Келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз керек – Президент

15 Қазан 2020, 14:11
1459
Бөлісу:
Келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз керек – Президент
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев абайтанушы ғалымдармен кездесті, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Қазақстан Президенті алдымен мәдени-спорт кешеніндегі көрмені тамашалады. Мемлекет басшысына Абайдың сирек кездесетін кітаптары, «Абай әлемі» сериясы бойынша шыққан кітаптар мен филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының ақын шығармашылығына арналған көптомдығы ұсынылды.

Сондай-ақ көрмеге Шығыс Қазақстан өнер мұражайы мен Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайының қорларындағы 18 сурет қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы Дала алтыны» археологиялық көрмесін аралап көргеннен кейін абайтанушы ғалымдармен кездесті.

абай1.jpg

Президент ұлт зиялыларымен қасиетті топырақта, тарихи маңызы зор Семейдің төрінде жүздесіп отырғанына қуанышты екенін жеткізіп, Абайдың 175 жылдық мерейтойы әлемдік пандемияға тап келсе де, ұлы баба рухы алдындағы перзенттік парызымызды адал атқаруға күш салғанымызды атап өтті. Сонымен қатар бұл мерейтойдан той тойлауды емес, тағылым алуды мақсат еткенімізді айтты.

Биылдан бастап 10-тамыз «Абай күні» деп бекітіліп, мерекелер қатарына қосылды. Ақынның еңбектері он тілге аударылып, әлемнің беделді кітапханаларына жіберілді. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашылды. Бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана, келешекте мүмкіндікке қарай Абай институттарын ашамыз деп ойлаймын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай академиясы құрылды. Бұдан былай академия ақын шығармашылығын жүйелі зерттеумен айналысады. «Абай» телеарнасы өз жұмысын бастады. Жоғары оқу орындарында «Абайтану» курсын оқыту қолға алынды. Қазақ қоғамында өзіндік орны бар Семей қаласы «тарихи орталық» ретінде белгіленді. Осындай игі шаралар ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалды. Бүкіл түркі әлемінде Абай философиясын дәріптеу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік, – деді Президент.
абай2.jpg

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жарық көрген «Абай аманаты» атты мақаласындағы «Ұлы ақын елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды» деген сөзіне тоқталды. Сондықтан әдебиетіміздің әлемге танымал алыбын бүкіл халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттыратынын айтты. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу –  баршамыздың міндетіміз екенін, оның әр сөзіне жете мән беріп, астарына үңіліп, парасат-пайымына бойлай білу қажеттігін жеткізді.

Абай – мемлекет ісінің мүдделесі, бірлігі жарасқан жұрт болу идеясының жақтаушысы. Ол өз шығармалары арқылы ел еңсесін тіктеуге зор үлес қосты. Ұлы ақын ұлтты ұйыстырып, әділетті  қоғам құруға үндейді. Біз ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дәл осы ұстаныммен сабақтас. Түйткілді мәселені мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірлесе талқылауы – өркениетті қоғамның белгісі. Мұндай пікір алмасу халықтың билікке деген сенімін арттырады, тұрақтылықты нығайтады. Билік пен бұқараны жақындастыратын осы идеяның бастауында ұлы Абай тұр деп сеніммен айта аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
абай3.jpg

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы айтқанын, мұның стратегиялық маңызы бар міндет, кезек күттірмейтін мәселе екенін айта келе, ұлтымыз бен жұртымыздың жаңа болмысын қалыптастыру үшін бізге Абайдан асқан ақылшы жоқ деді.

Осынау жолда ақын мұрасын зерделеу арқылы әрекет етсек, берекет табатынымыз анық. Біз іздеген барлық сұрақтың жауабы хакім Абайдың өлмес өлеңінде, салиқалы сөзінде тұр. Ұлы ойшылдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиеті – соның айқын дәлелі. Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек «толық адамның» толыққанды қоғамы. «Толық адам» дегеніміз – бұл сол замандағы инновациялық философия үрдісі. Турасын айтсақ, Абай өз заманынан озып шықты деген сөз. Себебі орыс тілінде «Цельная натура» я болмаса ағылшын тілінде «A person of integrity» деген түсініктер әлдеқайда кеш пайда болды. Біз ақын мұрасына және зиялылардың әлеуетіне сүйеніп, осындай қоғам орнатуымыз керек. Ол қоғамның ұлттық идеясы білім мен ілімге жетелейтін ағартушылық ұстаным болуға тиіс, – деді Президент.
абай4.jpg

Мемлекет басшысы биылғы мерейтой кезінде елге ой салатын, тағылымы мол нақты шаралар атқарылғанын, бұл үрдіс Абай жылынан кейін де жалғаса беретінін атап өтті. Сондай-ақ ұлы Абайдың тұлғасын шетел жұртшылығына кең ауқымда таныту жобасы бойынша ақынның шығармалары ағылшын, испан, араб, түрік, қытай, неміс, итальян, француз және жапон тілдеріне аударылды. Президент аудармалардың көркемдік сапасы өте жоғары деп санайтынын жеткізді.

Абай шығармаларын әлемде кең тараған тілдерге аударып, басу – бірегей халықаралық жоба. Бұл жаһанға қазақ мәдениетінің жаңа қырын танытып, әлемдегі барша оқырмандарға Абай шығармашылығымен, терең философиясымен және теңдессіз лирикасымен танысуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы рөлі мен орнына тоқталып, олардың қашанда ұлттық құндылықтарды бәрінен биік қоятынын, әрдайым мәртебелі миссия атқарып келе жатқанын баса айтты.

Өткен ғасырдың 60-жылдарында қаламгерлер ұлттың рухын көтерді. Ұлт жазушылары жылымық кезеңде ел мүддесімен өзектес шығармаларды өмірге әкелді. Тәуелсіздіктің алғашқы  жылдарында  зиялылар халықты береке-бірлікке шақырды. Олар ұлт мұрасын түгендеп, тарихымызды жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Зиялы қауым жас мемлекеттің шежіресін жасап, бүгінгі ұрпақтың санасына сіңірді. Енді олардың қазіргі кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидатын қалыптастыру, ұлт сапасын арттыруға атсалысу, – деді Президент.

Осы ретте гуманитарлық саланы дамытуды қолға алғанымыз жөн деп есептейтінін жеткізіп, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға және сапалы оқулық дайындауға баса мән беруіміз қажет екеніне тоқталды.

Біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет. Осыған орай Алматыдағы  Абай атындағы мектеп-интернаттың мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыру қажет. Жалпы біз келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесуде Мекемтас Мырзахметұлы, Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Борис Щербаков секілді ғалымдар мен абайтанушылар, «Абай оқулары» конкурсының жеңімпазы, Риддер қаласындағы №16 орта мектептің оқушысы Варвара Владимирцевалар сөз сөйледі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев абайтануға айтулы еңбек сіңірген, отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.


Өзгелердің жаңалығы