Халық санағында 32,5 мың адам жұмыспен қамтылады

13 Ақпан 2020, 13:36
1589
Бөлісу:
Халық санағында 32,5 мың адам жұмыспен қамтылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов 2020 жылғы Қазақстан Республикасының  Ұлттық халық санағы кезінде халықтың жұмыспен қамтылуы туралы айтты.

Тікелей халық санағын өткізу кезеңінде 2020 жылы уақытша санақ персоналы ретінде (нұсқаушы-бақылаушылар, интервьюерлер) 32,5 мың адамды жұмысқа тарту және орналастыру жоспарлануда. Жалданатын азаматтарға қойылатын талаптар: 18 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматы, бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын болуы қажет. Жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды, планшетпен жұмыс істей білуі керек, - деді комитет төрағасы.

Халық санағын жүргізу кезінде интервьюерде төменде көрсетілгендер болуы қажет: 

1. Аумақтық статистика органының қолы қойылған және мөрі басылған, фотосуреті бар, аты-жөні жазылған, берілген күні мен қолданылу мерзімі көрсетілген интервьер КУӘЛІГІ.

2. Халық санағының символикасы бар көк түсті ШАРФ.

3. Халық санағының символикасы бар көк түсті ПОРТФЕЛЬ.

Тұрғын үйлерге барған кезде интервьюерлерде халық санағының логотипі бар куәлік, сөмке, шарфтың болуы міндетті.  

Санақ персоналымен өтеулі қызмет көрсету шарттары жасалады. 

Толық көлемде 30 күнге қызмет көрсетілген кезде дайындық кезеңінің интервьюеріне (тіркеушіге) көрсетілген қызметтері үшін 75 743 теңге төлеу жоспарланған.

Толық көлемде 30 күнге қызмет көрсетілген кезде негізгі кезең интервьюеріне (санақтан өткізушіге) көрсетілген қызметтері үшін 94 678 теңге төлеу жоспарланған.

Толық көлемде 45 күнге қызмет көрсетілген кезде дайындық және негізгі кезеңдердің нұсқаушы-бақылаушысына көрсетілген қызметтері үшін 113 614 теңге төлеу жоспарланған.

Айта кетейік, биылғы санақ жүргізуге 8,2 млрд теңге бөлініп отыр. 18 684 570 адам болуы мүмкін деген болжаммен әр адамға 1,2 доллар жұмсалады.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы ұлттық халық санағына кірмейтін азаматтардың категориясын атады.

Өзгелердің жаңалығы