Ата-анаға баланы ойын алаңынан алыс ұстауға кеңес береміз – педиатр

18 Тамыз 2020, 17:28
2606
Бөлісу:
Ата-анаға баланы ойын алаңынан алыс ұстауға кеңес береміз – педиатр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 17 тамыздан бастап карантиндік шектеу шаралары жеңілдетіле бастады. Осыған орай медицина ғылымдарының докторы, "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы, Қазақстан "Педиатрлар одағы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Риза Боранбаева "балалардың гигиена сақтау көрсеткіші ересектерге қарағанда төмен, сондықтан олардың қауіпсіздігіне мұқият болған жөн" екенін айтты.

Кешеден бері еліміз бойынша карантиндік шектеулер жеңілдетіліп жатыр. Алайда, халық әлі де болса, сақтық шараларын ұстанғаны жөн. Себебі, жаһан елдеріндегі жағдай әлі тиісті деңгейде тұрақталмады. Еуропаның бірқатар елінде карантин шаралары алынып тасталған соң, инфекция жұқтыру жағдайларының қайта арта бастағанын байқап отырмыз. Сол себепті, арақашықтық сақтап, маскалық режим ұстанып, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған санитарлық нормаларды орындап жүрген дұрыс, - дейді ол.

Педиатр балалардың 80%-ы COVID-19-дың симптомсыз, жеңіл түрімен ауыратынын айтты.

Соған қарамастан, балалар коронавирустық инфекцияны таратуда негізгі рөл ойнайды. Өйткені, балаларда індет симптомсыз түрде жүргендіктен, баланың ауырып тұрғанын ата-анасы да, баланың өзі де байқамауы мүмкін. Сондай-ақ, балалардың үнемі маска тағып жүре алмайтынын да ескеру керек. Балалардың гигиена сақтау көрсеткіші ересектерге қарағанда төмен. Сондықтан, балалардың қауіпсіздігіне мұқият болған жөн. Балаға қарапайым гигиена ережелерін сақтауды, далада қолымен бет-аузын, мұрнын ұстамауды жастайынан үйрету керек. Тағы бір мәселе, балалар алаңқайында бала саны шектен тыс көп болса, ата-аналарға баланы ондай жерден алыс ұстауға кеңес береміз, - дейді дәрігер.

Айта кетейік, 13 тамызда ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен мемлекеттік комиссия отырысы өткен болатын. Онда елдегі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралды.

Өзгелердің жаңалығы