Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру неге қиын?

24 Қыркүйек 2020, 13:07
1763
Бөлісу:
Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру неге қиын?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице министрі Абылайхан Оспанов «Желмая» жобасында елдегі цифрландырудың ахуалы туралы айтып берді. 

Цифрландыруды дамыту үшін арнайы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бар. Әрине, тиісті іс-шаралар қабылданып жатыр. Бүгінде барлық мемлекеттік қызметті автоматтандыру жұмыстары жүргізілді. Азаматтардың цифрлық деңгейін көтеру - бағдарламаның басым бағыттарының бірі, - деді ол. 

Оспановтың айтуынша, қазір біраз отандық платформалар тексеруден өтіп жатыр. 

Отандық платформаларды жасау үшін қаражат керек. Алайда оған мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді. Себебі мемлекет бизнестің жасап жатқан бағдарламаларына кіріспейді. Егер біз кіріссек, бизнес дамымай қалады. Қазір халықтың цифрлық сауаттылығы 83 пайызды құрайды. Оны 2022 жылы 87 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ол өте қиын. Себебі дамыған елдердің өзінде бұл көрсеткіш 90 пайыз шамасында болады, - деді Абылайхан Оспанов. 

Вице-министр «Азаматтарға арналған үкіметті» қазір 6 млн-нан астам адам қолданып жатқанын айтты. 

Қазір «egov.kz» порталының мобильдік қосымшасы жұмыс істейді. Телефоныңыз арқылы бір рет кірген соң, кейін ол «face id» арқылы жүзеге асырылады. Қосымшада сұранысқа ие 70-ке жуық қызмет бар. Биыл «цифрлық құжаттар» деген жүйені енгіздік, - деді ол. 

Сондай-ақ, Абылайхан Оспанов атап өткендей, Мемлекет басшысы анықтамаларды қысқарту бойынша тапсырма берді. 

Біз осы жылы мекенжай анықтамасын сұратуды жойдық. Оны ешкім енді сізден сұрата алмайды. Алайда қосымшаға кірсеңіз, жеке кабинетіңізде мекенжай ақпараты бар. Біздің мақсатымыз - 30-ға жуық анықтаманы жою. Мемлекеттік қызмет көп анықтаманы сұрамайды. Оны онлайн түрде базадан алып, қажетті органға бағыттауға болады. Тек жеке мәселеңізге қатысты шаруаларыңызға анықтама қағаздарын сізден сұратуы мүмкін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы