Жыл сайын Хайнанға мыңдаған қазақстандық барады – елші

9 Қаңтар 2019, 09:50
1657
Бөлісу:
Жыл сайын Хайнанға мыңдаған қазақстандық барады – елші

Астана, baq.kz тілшісі. Қытайдың Хайнань провинциясына әлемнің 59 елінен туристер визасыз бара алады. Мұндай елдердің қатарында Қазақстан да бар.

Астанада Хайнань провинциясына визасыз саяхаттауға арналған арнайы жиын өтті. 

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоның айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үшін Хайнань провинциясы сүйікті демалыс орнына айналған.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үшін Хайнань провинциясы – сүйікті орын. Нұрсұлтан Әбішұлы 1997 жылғы демалысын алғаш рет осы провинцияда өткізді. Осы уақытқа дейін 4 демалысы осы жерде өтті. Сонымен қатар, қазақстандықтар үшін де провинцияның танымалдығы күрт өсті. Жыл сайын Қазақстаннан мыңдаған турист барады. Қытайдың өткен жылдың мамыр айында қабылдаған визасыз тәртібі 59 ел үшін, оның ішінде Қазақстан үшін өте маңызды және уақтылы болды. Өйткені бұл механизм Қазақстан азаматтарының сапарын айтарлықтай жеңілдетеді», - деді елші.

Дипломаттың айтуына қарағанда, Қытай басқа да провинцияларына визасыз режимді қолдануды қарастырып жатыр. Ал, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дүниежүзіндегі елдердің 38% үшін туризм елдің басты табыс көзі болып отыр.

«Қазақстан үшін Қытай - танымал, себебі шекара маңындағы ел. Менің ойымша, бұл провинцияда демалу айтарлықтай арзан түседі және ұшуға да өте жақын», - деді Мәдениет және спорт министрлігі Индустрия және туризм комитеті төрағасының орынбасары Меруерт Смағұлова.

Ведомство өкілі Қазақстанда қытайлық туристер үшін де қолайлы жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.

«Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген туристердің электронды визасына байланысты туристердің саны артады деп ойлаймыз. Бұл бағытта Сыртқы істер министрлігі тиісті шараларды қабылдайды. Қазақстандық тарап Қытай үшін визалық шектеулерді алып тастады. Мысалға, электронды виза болғанда, адам елшілікке келіп, сұхбаттасудан өтпейді. Ол тек тиісті форманы толтырады. Бізде топтық визалар да бар. Қазір қытайлықтардың тамақтануында қолайсыздық болмауы үшін, жалпы барлық жағынан ыңғайлы болуы үшін туроператорларды оқытып жатырмыз», - деп бөлісті ол.

Хайнанға визасыз тәртіпте кірудің ерекшелігі бар. Туристер жеке мәліметтерін туристік агенттіктерге Хайнань провинциясына кіруге 48 сағат қалғанға дейін беру керек. Атап айтқанда, екі жаққа әуе билеттері, қонақүй брондауы, Хайнань провинциясындағы саяхат маршруты. Визасыз режимге сәйкес, провинциядағы жергілікті туристік агенттіктер туристердің жеке мәліметтерін тиісті органдарға Хайнанға кіруіне 24 сағат қалғанға дейін өткізу керек. Сонда ғана визасыз тәртіппен кіруге болады.

Рахиля Бекназарқызы

Өзгелердің жаңалығы