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңның қабылдануын, жала жабуды қылмыстық сипаттан арылтуды, Қылмыстық кодекстің жекелеген баптарын ізгілендіруді, әйелдер мен жастар үшін 30% сайлау квотасын енгізуді, сондай-ақ Қазақстанның өлім жазасын жою туралы факультативтік екінші хаттамаға қосылуын атап өту қажет.

Бүгінгі күні мемлекеттік органдар адам құқықтарын қорғау саласындағы өз міндеттемелерін мақсатты және үдемелі іске асыруды жалғастыруда.

«Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы» ҚР Президентінің жарлығына сәйкес ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспары (бұдан әрі – жоспар) бекітілді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жоспарды орындау шеңберінде діни заңнамаға жекелеген «нақты» өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Мәселен, дін саласындағы заңнаманы жетілдіру және оңайлату шеңберінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы ҚР заңына өзгерістер енгізу жоспарлануда. Бұл өзгерістер «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізу үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне жіберілді.

Сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс заң шығару жұмысының 2021-2026 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспарына сәйкес жүргізілуде. Тұжырымдама негізінде 2023 жылы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР заңын жаңа редакцияда қабылдау көзделуде.

Заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» заңдардың ережелерін біріктіру жоспарланған. Нәтижесінде «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңды жаңа редакцияда қабылдап, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңның күшін жою жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Заң жобасы қоғамдық бақылау жүйесін қалыптастыру және азаматтық қатысу үшін мемлекеттің барынша ашықтығын қамтамасыз ететін қоғамдық бақылауды жүзеге асыру процесін құқықтық регламенттеуге жағдай жасауды көздейді. 

- Жалпы құқықтық жағынан Қазақстанда әйелдер аз қорғалған. Мәселен отбасындағы агрессорларға қатысты арнайы шара жоқ. Ал қылмыстық кодексте әйелдерді сексуалдық қолсұғушылықтан қорғайтын заң қарастырылмаған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, сексуалдық зорлық-зомбылық туралы заңға өзгерістер енгізіле ме?

Қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының бастамасы бойынша отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша заң жобалары әзірленуде.

Заң жобалары кодекстерге, бірнеше заңға, оның ішінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Заң жобалары ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы жұмыс тобы отырыстарында кеңінен талқыланатын болады.

Сонымен қатар министрлік тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша гранттық жобаларды тұрақты түрде іске асыруда.

Осылайша биылғы жылы гранттық қаржыландыру шеңберінде «Қазақстанның тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері институты» қоғамдық қорымен бірлесіп «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс істеу бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру» жобасы іске асырылуда.

Жобаның қорытындысы бойынша дағдарыс орталықтары қызметінің стандарты және Дағдарыс орталықтары мен НҚА қызметін жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірленетін болады. 

Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 350-ден астам әйел мен 150 бала мамандардың білікті көмегін алады деп болжануда. Қазіргі уақытта жоба шеңберінде азаматтық хал актілерін тіркеу мамандары, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ медиаторлар, психологтар үшін 1479 адамды қамти отырып, 11 тренинг өткізілді. Білім беру ұйымдарында 1132 адамның қатысуымен саналы ана, әке болу мәселелері бойынша 10 дәріс және семинар өткізілді.

Бұдан басқа республикалық жобалық кеңсе құрылды, ұзақ мерзімді негізде ынтымақтастық туралы 31 меморандумға қол қойылды, психологтарға 205 консультация берілді.

- Қазір белең алып келе жатқан кибербуллингпен қалай күресеміз? Балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша қандай заңнамалық шаралар қабылданып жатыр?

Бүгінгі күні министрлік кибербуллинг мәселелерін заңнамалық реттеу бойынша тиісті рәсімдік жұмыс жүргізуде.

2020 жылғы 1 қыркүйекте Президент Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша заңнамалық шаралар қабылдауды» тапсырған еді. Бұл тапсырма Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарға енді.

Бүгінде аталған тапсырманы орындау аясында Үкімет түзетулер пакетін әзірледі. Онда осы мәселені Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы шеңберінде реттеуге бағытталған және келесі түзетулер топтамасы қарастырылуда:

- «БАҚ туралы», «ҚР Бала құқықтары туралы», «Білім туралы», «Байланыс туралы», «Ақпараттандыру туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

- «буллинг/кибербуллинг» ұғымы енгізіледі. Онда буллинг пен қудалаудың тең ұғымдар екені, онда бір адам немесе тұтас топтың кемсіту сипатындағы әрекеттерге тап болатыны жазылады. Бұл ретте осы тұлғалар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарын қолданған жағдайда бұл іс-қимылдар кибербуллингке жататын болады.

