Келер жыл еріктілерді қолдауға арналады – Президент

21 Мамыр 2019, 16:25
3611
Бөлісу:
Келер жыл еріктілерді қолдауға арналады – Президент

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайдағы іссапары барысында Қазақстан-Ресей жастарының форумына қатысты.

Форумда екі елдің жастары волонтерлік қозғалыстардың жетістіктері туралы айтып, баршаны қолдауға шақырды.

Осы бағытта 20 жыл тәжірибесі бар ерікті Вера Ким 2020 жылды "Волонтерлер жылы" деп жариялауды ұсынды.

"Қазақстанда ең танымал – әлеуметтік волонтерлік. Осы бағытта "Жеңіс" жобасы жемісті жүзеге асырылуда. Еріктілер бұл жоба аясында 5 мыңнан артық ардагерді қамтыды", - деді Вера Ким.

Мемлекет басшысы форумда айтылған барлық бастаманы қолдайтынын атап өтті.

"Бүгін түсіністік пен достық атмосферасын сезініп тұрмын. Қазақстан – жас мемлекет. Бірақ, жетістіктеріміз жетерлік. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен дамудың дұрыс жолын таңдай білдік. Мен форумда айтылған барлық бастаманы қолдаймын. Келер жыл еріктілер қозғалысын қолдауға арналады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев жастар форумында.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы форум аясында ұсынылған түрлі жобалармен танысты. Инновациялық жоба ұсынғандардың бірі – Рудный индустриялық институтының студенттері.

Келер жыл еріктілерді қолдауға арналады – Президент

Фото: автордан

"Біздің топ құрамында 5 адам бар. Форумға смарт аяқ киім жобасын дайындап әкелдік. Мұның артықшылығы – қатты суық кездері аяғыңызды тоңдырмайды. Әлемнің мықты жаңашыл кәсіпкерлері смарт киімдер сәнге айналатынын айтуда. Біздің Рудный қаласында ашық кен орындары бар. Ол жердің тереңдігі 500 метрге дейін жетеді. Сондықтан, жергілікті кәсіпорынмен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Мұндай аяқ киім Қытайда 15 мың теңге тұрады, біз 5,5 мың теңгеге бағаладық. Болашақта халыққа сапалы өнім ұсынғымыз келеді", - дейді РИИ студенті Нұржан Әбдікеров.


Өзгелердің жаңалығы