Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Желмая» жобасының осы шығарылымында қазақ тілінің майын тамызып сөйлейтін Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских «сіз баяндама жасағанда өзге шенеуніктер ұялатын шығар» деген сауалға осылай жауап берді.
Өзімді мақтамай-ақ қояйын, бірақ ондай жағдайлар болып тұрады. Бірақ ұялғанда да мен оған кінәлі емеспін ғой. Мен бар болғаны тұрып жатқан еліміздің, мемлекетіміздің тілінде сөйлеп жүрмін. Жалпы, менің ойымша, кез келген шенеунік Гарвард бітіргендігімен, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келгенімен бағаланбауы керек. Оқыса, өзі үшін. Қандай университет бітірсе де, мейлі ол Оксфордты, мейлі еліміздегі бір оқу орнын тәмамдамасын, ең бастысы, ойын халыққа сауатты жеткізе алуы керек, халық оны түсінуі керек, - деді ол.
Сондай-ақ, ол Парламент қабырғасында көптеген заң қабылданып жатқанын, алайда халыққа ол не себепті түсініксіз болатындығы туралы әңгіме қозғады.
Заңдар ресми, заң тілінде жазылады. Баяндамалар да солай, Алайда жергілікті атқарушы органдар заңды жүзеге асырар алдында халық алдына шығып, оны қарапайым тілмен түсіндіруге назар аударса деймін. Сол кезде Парламент атына да көп сын айтылмас еді. Сондай-ақ кез келген шенеунік те өз саласына қатысты дүниелікке жүгінбей, халыққа барынша қарапайым етіп түсіндіріп беруі қажет, - деді ол.