- Білім және ғылым министрлігіне Білім беру процесіндегі қудалаудың (буллингтің) алдын алу қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыреті беріледі;

- Әлеуметтік желілер (онлайн-платформа) мен мессенджерлер (лездік хабар алмасу сервисі) үшін ұғымдар, сондай-ақ ҚР аумағындағы шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қызметін реттейтін норма енгізілуде;

- Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асыру үшін шетелдік онлайн-платформаның немесе жедел хабарламалармен алмасу сервисінің меншік иелері және (немесе) өзге де заңды өкілдері заңды тұлғаны міндетті мемлекеттік тіркеуді немесе шетелдік заңды тұлғалардың филиалын (өкілдігін) есептік тіркеуді жүргізеді деп көзделуде;

- Шетелдік онлайн-платформа немесе лездік хабар алмасу сервисі өкілдігінің басшысы тек ҚР азаматтары бола алатындығы анықталды. «БАҚ туралы» заңның 7-бабының 2-1-тармағына сәйкес редакцияның бас редакторы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар бола алмайды. «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның 18-1-бабында шетелдік теле -, радиохабар тарату өкілдеріне де осындай талаптар белгіленген. Бұл талаптар БАҚ-тың барлық түріне қойылады. Өйткені бұл адамдар елдің ерекшелігін, жалпы жағдайды білуі және біздің мемлекетіміздің тілін білуі керек;

- шетелдік онлайн-платформа БАҚ саласындағы уәкілетті органнан нұсқама алғаннан кейін жиырма төрт сағаттан аспайтын уақыт ішінде оны Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын бұзатын ақпаратты жою не Қазақстан Республикасының аумағында оның таралуын шектеу шараларын қолдану арқылы орындауға міндетті;

- заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу немесе шетелдік заңды тұлғалардың филиалын (өкілдігін) есептік тіркеу рәсімін жүргізуді 6 айға кейінге қалдыру мерзімі белгіленген;

- егер шетелдік онлайн-платформа, жедел хабарламалармен алмасу сервисі филиалды (өкілдікті) міндетті мемлекеттік тіркеу рәсімін жүргізбесе, онда осы ресурстардың қызметі ҚР аумағында шектеледі.

Түзетулерді әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе егжей-тегжейлі зерделенді, оның қорытындысы бойынша әлемдік қоғамдастық осы саланы заңнамалық реттеуге әрекет жасап жатқаны анықталды. Мысалы, Еуропаның кейбір елінде (Германия мен Франция), ТМД елдерінде (Ресей Федерациясы мен Өзбекстан) жергілікті заңнаманың ерекшелігін ескере отырып, интернет кеңістікті құқықтық реттеу бойынша нормалар қабылданды. Сондай-ақ Еуропа, Азия, Оңтүстік және Солтүстік Америка елдерінде интернет кеңістігін, соның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді заңнамалық реттеу бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтеміз.

Бүгінгі таңда Ресейдің барлық негізгі әлеуметтік желісімен – «ВКонтакте», «Одноклассники» сындарлы өзара іс-қимыл орнатылды. «Mail.ru», «Livejournal», «Facebook» және «Instagram» компанияларының, «Telegram» мессенджерінің өкілдерімен жұмыс байланыстарын жолға қоюдың сәті түсті.

Аталған интернет-компаниялардың өкілдері жалпы алғанда халықаралық құқық пен Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзатын құқыққа қарсы контентті жою мәселелеріндегі ынтымақтастық туралы ұсыныстарды түсіністікпен қабылдайды және практикалық өзара іс-қимыл шеңберінде көптеген жағдайда терроризмді, экстремизмді, суицидті, порнографияны насихаттайтын, есірткі құралдарын онлайн-сатумен айналысатын және т. б. материалдарды алып тастайды.

- Заңнамалық шаралар балалар мен жасөспірімдерді кибербуллингтен қалай сақтандырады? Ғаламтордағы кибербуллинг үшін қандай да бір жаза қарастырылған ба?

Қолданыстағы заңнамада жала жабу, қорлау, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу және т. б. түріндегі әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қолданылады.

Алайда заңсыз әрекеттерді құқықтық бағалау және саралау негізінен құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады.

Осыған байланысты, әлеуметтік желілерде кибербуллинг жағдайлары туындаған кезде өздеріне қатысты құқыққа қарсы әрекеттер жасалатын тұлғалар не олардың заңды өкілдері әлеуметтік желілерде қудалау фактілері бойынша құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгінуге құқылы.

Осы өтініш негізінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық теріс қылықтың біліктілігі мен құрамын айқындайды.

Егер буллинг интернет кеңістікте өтетін болса, онда жәбірленушінің өтініші негізінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері уәкілетті органның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібі шеңберінде біздің министрлікке азаматқа қатысты кибербуллинг фактілері туралы хабарламамен жүгінеді.

Бұл ретте заң жобасы қабылданғаннан кейін әлеуметтік желілерде құқыққа қарсы хат алмасуды жедел жою мақсатында әлеуметтік желілерде өзіне қатысты қудалауға ұшыраған азамат министрлікке бір мезгілде жүгінуге құқылы болатынын атап өтеміз.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінен немесе азаматтан келіп түскен өтініш негізінде министрлік құжаттарда көрсетілген фактілерді растау үшін әлеуметтік желілерге тексеру жүргізеді, кибербуллинг фактілері анықталған жағдайда, әлеуметтік желілерге құқыққа қарсы ресурсқа қолжетімділікті шектеу не оны жою жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы нұсқама дайындайды.

Бұдан басқа қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мемлекеттік органдармен бірлесіп буллингтің (кибербуллингтің) таралуының алдын алу бойынша тетіктерді қосымша қарайды және пысықтайды.

- Ата-ана кибербуллингтен зардап шеккен баласына қалай көмектесе алады? Оларға киберқауіпсіздік бойынша консультативтік кеңес беріле ме?

Біріншіден, ата-ана интернет желісінде өз баласына қатысты кибербуллинг фактілерін анықтаған жағдайда, ол дереу құқық қорғау органдарына барлық фактіні көрсетіп, өтінішпен жүгінуі тиіс.

Қазір ҚР заңнамасы буллингтің бірнеше түрін бөліп көрсетеді. Бұл - жала, қорлау, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу және т.б. Бірақ бұл қылмыстық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жеке, жеке-жария сипатқа жатады. Сондықтан аталған істерді қарау буллинг жүріп жатқан адамның не оның заңды өкілінің мәлімдемесінен кейін ғана басталады.

Осыдан кейін уәкілетті органдар зардап шеккендерге білікті көмек көрсете алады, сондай-ақ заңсыз әрекеттерге қатысы бар адамдарды таба алады.

Екіншіден, қазір ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша білім беру мекемелерінде 7 мыңнан астам психолог жұмыс істейді. Сонымен қатар тегін кеңес беретін психологиялық қызметтер құрылады. Сондықтан консультативтік психологиялық көмек көрсету мәселесін түсіндіру үшін Білім және ғылым министрлігіне жүгіну қажет.

- Қазір - әлеуметтік желінің заманы. Балаларға әлеуметтік желіде уақытын қауіпсіз өткізу үшін цирфлық білімін арттыру жөнінде арнайы шара қолдану қажет емес пе? Әлеуметтік желілерде жеке ақпаратыңды өзіңе қарсы қолданып, манипуляция жасамауы үшін не істеу керек? 

Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар адам өміріне терең еніп жатыр. Сондықтан Қазақстанда, бүкіл әлемдегі сияқты, интернет кеңістігін, атап айтқанда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді заңнамалық реттеу қажеттілігі пайда болды.

Біз халықаралық тәжірибені зерделейміз, әлемдік қоғамдастықтағы қандай да бір трендтерге қараймыз. Сонымен қоса қазір медиа-сауаттылық пен жалған ақпаратпен күрес танымал бола бастады. Мысалы өткен жылы министрлік жалған ақпараттың таралуына жол бермеу мақсатында «Stopfake.kz» сайтын іске қосты.

Соңғы онжылдықта медиа сауаттылық бүкіл әлемде дәстүрлі мектеп тақырыбына айналды. Мәселен, қазір халықаралық тәжірибе негізінде мектептерде медиасауаттылық сабақтарын енгізу тетігі зерделеніп жатыр.

Сонымен қатар кибербуллингтің құрбаны болмау үшін медиа сауаттылықтың жеке деңгейін арттыру қажет. Медиа-сауатшы сенімді ақпарат көздерін ажырата алады, медианың мәдениеттегі рөлін анықтайды және әртүрлі медиа платформалар арасында ауысып, бұқаралық ақпарат құралдарының әсерін түсінуге жауапты болады.

Қазір пилоттық режимде бір елордалық мектептің базасында медиабілім курсы апробациядан өтуде. Апробациядан кейін оң нәтижелер алу шеңберінде білім беру ұйымдарында осы курсты жаппай енгізу туралы мәселе қаралатын болады. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы