Келіні енесін балғамен ұрып өлтірген

18 Қыркүйек 2019, 11:15
4933
Бөлісу:
Келіні енесін балғамен ұрып өлтірген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында егде жастағы әйелді өз үйінде балғамен ұрып өлтірген күдікті ұсталды. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлады.

16 қыркүйекте Созақ аудандық полиция бөліміне ер адам хабарласып, көрші үйдің асханасында жәбірлену белгілері бар әйел адамның денесін тапқанын хабарлаған.

Оқиға орнына облыстың тәжірибелі криминалдық полиция қызметкерлерінен құралған арнайы топ жіберілді.

"Криминалистер мәйітті қарап тексеріп, әйел басынан ауыр затпен соққы алу салдарынан қаза болды деген қорытындыға келді. Өз кезегінде облыс орталығынан келген жедел топ оқиға орнын мұқият тексеріп шықты. Полицейлер қаза болған әйелдің үйі сыртынан кілтпен жабылғанын байқап қалды. Дәл осы тұста полиция қызметкерлерінің әйелді жақын туыстарының бірі өлтіргеніне көзі жетті", - делінген ведомство хабарламасында.

Бір тәулік ішінде жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында құқық қорғау органдары әйелдің өліміне оның туған келінінің қатысы бар екенін анықтады.

Көрші ауылда отбасымен тұратын күдікті өз үйінде ұсталды. Әйел қамауға алынды. Ол өзінің жасаған қылмысын толығымен мойындады. Сонымен қатар, заттай айғақ – балға табылды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы