Химиялық өңдеу толығымен жоспар бойынша аяқталады - АШМ

9 Шілде 2020, 16:45
931
Бөлісу:
Химиялық өңдеу толығымен жоспар бойынша аяқталады - АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапарбек Айдаров егістікті фитосанитарлық қорғау туралы айтты.

Маңызды іс-шараның бірі - егістікті фитосанитарлық қорғау. Өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуды ынталандыру үшін биыл 37 млрд теңге бөлінді. Бұл субсидия көлемі шамамен 16,6 млн литр пестицидті субсидиялауға мүмкіндік береді. Биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 15,2 млн га алаңында арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жоспарланды. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша химиялық өңдеу 10,7 млн га алаңда немесе жоспарланған алаңның 70% жүргізілді. Бұл ретте химиялық өңдеу толығымен жоспар бойынша аяқталады, - дейді Сапарбек Айдаров.

Оның айтуынша, Қазақстанда 1160 препарат тіркелген және пайдалануға рұқсат етілген. Оның ішінде 611-і гербицид екен.

Бүгінгі күні егіннің жағдайы облыстардың деректеріне сәйкес, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егістігінің жай-күйі 48% алқапта жақсы, 49% қанағатты және 3% нашар деп бағалануда. Бұл ретте егіннің жағдайы ауа райына байланысты. 2020 жылғы егін жинау туралы айтатын болсақ, елдің оңтүстік өңірлері - жаңа егін жинауға кірісті. Мәселен, Жамбыл және Түркістан облыстарында күздік дәнді дақылдарды жинау жұмыстары жүргізілуде. Ол жақта 93 мың га бидай және 26 мың га арпа орылды. Орташа өнімділігі - 17,0 ц/га, - дейді вице-министр.

Сапарбек Айдаров, сонымен қатар, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ол бұл ретте негізгі астық егетін облыстарда жаздық бидай егісінің түтікке шығу фазасына көшуі байқалады және аталған облыстарда астық жинау тамыздың ортасынан басталады деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы