Халық санын өсіруіміз керек – Әзімбай Ғали

18 Қаңтар 2019, 14:34
3632
Бөлісу:
Халық  санын  өсіруіміз керек – Әзімбай  Ғали

Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. Қазақстанның жері үлкен де, халқы аз. Бұл өте қауіпті, өйткені көрші елдің халқы өзіне симай отыр. Бұл туралы саясаттанушы Әзімбай Ғали «Наркескен» - интеллектуалдық-пікірсайыс клубының кезекті отырысында айтты. 

Саясаттанушының айтуынша, қазақ халқы ашаршылық жылдары халқының көп бөлігінен айырылып қалған. Егер қазір халық санын көбейтпесек өзге этностармен ассимиляцияланып кетуіміз мүмкін.

“Ашаршылық мәселесін қазір Елбасының өзі де көтеріп жатыр. Өйткені зардап шеккен ұлттардың құрамына кірудің өзіндік артықшылықтары бар.  Еврейлер, армяндар,  хариджі сияқты қудаланған ұлттар бар. Қазақтың қырылғаны ешқандай күмән туғызбайды.  Қолдан жасалған Голощекин саясаты, жалпы патша үкіметі де қазақты аямаған.  Ашаршылықтан аз дегенде 1 млн 700  мың адам өлді деп жатырмыз, өзге елдерге босып кеткені қаншама”, - дейді ол.

Сонымен қатар ол,  халық санағы үлкен дерек екенін, алайда оның қалай жүргізілетіндігі үлкен мәселе екенін айтып өтті.  

“Жаңа  санақта біраз мәселе ескерілу керек, ол миграция, ассимиляция. Егер ұйғыр және басқа да этностар қазақ болып жазылғысы келсе оған қарсы болмауымыз керек. Қандай ынталандыру жасасақ та қазақтың санын өсіруіміз керек. Біз соңғы онжылдықта 26,3 пайызға өскен болсақ, бұл жақсы көрсеткіш. Алдағы онжылдықта 23  пайызға дейін өссек олда жаман көрсеткіш болмас еді.  Бізге өсу керек, көрші елдердің саны бізден көп. Қытай, Өзбекстан, Ресейдің халқы бізден анағұрлым жоғары. Ресейде қазір дағдарыс, бұрын олар Батыс елдеріне көшетін, енді бізге келуі мүмкін”,-дейді саясаттанушы.
Әділет Мусахаев
Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы