«Кезекші сыныптардың» дайындығы қандай деңгейде?

25 Тамыз 2020, 13:00
8070
Бөлісу:
«Кезекші сыныптардың» дайындығы қандай деңгейде?
PHOTO
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл жаңа оқу жылы қашықтан оқытылады. 1- 4 сыныптар үшін «кезекші сыныптар» ашылды. Осы ретте елордалық №76 мектеп-лицейінде ұйымдастырылған «кезекші сыныптардың» дайындығымен таныстық.

Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицей директоры Сафура Төлекова мектептің «кезекші сыныптарды» қабылдауға дайындығы туралы түсіндіріп берді. 

2020-2021 оқу жылы қашықтан оқу форматында басталатыны туралы қазақстандықтарға белгілі. Онымен қоса бастауыш сыныптарға «кезекші топтарды» ата-аналардың келісімі бойынша оқытуды ұйымдастыруға рұқсат етілді. Қазіргі күні мектептегі кезекші сыныпқа 453 бала өтініш берді. Дегенмен бұл сан күн сайын өзгеріп жатыр. Өтініштер тек онлайн түрде қабылданды, - дейді Сафура Төлекова. 

Мектеп кезекші сыныптарды қабылдауға да, қашықтан оқытуға да толығымен дайын. 

«Кезекші сыныптарға» мұғалімдерді қабылдап, іріктеуде де ерекше талаптар бар. Ең алдымен мұғалімнің келісімі маңызды. Мұғалім келіскен жағдайда оның жасына қараймыз, яғни жасы үлкен мұғалімдер кезекші сыныптарға тартылмайды. Сондай-ақ, созылмалы аурулары бар, дәрігерлік есепте тұрған педагогтар «кезекші сыныпта» оқушыларға сабақ бере алмайды. Осы ретте мұғалімдер жыл сайынғы арнайы медициналық тексерістен өтті. Тексерістен өткеннен кейін арнайы рұқсат етілген мұғалімдер ғана мектепте жұмыс істейді, - деді ол. 

9C854D1F-63E9-4F57-9EFE-940CE88DAAF0.JPEG

Мектепте 4 қақпа бар. Сол қақпалардан арнайы кезекшілер тепловизор арқылы ата-анадан баланы сырттан қабылдап алады. Мектептің сыртқы ауласына оқушылардан басқа бөгде адамдар кіргізілмейді. 

4FD226BE-BB3C-41BE-A77F-1F98C7BDDF3C.JPEG

Мектептің алдында арақашықтық сақталған белгілер орнатылған. Егер балалар көптеп келіп жатса, сол жерде тұрып, балалар мектепке арнайы кезекпен кіргізіледі. 

Мектепке кіреберіс жерде дезинфекция барьері қойылған. Мектеп толығымен дезинфекция құралдарымен қамтамасыз етілді. Әр блокта аллергия тудырмайтын санитайзерлер, антисептиктер қойылған. Ал оқу кабинеттерінде антибактериалды сұйық сабындар бар. Сондай-ақ әр блок дезинфекция төсенішімен қамтамасыз етілген. 

C30BE952-970B-4CCB-8122-9156C34F3381.JPEG

Кезекші сыныптарда 15 баладан ғана оқиды. Яғни 15 балаға ғана орын жабдықталды, қалған орындардың барлығы рұқсат етілмейтін белгімен белгіленді. Қазіргі күні Нұр-Сұлтан қаласында бастауыш сыныптар бойынша 82 200 жуық оқушының жартысы «кезекші сыныптарда» білім алуға өтініш беріп отыр. «Кезекші сыныптарға» өтініш беру ата-ананың келісімімен жүзеге асады. Себебі мұның бәрі бала қауіпсіздігіне байланысты жасалады. Мектептің ішінде мүмкіндігінше ересек адамдардың аз болуын қамтамасыз етеміз. Тек қана сабақ беретін мұғалімдер, тазалыққа және балалардың қауіпсіздігіне жауап беретін адамдар ғана жұмыс істейді, - дейді Сафура Төлекова. 
Белгілердің өзін балаларға ыңғайлы болсын деп әріптер, фигуралар мен сандармен арнайы белгіленген. 

B0AB9212-232B-47D2-9987-3F88FC518181.JPEG

Егер баланың ата-анасы кешігіп жатса, балалар арнайы орындарда отырып күте алады. Ол да белгіленген. 

Әр блокқа кіреберісте дезинфекция төсеніші бар. Сондай-ақ қолды, саусақты тигізбей-ақ қолдануға болатын антисептиктер орнатылған. Бұл аллергия тудырмайтын антисептиктер. 

