Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда халық санағы 2019 жылдың қазаны мен 2020 жылдың наурыз айлары аралығында өтеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов Парламент Мәжілісі кулуарында мәлімдеді.
Оқи отырыңыз:
Оның айтуынша, халық санағы ТМД елдер президенттерінің шешімі бойынша 2019 жылдың қазаны мен 2020 жылдың наурызы айларының аралығында өтпек.
«Біз осы мерзімге сәйкес келеміз деп ойлаймыз. Үкімет шешім шығарғаннан кейін жұмыстарды жалғастырамыз. Бірқатар мәселеге байланысты 2020 жылға ауыстыру туралы ұсыныстар келді. Ешқандай саяси астары жоқ», - деп айтты Айдапкелов.
Статистика комитетінің төрағасы толықтай қағаздан бас тартып, оның орның планшеттер алмастыратынын атап өтті. Оған қоса халыққа санаққа өздері қатыса алатындай балама әдіс берілмек. Әр адамға кіріп, өз мәліметтерін енгізе алатын мамандандырылған сайт әзірленді. Интервьюер бәрібір оған келеді. Сайтты толтырып, санақтан өткен адамға хабарлама келеді. Ол сол хабарламаны интервьюерге көрсетеді.
Айдапкеловтен журналистер халық санағын өткізуге қанша бюджет қаржысы кететінін сұрағанда шамамен 9 млрд теңге деп жауап берді.