Бас жаңалықтар
Халқымыз қыш өнерін ертеден жақсы меңгерген – шебер
PHOTO VIDEO
26 Қаңтар 2020, 14:56 176

Халқымыз қыш өнерін ертеден жақсы меңгерген – шебер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Сурет салу, зергерлік, жалпы қолөнер жұмыстарын жасау барысы адамдарды қызықтыра түсетіні белгілі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз саз балшықтан түрлі бұйымдар жасап жүрген алматылық суретші әрі қыш шебері Марат Сәрсебаев. Шыр айналған қыш шарығында саз балшықтан ыдыс жасап отырған шеберді теледидардан немесе қаладағы қолөнер жәрмеңкелерінен көріп қалсақ қызығушылық танытып, таңданыспен қарайтынымыз бар. Бүгін осы қыш бұйымдарының жасалу барысы жайлы сөз қозғасақ деп отырмыз.

Кейіпкеріміз Марат Сәрсебаев Алматыдағы Көркем сурет училищесінде көп жылдан бері қыш өнері бойынша сабақ берген. Жас кезінен сурет өнерімен айналысқан ол ауылда суретші болып жұмыс істеген, кейін Алматыдағы Көркем сурет училищесіне түсіп, сонда білім алған.

3-3.jpg

Бірінші курста оқып жүрген кезімде училищеде Ақырап Жұбанов деген кісі директор болды. Ол кісі білім ордасындағы мамандықты зергерлік, қыш өнері, көркем сурет және тағы басқа өнер саласымен толықтыру үшін бір топ студентті бірінші курстан кейін Мәскеуге оқуға жіберді. Оқу бітіріп келген соң Целиноград фарфор зауытында мүсінші болып жұмыс істедім. Кейін сол өзім білім алған училищеде қыш өнері бойынша бөлім ашып, сол жерде оқытушы болдым. Арасында сәулет өнері саласында, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында еңбек еттім, - дейді суретші.

2.jpg

Зейнетке шыққан Марат Сәрсебаев қазір үйінің бір бөлмесін шеберханаға айналдырып сонда еңбектенуде. Шебер студент кезінен бастап қыш өнерімен айналысып, машықтана бастағанын айтады. Алғашында түрлі кәдесыйлар жасап, дүкендерге өткізіп отырған. Оның жұмыстарының көбі ұлттық нақышта жасалған. Жасаған дүнилерінен қазақилық аңқып тұрады.

4.jpg

Жалпы өнер ұлтқа бөлінбейді, тек жанр, тақырыбы жағынан ұлттық дүниелер болып келеді. Арасында абстракты дүниелер жасаған да жөн, ондай шығармашылық жұмыстар адамның шеберлігін дамыта түседі. Қазір менің жасап жатқан дүниеме көбінде шетелдік туристер қызығушылық танытады. Өз халқымыз өнерді әлі жете түсініп жатқан жоқ, екінші жағынан сатып алуға жағдайлары да бола бермейді. Ал, туристерге қазақи нәрсе керек, сондықтан осындай ұлттық нақыштағы кәдесыйларды көбірек жасап жатырмын, - дейді ол.

7-7.jpg

Көшпелі қазақ халқының ұлы болған соң түйе, жылқы сияқты жануарлар мен киіз үй нышандары шебердің еңбегінде көптеп кездеседі. Арасында Тараз, Сарайшық, Отырар сияқты көне қалалардан табылған қыш бұйымдарды да зерттеп, соған ұқсас дүниелер жасауға ұмтылатынын айтады. Әсіресе өзіміздің көне бұйымдарды қайта жаңғыртуға ден қойып, соған талпынуда.

9-9.jpg

Суретшімен сұхбаттасу барысында қыш бұйымдарды жасау қызықты көрінгенімен машақаты мол, қажырлы еңбек пен шыдамдылықты қажет ететін жұмыс екенін білдік. Тіптен саз балшықты әзірлеудің өзі оңай емес екен. Сонымен қыш бұйымдар қалай жасалатынын рет-ретімен баяндап көрейік.

10.jpg

Саз балшықты дайындау

Саз балшықты әзірлеу үшін мүмкіндігінше иілгіш, майлы қызыл топырақты таңдау қажет екен. Ондай топырақ барлық жерден табылады, тек іздей білу керек. Шебердің айтуынша, Алматыда Көктөбе айналасында, су жылғаларының айналасында көптеп кездеседі. Оны жел өзі айдап алып келіп бір жерге үйе береді немесе сумен ағып келіп үйінді болып жататын жерлер де болады.

17.jpg

Кейде жер астының физикалық-химиялық әсерлерімен қызыл, сары немесе ақ топырақ болып шығып жатады екен. Қызыл топырақтың құрамында темір көп, сондықтан жұмсақ, майлы болып келеді. Егер бұл іспен түбегейлі айналысамын десеңіз алдымен топырақтың құрамын жақсы меңгеріп алған жөн. Әр жердің топырағы алуан түрлі болып келеді, біреуі тез кепсе, кейбірі ұзақ кебетін көрінеді. Майлылығы жоғары болып келетіндері кепкен соң кішірейіп қалып жататын кезі болады екен. Лай майлы болмаса ырыққа көнбей, жарылып кетеді.

19.jpg

Шебер өз көңілінен шығатын топырақты таңдап алған соң оны үлкен ыдысқа салып үстіне су құятынын айтады. Ол кезде ірі тастар, құм сияқты керексіз бөлігі астында қалып, жұмсақ лайы үстіне шығады. Бетіндегі майлы лайды қалқып алады, ол зат жасауға жарамды.


26.jpg

Арасында лай жарылып кетпес үшін қамыстың ұлпасын қосады екен, ол саз балшықтың иілгіштігін арттырады, жарылмайды әрі тез кебуіне септігін тигізеді.

16.jpg

Кезінде апаларымыз тандыр нанға пеш жасағанда лайға ешкінің жүнін немесе жылқының қылын араластарып отырған екен. Ол пештің жарылып кетпеуін қамтамасыз етіп отырған. Көнеден келе жатқан үлкен мазарлар әлі күнге дейін неліктен бұзылмай тұр десек, оның лайына сүт қосылыпты. Сүттің ішінде май бар, ол жаңбырдың суын жұқтырмайтын көрінеді.

19.jpg

Қыш шарығы


Дайын лаймен қыш шарығы арқылы түрлі формада ыдыс-аяқ және тағы басқа дүниелерді жасауға болады. Қыш шарығы сервиз, ыдыс-аяқ топтамаларын жасауға әбден қолайлы екен. Мәселен, кофе ішетін, айран ұйытатын, тіптен шай ішіп жүрген шәугімді, түрлі формадағы құмыраларды да жасауға болады. Лайды айналып жатқан шарықтың дәл ортасына қойып, қолдың ептілігімен айналып жатқан саздан өзіңізге қажетті пішінді жасай бересіз. Шебер айналдырған 4-5 минутта шағын бір кесені жасап шығара алады екен.

21.jpg

Қалып

Кейбір заттарды қыш шарығымен жасау қиынға соғады. Әсіресе адам немесе жан-жануардың мүсіншелерін жасауда қалыпқа құю әдісі қолданылады. Бұл қалыпты жасаудың өзі де бірнеше күн уақыт алатын көрінеді. Ол үшін алдымен жасағалы отырған пішіннің моделі саз балшықтан (пластилиннен) дайындалады, кейін соған гипстен қалып әзірленеді. Қалып дайын болғанда лайды асыққа қорғасын құйғандай етіп құяды. Осылайша бірнеше күн оның кепкенін күтеміз.

33.jpg

Күйдіру


Лайдан жасалған зат бірнеше күн ылғалды жерде тұрып кебу керек. Оның құрамындағы барлық химиялық сулар сыртына шығады екен. Кепкен затты арнаулы пеште 200-250 градус ыстықта кептіреді. Қазір бұрынғыдай от жағып күйдірмейді екен, бәрін электрлі немесе газ пеш арқылы жасайды. Одан шыққан затты 700-800 градустық ыстықта тағы да күйдіреді. Шебер күйдіру жұмыстарын қаланың сыртындағы саяжайында жасайтынын айтады.

22.jpg

Бояу

Күйдірілген бұйымдарды кейін арнайы бояумен бояп шығады. Бұл ыстыққа да, суға да төзімді арнайы бояу болу керек. Өйткені ыдыспен ертең адамдар ыстық шай немесе басқа да сусындар ішуі мүмкін. Мұндай бояулар 900-1000 градусты ыстыққа шыдайды екен. Шебер оған кобальт, мыстың тотығы сынды бірнеше бояу түрін қолданатынын айтады.

30.jpg

Сондай-ақ қыштан жасалған бұйымға өзіңіздің қалауыңыз бойынша түрлі кескіндер салуға болады. Шебер ол үшін алдымен қарандашпен үлгісін сызып, кейін арнайы бояумен үстінен басып шығады екен.

34.jpg

Нарығымызды Ресей мен Қытай заттары басып алды 

Суретші заттарын сату үшін дүкендерге өткізеді, арасында қалада өтетін қол өнер жәрмеңкелеріне шығарып тұрады екен. Сөз арасында ол қыш бұйымдарын көптеп шығару үшін арнайы цех керек екенін де айтып қалды.

31.jpg

Қыштан ыдыс-аяқты көптеп шығару үшін үлкен цех керек, жаныңда жәрдемдесетін бірнеше адамың болу керек. Бір адам қыштан бұйымдарды жасап жатса, 5-6 суретші бояп отыруы қажет. Ол бұйымдарды ел арасына, шетелге де шығарып өткізетін адам тағы керек. Қазір ондай жұмысты ұйымдастыруға шамам келмейді, жасым да келіп қалды. Жалпы үйде жасап отырған шағын жұмысым өзіміздің ұлттық өнеріміз ұмытылмасын, жастар көріп өссін деген оймен жасалуда. Бұл іспен айналысатын шәкірттерім де көп. Таңсықбаев атындағы өнер коллдежінде 40 жыл осы қыш өнері бойынша сабақ бердім. Түркістанда, Астанада, Алматыда шәкірттерім осы қышпен жұмыс істеп жатыр, - дейді суретші.

26.jpg

Шебер елімізде қыш өнеріне дұрыс көңіл аударылмай, үгіт-насихаты кемшін болып жатқанын айтады. Оның айтуынша, қыштан жасалған заттар табиғи әрі адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ.

27.jpg


Жастар қыш өнеріне қатты қызығады, лайдан түрлі бұйым жасап жатсаң қуана қарайды, таңғалады. Дегенмен бұл өнердің үгіт-насихаты кемшін түсіп жатыр. Бұны қойып қазір мектепте сурет, сызу, ән-күй сабақтарының бәрін шегеріп тастады. Сызу пәнін оқымай қалай архитектор боласыз? Сурет салуды үйренбей қалайша дизайнер боласың? Айналамыздағы нәрсенің барлығы сызумен байланысты. Машина, ұшақ, трактордың барлығының формасы осы өнерден шығады. Бізде өнерді кейінге ысырып тастап, алдымен заңгер, экономист болуға баулиды. Әл-Фарабидің өзі "Бірінші кезекте өнер мен ғылым болу керек, олар болса ел бақытқа жетеді" деп айтып кеткен
жоқ па. Басқа халықтардың көбінде қыш өнерінің негізі бұрыннан қаланған. Еуропа, Азия болсын барлығы қышты жақсы меңгерген, әсіресе Үндістан халқы қазан-ошағын өздері қолдан жасап отыр. Көрші Өзбекстанда да қыштан бұйым жасау жақсы жолға қойылған. Хиуа, Самарқан, Ташкент, Наманган жақта халық көптеп айналысады, қыштан күйдіріп ыдыс-аяқ жасауда әбден машықтанып алған. Біздің нарығымызды Ресей, Қытай және басқа көрші елдердің бұйымдары басып алды, тіптен сонау жерден чехтар мен ағылшындар да әкеп жатыр. Біздің мемлекет қыш бұйымдарын жасауға аса құлықты емес сияқты, - деп налиды шебер.

29.jpg

Марат Сәрсебаевтың отбасы түгелдей өнер жолындағы адамдар екен. Үлкен қызы өнертанушы, ол да суретші. Екінші баласы театр бөлімінде оқыған, қазір ол Мәскеуде театр, киноның декараторы болып жұмыс істеуде. Үшінші баласы қолданбалы кескіндемемен айналысады, төртінші баласы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген. Жары да өнер жолында еңбектеніп жүр.


Фото: автордан
Видео: автордан
Загрузка...