Бас жаңалықтар
Бүгін
Кентауда қуаты 50 МВт күн электр станциясы салынады
02 Ақпан 2019, 14:29 856

Кентауда қуаты 50 МВт күн электр станциясы салынады

Астана, BAQ.KZ. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ресейлік "Hevel Khazahstan" ЖШС директоры Павел Агафоновпен кездесті.

Басқосуда тараптар күннен қуат алатын стансалар салу ісі бойынша әңгіме өрбітіп, Кентау қаласында қуаттылығы 50 МВт болатын күн электр стансасын салуға уағдаласты. Жоба құны 50 млн АҚШ долларын құрайды.

Ащысайдың Қотырбұлақ елді мекенінен бой көтеретін нысанға әкімдік тарапынан 200 гектар жер телімі берілетін болды. Құрылыс жұмыстарын ертерек бастауды тиісті құрылым басшыларына жүктеген аймақ басшысы күн электр стансасы салынып біткенде, оның бағасы бәсекеге қабілетті бола білуі және ең бастысы, халыққа тиімді болуы шарттығын жеткізді. Шетелдік компания жетекшілерімен өзара әңгімеде мұндай стансаларды болашақта Ордабасы ауданынан да салу мәселесі сөз болды.

2009 жылы негізі  қаланған "Хевел" компаниялар тобы күн энергетикасы саласында Ресейдегі ең ірі интеграцияланған компания болып табылады. Серіктестіктің негізгі қызметі күннен қуат алу ісінде ғылыми-зерттеу жұмыстары мен күн электр стансаларын салып, оны пайдалану, жоғары технологиялы күн модульдерін өндіруге бағытталған.       Аталған зауыт жыл сайын ұяшықтың тиімділігі 22% - дан жоғары болатын 160 МВт гетероқұрылымдық күн модульдерін шығарады. Компаниялар тобы басқаратын жобалардың көлемі 907,5 МВт құрайды.

Тиісті жұмыстардың нәтижесінде, "Хевел" компаниялар тобы 2019-2020 жылдары Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде қуаттылығы 70 МВт болатын күн генерациясын салу құқығына ие болған-ды. Осылайша, өткен жылдың желтоқсан айында Мәскеуде өткен инвестициялық форум аясында "Түркістан" ӘКК, "Turkistan Invest" пен "Хевел" компаниясының арасында Түркістан облысында күн электр стансасының құрылысы туралы Меморандумға қол қойылған болатын.


 

Сізден жаңалық