ҚХА-ның қайнар көзі шығыстан басталады

21 Сәуір 2019, 13:57
2479
Бөлісу:
ҚХА-ның қайнар көзі шығыстан басталады
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өтетін Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясына Шығыс Қазақстаннан үлкен делегация аттанады. Бұл жөнінде облыстық Достық үйі – Келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков хабарлады.

«Шығыс Қазақстан облысындағы эномәдени бірлестіктер алдағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясына асқан қызығушылықпен әзірленуде. Биылғы өтетін сессия ерекше әрі маңызды болады деп ойлаймын. Өйткені оған біздің Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатыспақ. Бұл сессияға біздің өңірден үлкен делегация аттанады. Оның ішінде біздің өңірде тұрып жатқан республикалық Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелерімен қатар облысымыздың аудан, қалаларындағы Достық үйлері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері барады», - деді Эльдер Төлеубекұлы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, бұл жолғы Қазақстан Халқы Ассамблеясының Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ХХVII сессиясына Шығыс өңірінен баратын делегацияның дені жастар көрінеді. Мұның бірінші кезекте Жастар жылына орай жасалған шара екенін алға тартқан Достық үйінің директоры жастардың осындай шараларға жиі қатысуы кейінгі ұрпақтың аға буынның халықтар достығы бағытындағы тәжірибесін алуда үлкен септігін тигізетінін айтады.

«Алдымызда үлкен науқан тұр – ол ел Президентін сайлау науқаны. Осы жолғы Қазақстан Халқы Ассамблеясының сессиясында осы мәселе де қозғалады деген ойдамыз. Ассамблея сессиясына дейін алдымызда тағы бір үлкен шара бар, ол 1 мамыр - Қазақстан Халқының бірлігі күні мерекесі. Бұл шараның да Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін үлкен мәні бар. Өйткені Қазақстан Халқы Ассамблеясының қайнар көзі осы шығыстан басталатыны белгілі. Алғашқы Достық үй, алғашқы Этноауыл Өскеменде ашылды. Достық үйінің ашылғанына 25 жыл толуына орай өңір басшысы Даниал Ахметов бұрынғы Металлургтер мәдениет сарайын сыйға тартқан болатын. Биылғы Қазақстан Халқының бірлігі күнін екінші жыл осы ғимараттың қабырғасында тойлатпақпыз. Міне сол себепті біздің биылғы меркеге дайындығымыз ерекше», - деп қосты Эльдар Төлеубеков.


Өзгелердің жаңалығы