Халықаралық Армия ойындарында қазақстандық әскери қызметшілер алғашқы жеңістеріне қол жеткізді

8 Тамыз 2019, 23:58
1780
Бөлісу:
Халықаралық Армия ойындарында қазақстандық әскери қызметшілер алғашқы жеңістеріне қол жеткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық Армия ойындарында қазақстандық команда алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәскеу облысындағы «Адал дос» сайысында біздің кинологтар рейтингі анағұрлым жоғары командалар арасында жеке жарыста бірінші орынды жеңіп алды.

 «Чемпиондар жарысы» кезеңі аясында әскери полицияның кинологы ефрейтор Мағжан Жаңабеков «Арно» деген қызметтес итімен қалған қатысушылардан басып озып, 1 600 метрді 6 минут 6 секундта бағындырды және атыс шебіндегі барлық нысанаға дәл тигізді.

Конкурстардың бірінші кезеңінің нәтижелері бойынша қазақстандық команда үздік үштікте.

Мәскеу облысындағы «Алабино» полигонында өтіп жатқан «Танк биатлонында» біздің танкистер сайыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша бірінші орында. Экипаж өз жарысында – 21 минут 50 секундта келіп, үздік нәтиже көрсетті.

Рязаньдағы «Авиадартс» сайысының бірінші кезеңінде біздің әскери ұшқыштар дене даярлығынан үздік нәтиже көрсетті. Су-25 жойғыш ұшағы, Ми-35 и Ми-171Ш тікұшақтарының экипаждары бірінші, ал Су-30СМ жойғыш ұшағының ұшқыштары үшінші орынды иеленді.

Мәскеу маңындағы Алабинода өтіп жатқан «Далалық ас үй», сондай-ақ Өзбекстандағы «Фориш» полигонында басталған «Әскери-медициналық эстафета» турнирлерінің қорытындысымен командалар екінші орынға қол жеткізді.

Бресттегі (Беларусь) мергендер сайысында қазақстандықтар үздік үштік қатарынан көрінді.  Қазір олар жеке сынақта үшінші болып тұр.

Әзербайжандағы «Теңіз кубогы» конкурсында әскери теңізшілер өздерін лайықты деңгейде көрсетті. Кеменің ұрыста өміршеңдігі мен теңіз жағасындағы жаттықтыру кешендерінде жаттығу орындаудан олар үшінші орынға ие болды.

Дәл осы сәтте Моңғолия оқу-жаттығу полигонындағы Қазақстанның әскери командасы биыл алғаш рет өтіп жатқан «Әскери бәйге» сайысында да жүлделі үшінші орында.

Армениядағы «Әлем жауынгеріне» қатысушылар әскери-медициналық дайындықта бақ сынасты. Біздің команда бұл кезеңді үшінші орынмен тәмамдады.

Сондай-ақ, Қазақстанда сайыстар басталған бірінші күннің өзінде-ақ «Сенімді қабылдау» конкурсында біздің байланысшы жауынгерлер 5 команда арасынан 281 ұпаймен көш бастады.

Естеріңізге сала кетсек, қазір Халықаралық Армия ойындарының 32 байқауы әлемнің 10 мемлекетінде өтуде. Бұл сайыстарға жер шарының 39 елінен 223 команда қатысуда. Біздің әскери қызметшілер 16 конкурсқа қатысады.
Өзгелердің жаңалығы