Көкше жұртшылығы «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмін тамашалады

26 Наурыз 2019, 13:49
5851
Бөлісу:
Көкше жұртшылығы «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмін тамашалады
PHOTO
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы «Синема» кинотеатрында Рүстем Әбдірәшевтің «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмі көрсетілді.

Рүстем Әбдірәшевтің еліміз тарихына терең бойлап, тарихи мәлімет-деректерге сүйенген, танымдық маңызы зор, талғамды фильмдер- тарихи сериалдар ұсынуы тек бүгін емес. Ол бұған дейін де осы қырымен ерекшелеген. Бұл - сол іргелі жұмысының жалғасы. Талантты режиссер Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы бойынша тағы бір тамаша дүниесін алға тартты.

Көкше жұртшылығы «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмін тамашалады

Зиялы қауым өкілдері әуелі құнарлы, қанық ұлттық бояуы, кең құлашты ауқымы, тыныс тарылтпас кең құлашымен баурайтын екі сағаттық көркем фильм дамыған, экономикасы нық, болашағы зор, кемел елдің дүниесі екенін аңғартатынын айтады.

«Ішімізден, әлемнің қай түкпірінің көрермені болмасын осыны анық сезетін шығар деп түйдік. Ең алдымен фильм, әрине, әрідегі тарихи оқиғаларды көз алдымызға келтіріп, түсінікті баяндауымен қымбат. Осы оқиғалар тізбегі қым-қиғаш тартыс, сенімді әрекеттермен, серпінді сахналар, көз тоймас көріністермен ұсынылады. Еліміздің Досхан Жолжақсынов сияқты майталман өнер иелерімен жап-жас өрендердің тізе қоса жұмыс жасап, ертегінің батырларындай күн санап жетіліп, өсуі таң қалдырмай қоймайды. Шет елдік жұлдыздарға жармасатын ештеңе жоқ. Өзіміздің әр актеріміз алдына қойылған қандай міндетті болмасын жеріне жеткізе орындап шығар шеберлікке ие болыпты. Бәлкім, ұлт, тарих алдындағы жауапкершілік, жігіттік намыс та оларды алаулатқан шығар. Оны Бұрындық сұлтан, Қасым сұлтан рөлдеріндегі жігіттер ойыны дәлелдейді. Фильм тарихи оқиғалар өрбуін небір саяси шиеленістер, жекпе-жектер, ішкі ой тартыстары, психологиялық тебіріністер арқылы баурайды. Сол оқиға дамулары қым-қиғаш көріністермен алма-кезек ауысып, ынтықтыра түседі», - дейді ақын-жазушы Жабал Ерғалиев

Көкше жұртшылығы «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмін тамашалады

Ал, қазақ батырларының қару-жарағы, сауыт-сайманы, ат әбзелдері өз алдына бір әңгіме. Ол қыруар еңбек, ізденіс жемісі екені тағы даусыз.

Көкше жұртшылығы «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмін тамашалады

«Фильмді әркім әртүрлі қабылдар. Өзімізге аса ұнағаны – оның кейіпкерлерінің кесек, ұтымды уәждері, қанатты сөздері, орамды ойлары. Аз сөзді, терең ойлы, текті қазақ! Өйтпеске амал да жоқтай ау. Ел басына күн туған, ауа көшуге, жасанған жауға сәт сайын дайын тұруға, кеудені оққа тоссаңда ел мұратын ойлауға бас тіккізген заман. Сол қысталаңнан жол тапқан мәрт тұлғалар. Біздің кешегіміз, біздің ата-бабамыз. Еліміз осылай байрағын көтерген, осылай жерімізді сақтаған, бізге аманаттаған. Оңайлықпен келген олжа емес- тәуелсіздік! Осыны біл, зерделе, босаңсыма, текті жұрттың ұрпағы! Фильм осылай ой кештіреді. Әсіресе, жас ұрпақтың мұндай мазмұнды туындыны мұқият қарап, тебірене талқылағаны абзал. Рүстем Әбдірәшев бастаған шығармашылық ұжымның алға қарай да қазақ киносының өресін өсіріп, деңгейін тасыған судай көтеріп, мерейін үстем қыларына сенім мол», - дейді Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл.                                                      

Өзгелердің жаңалығы