Бас жаңалықтар
ҚазҰУ-дің жері қайда кетті. Депутат оқу орнының аумағы 1,8 гектарға кішірейгенін айтты
24 Ақпан 2021, 13:06 313

ҚазҰУ-дің жері қайда кетті. Депутат оқу орнының аумағы 1,8 гектарға кішірейгенін айтты

Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов көптен бері қоғамда резонанс тудырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі жер мәселесіне қатысты сауал жолдады.

Қазақстанда жоғары білімнің қара шаңырағы болған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бүгінгі жанашыр түлектері мен қоғам белсенділері университетке тиісті жер аумағы көлемінің белгісіз себептермен кішірейгеніне байланысты алаңдап отыр. Жер құқығы бойынша сарапшы-заңгер Бақытжан Базарбектің мәліметіне сүйенсек, 2012 жылғы 30 қаңтардағы Алматы қаласы әкімінің қаулысына сәйкес, университетке жалпы көлемі 73,26 гектар жер пайдалану құқығына берілген, - дейді Берік Дүйсембинов.

Ол Алматы қаласының әкімінің қаулысына сәйкес, ұлттық университеттің жалпы жері үлестерге бөлініп, 72,48 гектары қалғанын айтты. 

Оның ішінде Қазақ ұлттық университетінің тікелей үлесін алсақ, 71,40 гектар жер қалады. Яғни, оқу орнының аумағы 1,8 гектарға тарылғанын байқаймыз. Осы жерде университет жері неге азайған деген сұрақ туындайды. Жастарымыздың игілігіне арналған жер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете бермек пе? Бұл мәселеге кімдер жауапты деген сұраққа өкілетті органдардан мардымды жауап болған жоқ, - деді депутат.

Ол осы мәселе бойынша Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке сауал жолдады. 

Мемлекет мүддесі мен жастардың білім алу болашағын ескере отырып, ҚазҰУ-ға тиесілі жер аумағынан учаскелер бөлініп шығарылғаны қаншалықты заңды екенін тексеріп, заңсыздық болған жағдайда жауапты адамдарды жауапқа тартуды сұраймыз, - деді мәжілісмен.

Әлеуметтік желі осы университеттің түлегі, журналист-продюссер Серік Абас-шах заңгер Бақытжан Базарбекпен бірге көптен бері дабыл қағып жүр. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдаған болатын. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қарасты жерлердің коммерциялық мақсатта қолданылуына тыйым салуыңызды сұрай келе, жерді беру жөніндегі 2012 мен 2017 жылдар аралығындағы заңсыз шешімдерді жоққа шығаруыңызды өтінеміз. Өкінішке қарай, әл-Фараби даңғылының бойындағы бей-берекет салынған құрылыс нысандарының салдарынан алматылықтардың таза ауада серуендейтін жерлері де азайып барады. Бұл сонымен қатар Алматы қаласының экологиясына кері әсерін тигізіп жатыр. Әл-Фарабидің есімі берілген ҚазҰУ-ға тиісті жерлерді өз қалпында сақтап, Алматыны серуендеуге ыңғайлы саяжайлар мен скверлердің қаласына айналдыруымыз – әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына жасаған ең керемет сыйлығымыз болар еді, – делінген Серік Абас-шах жолдаған үндеуде.

Жақында Алматы әкімі тұрғындарға есеп беру кездесуінде осы мәселеге байланысты өз жауабын бергені бар.

ҚазҰУ-дың жері жеке меншікке берілейін деп жатқан жоқ. Қазіргі ҚазҰУ қарамағындағы жер телімінің барлығы университеттің өз құзыретінде. Егер университет басқа біреуге жер бергісі келсе, онда әкімдікке ұсыныспен шығуы керек. Мына жер маған керек емес, қайтып алыңыз дегендей. Қазір университетке жаңа ректор тағайындалды, ол кісімен де кездестік. Бұл мәселе төңірегінде де әңгіме болды. Ол кісі университетті әрі қарай дамытуымыз керек, ешқандай жер берілмейді, менің ұсынысым сондай дегенді білдірді. Сондықтан бүгінгі таңда біреуге жер берейін деп жатқан әңгіме жоқ, - деді Бақытжан Сағынтаев.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...