Бас жаңалықтар
Кемшіліктерге жол берген медицина ұйымдарына салынатын айыппұл көлемі өсті
23 Мамыр 2019, 15:35 466

Кемшіліктерге жол берген медицина ұйымдарына салынатын айыппұл көлемі өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары, яғни емханалар халық денсаулығының іргетасы. Сондықтан мемлекет БМСК көрсететін денсаулық сақтау нысандарын дамытуға ерекше ден қойып отыр. Бұл туралы Ақтөбеде медицина мәселелеріне арналған халықаралық жиында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді.

МСҚ басшысы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін толыққанды енгізу қарсаңында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Жаңа жүйе 2020 жылы толық іске қосылады. Реформаға дайындық кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) пакеттеріне енетін қызметтер тізімі қайта қаралып, толықтырылды. ТМККК пакетінің жаңа үлгісінде бастапқы медициналық-санитариялық көмектің рөлі күшейтілді. Себебі, бастапқы медициналық-санитариялық көмек – ТМККК және МӘМС пакеттері шеңберінде көрсетілетін қызметтердің «кілті», - деп атап өтті Айбатыр Жұмағұлов.

Оның айтуынша, бастапқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін дамыту жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бастапқы кезеңде БМСК деңгейінде көрсетілетін қызметтер аясын кеңейтіп, оны денсаулық сақтау жүйесінің негізгі буынына айналдыру және профилактиканы дамыту көзделген. Екінші кезеңде аталған саладағы ұзақ мерзімдік жоспарлар іске асырылмақ.

Қор басшысы қазіргі таңда БМСК нысандарының жұмысы нәтижелі болуы үшін жалпы практика дәрігерлеріне түсетін жүктемені азайтудың маңыздылығына тоқталды.

«Қазір МСҚ аталған көрсеткішке қол жеткізу деңгейін мониторингтен өткізіп жатыр. 2019 жылдың басында еліміз бойынша 1 дәрігердің жүктемесі 1789 адамға дейін қысқарған. Жоспар бойынша, 2025 жылға қарай аталған жүктеме 1500-ге дейін қысқаруы тиіс. БМСК дамытуға бағытталған бастамалардың бірі – ауылдарда әр 1500 адамға дәрігерлік амбулатория салу. Жоспарланған жұмыстар амбулатория санын 2,2 есеге арттыруға мүмкіндік бермек», - деді Айбатыр Жұмағұлов.

Сонымен қатар, басқарма төрағасының мәліметінше, МСҚ мемлекеттік тапсырыс аясында көрсетілетін қызметтердің ақысын төлеумен қатар, оның сапасын да бақылайды. 2018 жылы Қор халыққа тегін көмек көрсету барысында олқылықтарға жол берген медицина ұйымдарынан 6,3 млрд теңге қайтарып алды.

«Медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде көрсетілетін көмектің көлемі мен сапасын бақылап отырады. Қазір бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіріп жатырмыз. 2017 жылы медициналық көмек сапасына сараптаманы үш мемлекеттік орган жүргізетін. 2018 жылы сараптаманың бір бөлігін Қор мамандары жүргізе бастады. Биылдан бастап сараптама жұмыстарының 80%-ы Қордың қарамағына өтті», - деді МСҚ басқарма төрағасы.

Оның сөзінше, қазіргі таңда мониторинг меншік құқығына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алған барлық медицина ұйымында жүргізіледі. Жыл басынан бері сараптаманың үш деңгейлі үлгісі қолданысқа енгізілді. Нақтырақ айтқанда, адам өлімі болған жағдайда сараптама емханалық-амбулаторлық көмек, жедел жәрдем және стационар деңгейінде (сырқаттың ем-дом алу үшін жүріп өткен маршруты бойынша) жасалып, жіберілген кемшіліктердің өзара байланысы анықталады.

«Көрсетілген медициналық көмектің сапасына бақылау күшейтілді. Сонымен қатар, түрлі кемшіліктер мен олқылықтарға жол берген медицина ұйымдарына салынатын айыппұл көлемі де өсті. Мәселен, белгілі бір қызметтің көрсетілгені расталмаса – 300%, тұрғынды заңсыз (азаматтың қалауынсыз) тіркеген жағдайда 100% айыппұл салынады. Мұның бәрі заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында қолға алынып отыр», - деді Айбатыр Жұмағұлов.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...