Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Көптен бері қоғамда резонанс тудырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1,8 гектар жерін кімдер алғаны белгілі болды.
Мәжіліс депутаттарының сауалына Бас прокурордың міндетін атқарушы Берік Асылов 2012 жылдың 30 қаңтарында Алматы қаласы əкімдігінің қаулысымен университетке алаңы 73,26 гектар жер учаскесіне тұрақты пайдалану құқығы берілген деп жауап берген.
Ал 2017 жылдың 2 қазанында қала əкімдігі аталған учаскенің шекарасын түзету туралы қаулы қабылдаған және жердің алаңы 1,8 гектарға азайтылған. Учаскенің азайтылған бөлігінің 0,74 гектары «Omirex» ЖШС-ның, 0,56 гектары коммуналдық қызметтердің («Алматы Су» МКК, «Алматы жылу желілері» ЖШС, «Қазпошта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ») жəне 0,52 гектары Ш.Мұстафаевтың қарамағына өткен, - дейді Берік Асылов.
Оның айтуынша, Ш.Мұстафаевтың жер үлесі университеттің өндірістік үй-жайларын көпшілік сауда-саттықта сатып алу нəтижесінде пайда болған. Ш.Мұстафаевқа тиесілі осы үй-жайды иеліктен шығарудың заңдылығы Алматы қаласының аумақтық Мемлекеттік мүлік жəне жекешелендіру комитеті комиссиясының 1999 жылғы 12 қарашадағы қорытындысымен жəне Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2000 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі бойынша расталған.
Бірақ Алматы қаласының əкімдігі Жер кодексінің 48 жəне 82-баптарын бұза отырып, «Omirex» ЖШС жерлерін (екі учаске, жалпы алаңы - 0,74 гектар) сауда-саттықсыз жəне оларға университеттің жер пайдалану құқығы тоқтатылғанға дейін берген. Анықталған бұзушылықтарды құқықтық бағалау бойынша өкілеттік Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне жататынын ескере отырып, 2021 жылдың 19 наурызында Алматы қаласының прокуратурасы олардың мекен жайына тиісті тексеруді ұйымдастыру туралы хат жолдады, - делінген Бас прокуратураның жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін «Ақ жол» партиясының Мәжілістегі фракциясы депутаттарының сауалына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовте жауап берген болатын. Сонымен қатар Сағынтаев «жекеменшікке берілді» деген ҚазҰУ-дің жеріне қатысты пікір білдірген еді.