A103C826-A763-46E9-8491-916B434BD61A.JPEG

Қозғалыстың бағытын анықтайтын 2 түрлі бағыттаушы сызықтар бар. Балалар өз бағытына тиесілі сызықпен ғана жүреді. Ал ортада жүруге рұқсат етілмейтіндігі туралы белгі. 

523B0FF8-BFAA-4228-B7A6-CD4F74E2E2EC.JPEG

Бастауыш сыныптың барлығына 15 орындықтан кабинет жабдықталды. Дәл осы сияқты 35 топқа кабинет жабдықталған. Балалар бір-біріне жақындауына мүмкіндік бермеу үшін әр қатарға баратын жеке-жеке сызықтар көрсетілген. 

028D8EF0-588D-402A-8319-E433E447788A.JPEG

25-28 тамыз аралығында онлайн форматта мектепке келетін балаларға диагностикалық сабақтар жүргізіліп жатыр. Мектепке келетін балаларға мүмкіндігінше нұсқаулықтар өткізілуде, - дейді директор. 
Кабинетте бір мұғалім ғана, яғни «бір сынып, бір мұғалім» принципімен жұмыс істейді. 

Сабаққа келген уақытта балалармен тек қана бір мұғалім ғана қатынас жасайды. Мұғалімдердің өзара бірігуіне, бір жерге жиналуына рұқсат етілмейді. Мұғалім тек қана кабинетке кіреді және шығар жолмен үйіне қайтады. 

Мектепте бала ұзақ болмайды. Оқу жоспарында қанша пән болса, соның негізгі пәндері ғана оқытылады. Яғни аптасына 22 сағат болса, соның 12-сін ғана мектепте оқиды. Оны әр күнге бөлеміз. Бір күнде бала 3 астрономиялық сағаттан артық мектепте болмайды. Бұл 15 минуттық үзілісті де қосқанда. Сондай-ақ балалар мектепке бір уақытта кірмейді. 15 минуттық үзіліс тәртібімен сыныптарды қабылдаймыз, - деді Сафура Төлекова. 

Директордың айтуынша, 1-сыныптан 80%-ға дейін «кезекші сыныпқа» қабылдауға өтініш келсе, 2-3 сыныптарда көрсеткіш аз. Алайда еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты сандар күнделікті өзгеріп отыр. Кейде ата-аналар мектептен, кейде үйден оқытқысы келеді. 

Дене шынықтыру сабағы таза ауада әлеуметтік арақашықтықты сақтап отырып ұйымдастырылады. Далада сабақ өткізуге ауа райы қолайсыз болған жағдайда спорт зал, акт залдары да сабақ өткізуге дайын. Балаларға арналған арнайы тыныс алу жаттығуын ұйымдастыруды қарастырып отырмыз, - деді ол. 
Үзіліс кезінде кабинеттер желдетіліп, дымқыл тазалау жұмыстары жүргізіледі. Екі ауысымның ортасында кварцтеу міндетті. Қазір 10 құрылғы сатып алдық. 

32B8EC8A-AC56-4AF6-A939-83578297FD24.JPEG

Таңертең бірінші лекпен 8:00-де 4-сыныптарды қабылдаймыз. Кейін 15 минуттық үзілістен кейін 8:45-те 1-сыныптар кіре бастайды. Ал екінші ауысымда 2-3 сыныптар сабақты 13:00-де бастайды. Олар да 15 минуттық үзіліспен кіреді. Алайда мектепке кірер жол бөлек, шығар жол бөлек. Мектепте кіріп-шығатын есіктер жеткілікті. 

Медициналық кабинет «кезекші сыныптар» үшін жабдықталды. Оқушылардың сабақ барысында температурасы көтеріліп, қандай да бір қолайсыздық туындаса жеке «оқшаулау кабинетіне» ата-анасы, жедел жәрдем келгенше уақытша оқшауланады. Мұғалімнен де температура анықталған жағдайда ол да оқшаулау бөлмесіне жіберіледі. Оның сыныбы үйіне қайтарылады. Кез келген мұғалімді сабақты жалғастыруға сыныпқа кіргізбейміз, - дейді мектеп директоры.  

«Кезекші сыныптар» аптасына 3 күн, яғни дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері жұмыс істейді. Олар қазақ тілі (орыс тілі), математика, дүниетану, жаратылыстану, әдебиеттік оқу және дене шынықтыру сабақтарын мектепте оқиды. Ал қалған пәндерді қашықтан оқи алады.

Өзгелердің жаңалығы