Халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлмек – Қазақстанның Еңбек Ері

13 Маусым 2019, 08:57
1515
Бөлісу:
Халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлмек – Қазақстанның Еңбек Ері

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы президентінің сайлауы ұйымшылдықпен өтті. Оған "Қазфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы да біркісідей атсалысып, өз таңдауларын жасады.

Қазақстанның Еңбек Ері, ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров саяси науқанға осылай баға берді.

«Мемлекет басшысы жуырда ғана Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарында уақытын бөліп, біздің зауытқа да келді. Бұл біз үшін үлкен мəртебе болды. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар цехтың жұмысымен танысып, өнеркәсіптің зор мүмкіндіктерін толық пайдалану керегін ескерткен. Индустрияландыру жобаларын іске асыруда өндіріске инновацияны енгізуге басымдық беру керегіне назар аударды», - деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.

Еңбек Ерінің сөзіне қарағанда, бүгінде зауыттың өнімі жыл санап артып, өндіріс қуаты өсіп келеді. Өндірілген тыңайтқыштар АҚШ, Еуропа мемлекеттерінің, Ресей, Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінің егін шаруашылығын дамытуға пайдаланылуда. Өндіріс орнында 6 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.  

«Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы президентін ұлықтау рəсімінде ант бергенін теледидардан тамашаладым. Мемлекет басшысы кіріспе сөзінде өзіне сенім білдірген Елбасыға алғысын білдіре отырып, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ел Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, өзiне жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға ант берді. Сондай-ақ президент алға қойған ауқымды жоспарларымен бөлісті. Онда Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінген», - деді зауыт басшысы.

Мұқаш Ескендіров қызметіне ресми кіріскен президент Қасым-Жомарт Тоқаевты тыңдап отырып, оның іскерлік қырын тани түскенін де жасырмады. Содан соң президенттің халықтың өзіне артқан сенімін абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

Өзгелердің жаңалығы