ХҚКО жабық. Карантин кезінде қызметтерді қалай алуға болады?

16 Сәуір 2020, 10:25
5140
Бөлісу:
ХҚКО жабық. Карантин кезінде қызметтерді қалай алуға болады?
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Карантин кезінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының барлығы жабық. Алайда адамдардың өмірінде түрлі жағдайлар болып жатады: адамның бақилық болуы, сәбидің дүниеге келуі және күнделікті қажеттіліктер.

"Карантин жағдайында туу туралы куәлікті қалай алуға болады?", "Адамның қайтыс болғаны туралы куәлікті қалай рәсімдеуге болады?", "Карантин кезінде жаңа жеке куәлікті немесе жүргізуші куәлігін алуға бола ма?", "Зейнеткерлік жасым келуіне байланысты зейнетақымды қалай рәсімдеймін?", "Жеке куәлігімнің мерзімі бітті, әлеуметтік төлемдерді ала аламын ба?" деген сынды сұрақтар оқырмандардан көптеп түсуде.

Осындай сұрақтарға жауап іздеп, "Азаматтарға арналған үкімет" Мемелекеттік корпорациясы" КЕАҚ Алматы қалалық филиалы баспасөз қызметінің басшысы Жаңыл Әпетовамен сұхбаттасқан едік.

Жаныл-2.jpg

- Бүгін мемлекеттік қызметтің басым бөлігін онлайн алуға болатынын әрбір тұрғын біледі. Бірақ бұрын электрондық үкіметпен қатар, ХҚКО да жұмыс істеп тұрды. Барлық мәселелерімен және қиындықтарымен адамдар сол жерге жүгінетін. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан барлығы egov.kz порталынан қызмет алуды шұғыл түрде игеруде. Жүйе жұмысының қыр-сырын үйрену үшін азаматтарға қайда жүгіну қажет?

- Елімізде қызмет алушылардың мәселелерін дереу шешу мақсатында арнайы Call-орталық ашылған болатын. Аталған орталық 1414 нөмірі бойынша азаматтардың қоңырауларын қабылдайды. Қазіргі таңда 2,5 мың фронт-офис операторы телефон арқылы кеңес беруді үйренді. Алматы қаласы бойынша 150-ден астам филиал қызметкері тұрғындардың онлайн қызмет алу бойынша мәселелерін шұғыл шешуге көмектесуде.

- Қазір елде төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Жұмысы уақытша тоқтап, табысынан айырылған халықты үкімет тарапынан берілетін 42500 теңгені алу мәселесі алаңдатып отыр. Осы мәселе бойынша күніне қанша өтініш келіп түседі?

Ел ішіндегі өзекті болып отырған мәселелердің бірі - 42500 теңге мәселесі. Еңбек министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры растап, тағайындағанмен, Азаматтарға арналған үкімет Әлеуметтік блогының қызметкерлері құжаттар мен өтініштерді әзірлеп, төлемақыларды азаматтарға аударып отырады. Сонымен қатар, аталмыш жұмыстар айтарлықтай жауапкершілікті де жүктеп отыр.

Алматыдағы Call-орталыққа қазіргі кезде 8-9 мыңға жуық қоңырау түседі. Бастапқы кезде күніне 5-6 мың қоңырау түсетін. Қазір операторларға жүгінушілер саны артпаса, кеміген жоқ. Оның көпшілігі 42500 теңгеге байланысты сұрақтармен хабарласады. Жақында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы 42500 теңгені алудың тағы бір жолы - Телеграм-бот қосымшасын іске қосты. Өтініш берушілер саны да артып, біздің операторларға жүгінетіндер саны да артты. Басында "қалай аламын?" деп қоңырау соғатындар, енді "өтініш жіберген едім, қашан аламын?" деп қоңырау соғуда.

Ал бейне қоңырау операторларына 3,5 мыңнан аса қоңыраулар түседі. Олардың барлығы дерлік электрондық сандық қолтаңба (ЭСҚ) алу, Еgov mobile-ға тіркелуге жүгінетіндер.

- Бейнеқоңырауларға жауап беретін онлайн-операторлар бар деп отырсыз, солардың жұмысы жайлы айтып бересіз бе?

- Филиалда 1414 Call-орталығының операторларынан басқа, бейне қоңырауларға жауап беретін онлайн-операторлар да бар. Алматыда ондай 50 оператор жұмыс істеп жатыр.

Бүгінгі күні ЭЦҚ көмегімен барлық мемлекеттік қызметтердің 80%-ын алуға болады. Сондықтан азаматтарға ыңғайлы болу үшін жақында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) онлайн алу сервисі іске қосылды. Карантинге байланысты көптеген азаматтар мемлекеттік қызметтерді үйде алу үшін Мобильдік азаматтар базасында тіркелуі немесе ЭЦҚ-сы болуы тиіс. Ал тіркелгенде олардың сәйкестендіру рәсімін растау үшін Алматыда 50 оператор жұмыс істейді. Егер азаматтың телефон нөмірі Мобильдік азаматтар базасында тіркелмеген жағдайда, жүйе оны ХҚКО операторымен байланыстырады, ол азаматты бейнебайланыс арқылы сәйкестендіреді, бірқатар қосымша сұрақтарға, яғни құжаттардың деректерін, тіркеу орнын және тағы басқа сұрақтар қояды.

2.png

- Қызметтердің басым бөлігін электрондық үкімет порталынан ЭЦҚ арқылы ғана алуға болады. Адамның электрондық цифрлық қолтаңбасы жоқ болған жағдайда не істеу керек?

- ЭЦҚ-ны үйден шықпай-ақ алуға болады. Бұл жағдай азаматтар төтенше жағдай кезінде ХҚКО-ға бармай-ақ алуы үшін жасалды. ЭЦҚ алушыны сәйкестендіріп, азаматты растау үшін фото (селфи) жасау керек болады және өзінің жеке куәлігін жүктеп, видеобайланыс арқылы қосылған ХҚКО қызметкерінің бірнеше сұрағына жауап беруі керек. Жақында заңды тұлғаларға да ЭЦҚ-ны онлайн алу мүмкіндігі іске қосылды.

Онлайн режимде ЭЦҚ қалай алуға болатындығы туралы арнайы нұсқаулық әзірленген. Жүзеге асыратын іс-әрекеттер алгоритмі egov.kz порталында толығырақ жазылған. Бұл тақырыпқа арнайы үйрету бейнероликтері де бар. Бар болғаны egov.kz порталына кіріп, "ЭЦҚ қашықтықтан алу" бөліміне өту қажет. Ары қарай нұсқаулық бойынша іс-әрекет жасайсыз. Ол үшін: веб-камерасы бар және ғаламторға қосылған компьютер, телефон қажет. Заңды тұлғаларға ЭЦҚ алу мысалын келтіре кейтейін.

Заңды тұлғаларға арналған онлайн ЭЦҚ.

Еgov.kz сайтына кіріп, "ЭЦҚ қашықтықтан алу" бөліміне өту қажет немесе https://egov.kz/cms/ru/services/pass_onlineecp сілтемесі арқылы өтуге болады.

Заңды тұлғаға ЭЦҚ алу үшін:

1. Қазақстанның азаматы болу;

2. Веб-камерасы мен ғаламторы бар ноутбук немесе компьютері болу;

3. ЭЦҚ қолдану үшін компьютерге NCAlayer бағдарламасын орнату;

4. Өзіңізбен бірге жеке куәліктің түпнұсқасы және сапалы фотокөшірмесі болуы шарт.

ЭЦҚ-ны онлайн алу қызметі:

1. "Қызметті онлайн алу" тетігін басасыз;

2. "Заңды тұлға" белгісін таңдайсыз;

3. Ары қарай өзіңізге қажет шаблонды табасыз;

4. Егер сіз фирманың бірінші жетекшісі болсаңыз, онда фирманың БСН-ын енгізу керек;

5. Егер сіз қол қою құқығы бар қызметкер болсаңыз, онда қосымша сіздің ЖСН-іңізді енгізу қажет болады.

6. Осыдан кейін "Өтініш жіберу" хабарламасы шығады.

Мобильді азаматтар базасында (МАБ) тіркелмеген жағдайда:

1. Парақшаның төменгі оң жақ бөлігінде орналасқан "Kenes" виртуалды ассистентке басып, тіл таңдайсыз;

2. Ассистенттің төменгі панелінде орналасқан видеокамера суретіне және "Видеоқоңырау" тетігіне басасыз;

3. Видеоқоңырауды қабылдаған соң оператор сізден жеке куәлігіңізді көрсетуді, ЖСН, телефон нөмірі мен SMS-код сұрайды;

4. МАБ сәтті тіркелгеннен соң, Еgov.kz порталындағы парақшаны жаңарту қажет;

5. Қайталап БСН (егер сіз бірінші жетекші болмасаңыз ЖСН), сонымен қатар бірреттік құпия сөзді енгізу қажет.

Егер сіз Мобильді азаматтар базасында тіркеліп қойған болсаңыз:

1. Сіздің телефоныңызға 1414 нөмірінен бірреттік құпия сөзбен SMS хабарлама келеді, сізге оны енгізу қажет болады;

2. Ары қарай сіз ЭЦҚ алуға өтесіз. Қашықтықтан сәйкестендіру парақшасы ашылады;

3. https://egov.kz/%E2%80%A6/novaya_instrukciya_na_egov_po_udalennoy_i%E2%80%A6 сілтемесі арқылы өтеміз;

4. Тұлғаны фото және видео арқылы растау керек (8-ден 21-ге дейінгі тармақтарды қарау қажет, 4-9 беттер);

5. Қолдану келісімімен танысып, оны растау керек болады;

6. Өтініш беру формасына электрондық поштаны көрсету керек.

3.png

- Мемлекеттік органдарға онлайн жүгінуге болады дейді. Оның тәртібі қалай?

- Ия, егер сіз өзіңіздің ұсынысыңызды немесе өтінішіңізді мемлекеттік органдарға жібергіңіз келсе, Электрондық үкімет порталынан онлайн жолдауға болады.

Ол үшін:

1. Порталға кіру керек;

2. "Электронды жүгіну" қызметін таңдайсыз;

3. Ұсынылған фирманы толтыру қажет;

4. ЭЦҚ растайсыз;

5. Мемелкеттік органға жолдайсыз.

Өтініштің жағдайын жеке кабинеттен анықтай аласыз. Бұл жерде сіз мемлекеттік органға жеткендігі туралы хабарламадан бастап, өтінішке берілген дайын жауапқа дейін құжаттың барлық процесін бақылай аласыз.

Өтінішке берілетін жауаптың мерзімдері мәселенің күрделілігіне байланысты болады. Қосымша анықтаулар мен тексерістерді қажет еткен жағдайда, қарастыру мерзімі отыз күнтізбелік күнге дейін ұзартылуы мүмкін, ол туралы жеке кабинетке қосымша хабарлама жіберілетін болады.

- Мысалы, адамның жеке куәлігінің мерзімі аяқталды. Құжатты ТЖ кезінде ауыстыруға болады ма?

- Егер жеке куәліктің ескі нұсқасының жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда (чипсіз), онда электрондық портал арқылы ауыстыруға болады. Ол үшін сайтта тіркеліп, "Азаматтық, көші-қон және иммиграция" бөліміне өту қажет болады, ары қарай "ҚР паспорты және жеке куәлігі" бөліміне өтесіз де, "Қызметті онлайн алу" тетігін басасыз.

Кейін, өтінішті толтырып, ЭЦҚ-ны растау керек. Өтінішке:

• сурет;

• қолтаңба үлгісін тіркейсіз.

Одан соң электрондық үкіметтің төлемдер шлюзы парақшасындағы "Төлеу" тетігін басып, төлем жасайсыз.

Жеке кабинетте (Қызметтерді алу тарихы) сіздің өтінішіңізді өңдеу шарттары туралы хабарламамен танысу қажет болады, ол көрсетілген уақыт ішінде келіп түседі.

Бірақ естеріңізде болсын, бұл қызметті тек қана чипсіз құжатты жаңа үлгідегі құжатқа ауыстырған жағдайда ғана алуға болады. Басқа жағдайда еліміздегі төтенше жағдай кезінде қызметті алуға мүмкіндік жоқ. Төтенше жағдай мерзімі аяқталғанын күту керек, тек содан кейін ғана жаңа құжатты рәсімдей аласыз. ТЖ кезінде мерзімі өтіп кеткен жағдайда айыппұл салынбайды.

4.png

- Туу туралы куәлікті қалай рәсімдеуге болады?

- Баланың дүниеге келгенін тіркеу үшін мына іс-әрекеттерді жасау керек:

Еgov.kz-тің басты парақшасы > "Азаматтарға" бөлімі > "Отбасы" бөлімі > "Отбасылық жағдайы" > "Баланың туылғанын тіркеу, сонымен қатар азаматтық жағдайы актісі жазбаларына толықтырулар, қосымшалар мен өзгерістер енгізу".

Одан кейін:

- "Қызметтерді онлайн алу" тетігін басу;

- Өтінішті толтырып, оны ЭЦҚ-мен растау керек (ЭЦҚ) немесе СМС-паролі арқылы (ол үшін туылғаны жөніндегі медициналық анықтаманың сканерленген нұсқасы қажет);

- Жеке кабинетте ("Қызметтерді алу тарихы" бөлімінде) сіздің өтінішіңізді өңдеу жағдайы туралы хабарламамен танысу қажет;

- Дайын құжатты алуға осы хабарламада көрсетілген мерзімде ТЖ кезіндегі құжаттарды беру терезесіне бару керек. ТЖ кезінде Жандосов көшесі, 51 мекенжайында орналасқан Әуезов аудандық ХҚКО жұмыс істеуде. Өзіңізбен бірге: баланың туылу туралы медициналық анықтама, некені қию туралы куәлік, ата-анасының жеке куәліктері болуы шарт.

- Жүктілік пен босануға байланысты төлемақыны онлайн рәсімдеуге бола ма?

- Болады. Ол үшін "Электронды үкімет" порталына кіріп, "Әлеуметтік қамтамасыз ету" бөлімін таңдайсыз, кейін "Отбасыларға көмек" - "Әлеуметтік қауіптерге байланысты әлеуметтік төлемдерді тағайындау: еңбекке қабілеттілікті жоғалту, асыраушыдан айырылу, жұмысты жоғалту, жүктілік пен босануға, жаңа туылған баланы асырап алуға, бір жасқа жеткенге дейін балаға қарауға байланысты табыстан айырылу" дегенді таңдайсыз.

Ары қарай, "Қызметті онлайн алу" тетігін басасыз. Кейін жүктілік пен босануға, жаңа туылған баланы асырап алуға, бір жасқа жеткенге дейін балаға қарауға байланысты табыстан айырылу туралы уақытша еңбекке қабілетсіздік қағазын; банктік операциялардың жеке түрлерін жүзеге асыратын банктар немесе ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі туралы қағазды немесе түзету жасайтын мекемелердегі қаржыны бақылау шотын тіркейсіз. Одан кейін өтінішті толтырып, ЭЦҚ-мен растау ғана қалады.

"Жеке кабинетте" ("Қызмет алу тарихы" бөлімінде) өтінішіңіздің өңделу жағдайы туралы хабарламамен танысуға болады, ол көрсетілген мерзім ішінде келіп түседі.

- Қайтыс болғаны туралы куәлікті онлайн рәсімдеуге болады ма?

- Ия, болады. Ол үшін egov.kz порталына кіріп, "Басты" > "Азаматтарға" > "Отбасы" > "Отбасылық жағдай" > "Адамның қайтыс болғанын тіркеу, сонымен қатар азаматтық жағдай актісі жазбаларына өзгертулер, қосымшалар мен толықтырулар енгізу". Кейін: "Қызметті онлайн алу" тетігін басу қажет;

- Өтінішті толтырып, туыстық қатынасы туралы құжаттарды тіркеу керек және оны электрондық цифрлық қолтаңбамен растайсыз;

- Дайын құжатты алуға осы хабарламада көрсетілген мерзімде ТЖ кезіндегі құжаттарды беру терезесіне бару керек. (ТЖ кезінде Жандосов көшесі, 51 мекенжайында орналасқан Әуезов аудандық ХҚКО жұмыс істеп жатыр), өзіңізбен бірге құжаттардың түпнұсқасы болуы шарт.

- Егер адам карантин мен ТЖ режимін енгізу кезінде көлік сатқан (сатып алған) болса, құжаттарды қалай тіркеу керек?

Ол үшін:

1. Еgov.kz порталына кіріп, "Қызметті онлайн алу" тетігін басасыз;

2. Өтінішті толтырып, көлікті сатып алушының ЖСН-ін енгізесіз;

3. Өтінішті ЭЦҚ-мен (ЭЦП) растайсыз;

4. Сатып алушы растау керек;

5. Жеке кабинетте көрсетілген қызметтің нәтижесімен таныса аласыз.

Еgov.kz порталында өтінішті келісу мен мемлекеттік баж салығын төлеу үшін автотранспортты сатып алушыда міндетті түрде ЭЦҚ болуы қажет екендігін есте сақтау керек.

Ары қарай мамандандырылған ХҚКО көліктің тіркелуі туралы жаңа куәлік пен нөмірді алуға бару керек болады. Хабарламада көрсетілген мерзімде Алматы қаласы, Майлин көшесі, 85 мекенжайындағы, ТЖ кезіндегі дайын құжаттарды беретін №2 Мамандандырылған ХҚКО-ға бару керек. Жұмыс уақыты таңғы 9.00-ден 17.00-ге дейін, сенбі күні 9.00-ден 14.00-ге дейін жұмыс істейді. Өзіңізбен бірге мемлекеттік баж салығы мен алымдардың төленгені туралы түбіртек, транспортты тіркеу актісі, электронды келісімнің қағаз жүзіндегі нұсқасы және ескі нөмір мен техпаспорт болуы керек.

Нәтижесінде сіз көлікті тіркеу туралы куәлік пен жаңа нөмір аласыз.

Айтқандай, өтініш бергенде дайын құжаттарды пошта арқылы үйге жеткізуге де тапсырыс бере аласыз. Ол кезде, мамандандырылған ХҚКО-ға барудың қажеті болмайды.

Егер сатушы мен сатып алушы басқа қалада немесе басқа елде болса, қызметті пайдалану өте тиімді.

1.png

- Кейбір азаматтардың зейнетақы рәсімдеу уақыты төтенше жағдай уақытына тұспа-тұс келіп жатады. Көпшілігі анықтамалар мен құжаттарды жинап қойған. Енді аталған қызметті онлайн рәсімдеуге бола ма?

- Иә, егер құжаттары жиналып дайын тұрса, рәсімдеуге болады. Ол үшін электрондық үкімет порталына кіру керек болады. Кейін кезек бойынша "Азаматтарға" > "Әлеуметтік қамтамасыз ету" > "Зейнетақылық қамтамасыз ету" > "Жасы келуіне байланысты зейнетақы тағайындау" бөлімдеріне кезекпен кіру керек. Сосын:

- "Қызметті онлайн алу" тетігін басу керек;

- Өтінішті толтырып, банк шоты нөмірі туралы құжатты тіркеу; өтініш берушінің еңбек өтілін растайтын құжаттар (еңбек кітапшасы, архивтік мекемелерден немесе жұмыс орнынан анықтама керек, егер қызметі туралы жазбалар енгізілмесе немесе өзгерістер болса);

- Өтінішті электрондық қолтаңбамен растау.

Қызметті онлайн алмастан бұрын барлық құжаттарды міндетті түрде "Азаматтарға арналған үкіметтің" маманы тексеруі қажет. Егер сіз мұндай тексеруді карантин енгізілгеннен бұрын өтіп қойсаңыз, онда қызметті онлайн рәсімдей берсеңіз болады. Егер құжаттарыңыз тексерілмеген болса, карантин мерзімі аяқталғанға дейін және ХҚКО жұмысының басталуын күтуге тура келеді.

Қазіргі таңда электрондық үкімет порталы арқылы онлайн қызметтерді алатындардың саны күрт өсті. Жүйеге де айтарлықтай жүктемелер артты, бұның бәрі портал парақшаларының ашылу жылдамдығына әсерін тигізуде. Уақытша ыңғайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ үйден шықпай, электрондық үкімет порталын пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға барлық жағдайды жасауда. Қызметтерді онлайн алу арқылы біз өзімізді және жақындарымызды қорғап, ортақ қауіпсіздікке өз үлесімізді қосамыз.

- Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!
Өзгелердің жаңалығы