Бас жаңалықтар
Халықаралық сарапшылар «жауынгерлік роботтарға» тосқауыл қоюды қолдайды
18 Сәуiр 2019, 16:44 538

Халықаралық сарапшылар «жауынгерлік роботтарға» тосқауыл қоюды қолдайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елордада Қазақстанның ядролық қарусыздандыру мен халықаралық қауіпсіздікті нығайту бойынша стратегиялық бастамалары аясында «Летальді әсері бар қарудың автономды жүйелері: алдын ала тосқауыл қою» атты аймақтық конференция өтті.

Шараны Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы және «Жауынгерлік роботтарына тыйым салу кампаниясы» Үкіметтік емес ұйымдардың халықаралық коалициясы ұйымдастырды.


Жиын барысында Әзербайжан, Армения, Белоруссия, Молдова, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің сарапшылары летальді әсері бар қарудың автономды жүйелеріне алдын ала тосқауыл қою мәселелерін талқылады.

Соңғы онжылдықтарда технологияның қарқынды дамуы әскери қимылдардың бағытын өзгертіп, жаңа гуманитарлық әрі құқықтық мәселелер мен қару автономиясының жаңа дәуірін ашты.

Бүгінде кейбір жоғары технологиялық мемлекеттер адамның қатынасуынсыз кез келген нүктені таңдап, соққы жасай алатын толықтай автономды қаруларды жасауда. Қарудың бұл жүйесі халықты қорғау мен халықаралық адам құқығы және гуманитарлық құқық саласында күрделі мәселеге айналып, үлкен қатер тудыруда.

«Толықтай автономды қару-жарақты жасау көптеген моральді, этикалық, техникалық, құқықтық және қауіпсіздік мәселелерін қозғайды. Мұндай қаруларды адам тағыдырын сеніп тапсыру – негізгі адами қасиеттерден атап өтумен тең», - деді өз сөзінде Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының директоры (CISP) Әлімжан Ахметов.

Оның сөзінше, адами ойлану мен түйсінуден жұрдай роботтар динамикалық соғыс алаңында этикалық шешімдер қабылдай алмайды.

«Мұндай жүйелерді пайдалану роботтардың іс-әрекетіне кім жауап береді деген заңнамалық сұрақ бойынша қиындықтар туғызады: қолбасшы, программист, жасаушы, әлде роботтың өзі ме? Ал, қарудың мұндай түрін жасау мен тарату халықаралық қауіпсіздікті тұрақсыздандырып, жаһандық қарулану жарысына жол ашады», - деді Әлімжан Ахметов. 

Қазіргі уақытта БҰҰ алаңында адами емес қару Конвенциясы аясында осы мәселе бойынша БҰҰ-ға мүше-мемлекеттерге ұсыныс әзірлеу үшін үкіметтік сарапшылар Тобы жұмыс істеуде.


Жауынгерлік роботтарына тыйым салуды қолдайтын белсенді мемлекеттер (Австрия, Бразилия, Чили сынды жалпы 28 мемлекет) автономды түрде іске қосылатын қару түрлеріне заңнамалық тұрғыда бақылауды күшейту бойынша келіссөзді тезірек бастауға шақыруда.

2018 жылы Бельгияда қарудың мұндай түрін қолдануға шектеу қою туралы парламенттік резолюция шыққан болатын. Google компаниясы қаруландыру жүйесіне арналған жасанды интеллекті әзірлеу мен жобаламауды өзіне міндет қылса, 200-ден астам технологиялық мекеме мен топтар автономды қару жасамауға уәде берді.

Ал, 2018 жылы өткен веб-саммитте БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш адам өмірін қиюды ғана жоспарлайтын қарудың автономды жүйелеріне шектеу қойылу керектігін айтты. БҰҰ Бас хатшысы осы тектес күштерге шектеу қою бойынша жаңа шараларды әзірлеуде мемлекеттерге қолдау көрсететінін жеткізді.

Қазақстанда аймақтық конференцияны өткізудегі басты мақсат – осы мәселедегі біліктілікті арттыру, сонымен қатар өңір мемлекеттерінің ұлттық ұстанымын айқындауға септік жасау.

Ертең аймақтық конференцияға қатысушылар летальді әсері бар қарудың автономды жүйелеріне қатысты заңнамалық, техникалық және этикалық мәселелерді талқылайды.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық