Кез келген азамат әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарата алады – Ойшыбаев

27 Қыркүйек 2021, 14:54
1514
Бөлісу:
Кез келген азамат әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарата алады – Ойшыбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Astana Media Week – 2021» апталығы аясында өткен «Медианы дамыту стратегиясы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев айтты.

Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан медиасының даму стратегиясын айқындау кезінде индустриядағы әлемдік процестерді талдау негізге алынады.

Біріншіден, ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы аудиторияның қалауы ғана емес, сондай-ақ саланың негізін де өзгертеді. Қазіргі күні интернет пен әлеуметтік желілердің дамуымен ақпарат БАҚ монополия болуын тоқтатты. Енді БАҚ өз функцияларын өзгерте отырып, бұқаралық ақпарат құралдарынан бұқаралық коммуникация құралдарына айналуда. Қазір БАҚ функциясы бұрынғыдай хабар тарату емес. Бүгінгі таңда кез келген азамат әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарата алады. БАҚ-тың міндеті - белгілі бір ақпараттың егжей-тегжейін нақтылау, сарапшылардың қатысуымен болып жатқан оқиғалардың мәнін түсіндіру және қажет болған жағдайда жоққа шығару, - дейді Ойшыбаев.

Сонымен бірге ол пандемия халықпен өзара іс-қимылдың стратегиясы мен жаңа әдістерін қайта қарау қажеттілігін жеделдеткенін айқындап бергенін айтты.

Пандемия көптеген фейк және жалған ақпараттың таралуына себеп болды. Бұл көптеген мемлекет үшін, соның ішінде Қазақстан үшін күрделі проблемаға айналды. Біздің міндетіміз - қоғам қорқыныштарымен күресу. Бұрын да болған жалған ақпараттар өткір мәнге ие болып, олардың таралуы айтарлықтай жиілей түсті, - деді ол.

Кемелбек Ойшыбаев осындай ақпараттармен күресу мақсатында Stopfake.kz жобасы құрылғанын айтты.

Бізге тіпті Stopfake.kz арнайы ресурсын құруға тура келді. Ол «медиаға арналған медиа» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Сайттағы материалдарды күн сайын ірі басылымдар өздеріне салады, - деп түсіндірді Ақпарат министрлігінің өкілі.

Пандемия басталғалы бері коронавирус, пандемия, вакцинация және жалпы Қазақстан туралы 1 800-ден астам жалған ақпарат теріске шығарылды. Нәтижесінде карантиндік шектеулер туралы вирустық хабарламалар, вакцинация қаупі туралы жалған ақпараттар тоқтатылды.



Өзгелердің жаңалығы