«Казньюс» ақпарат агенттігінің 10 жылдық мерейтойы тойланды

27 Қараша 2021, 18:46
1062
Бөлісу:
«Казньюс» ақпарат агенттігінің 10 жылдық мерейтойы тойланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 25 қараша күні Казньюс ақпарат агенттігінің орнауының 10 жылдық мерей тойы тойланды.

Салтанатты рәсімді Казньюс ақпарат агенттігінің негізін қалаушысы Өмірбек Қабайұлы ашып, құттықтау жолдады.  

«Кеш жарық құрметті ағайындар! «Казньюс» ақпарат агенттігінің құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. 2011 жылы 11 қарашада құрылып, 2018 жылы Моңғолияның Байланысты реттеу комитетінен ақпараттық құрал мәртебесін алған. Өздеріңізге белгілі болғандай 2020 жылы Қазақпарат халықаралық ақпарат агенттігінің 100 жылдығына орай “Үркер” ұлттық сыйлығымен марапатталдық. 2021 жылға дейін агенттіктің сайты 5 рет жаңарып, заманауи, жаңа технологиялық талаптарға сай қызмет көрсетуде. Бүгінге дейін 3500 ге жуық материал жарияланып, интернетте қазақ тілді контенттердің санын арттыруға, Моңғолия мен Баян-Өлгий аймағын дәріптеу жолында сүбелі еңбек атқарып келеді. Бүгін біз Моңғолияда алғаш рет KAZNEWS агенттігінің 10 жылдығына орай HIT NEWS 2021 сыйлығын табыстау рәсімін өткізбекпіз. Ақпарат агенттігінде 2021 жылы жарияланған мақала, жаңалық, сұхбаттардан ең көп талқыланып, ең көп оқылған ақпараттардан үздіктерді анықтап отырмыз. Сыйлықты дауыс беру арқылы емес сайттағы сандық жүйеге негізделген статистикалық мәліметтерге жүгіне отырып анықтадық.

Жақсы жаңалығымыз көп болсын! Барлықтарыңызға, отбасыларыңызға амандық, саулық, сәттілік тілеймін. Той құтты болсын ағайын!»-деді Өмірбек Қабайұлы құттықтау сөзінде. 

Салтанатты іс-шарада Моңғолия Парламентінің депутаты Әубәкір Тілеуханұлының, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев мырзаның, Отандастар қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов мырзаның құттықтауы оқылды. 

Аймақ әкімі Бауыржан Дәлелұлы Казньюс ақпарат агенттігінің 10 жылдық мерей тойымен құттықтап сөз сөйлеп, Өмірбек Қабайұлын «Баян-Өлгий аймағының озат қызметкері» төсбелгісімен марапаттады. 

HIT NEWS 2021 аясында ең көп оқылған сұхбат иелеріне алғашқы марапатты аймақ әкімі Бауыржан Дәлелұлы табыстады.

Мирас Мұхамеджанұлына «Кәсіп бастау үшін – ең бастысы талап пен ниет дұрыс болу керек», Сәуле Серікбайқызына «Баян-Өлгийден шыққан граффити-суретші», Серікболат Манапұлына «Туристерді Баян-Өлгийдің әсем табиғатымен саятшылық өнері қызықтырады» тақырыбындағы сұхбаттары ең көп оқылғаны үшін HIT NEWS 2021 сыйлығы берілді. 

Ең көп көрген бейнебаян аталымы бойынша тағайындалған сыйлықты сахана төрінде аймақтық Азаматтар Өкілдері Хуралының депутаты Дәрмен Құзыкейұлы табыстады. Бұл сыйлық «Ағажай-Алтай» әнін қазақ тілінде шырқап Моңғолияда және Қазақ елінде үлкен қошеметке ие болған жас әнші Амгаланқызы Мөнх-Ундрахға берілді.
KAZNEWS ақпараттық порталы дайындаған материалдарды 2021 жылы 200 мыңға жуық интернет тұтынушы оқыған. Ең үздік ақпарат «Қазақтар дайындайтын ұлттық тағамның 10 түрі» рекордтық көрсеткішке ие болды. Биыл бұл мақаланы 190560 адам оқыған болса, «Карантиндегі өзгерістер және вакцина жайлы жастардың пікірін» – 162931 адам қарап шыққан. 

Карантиндегі өзгерістер және вакцина жайлы пікірін білдірген Берденбек Ерғабылұлы, Гүлбану Төлеуханқызы  HIT NEWS 2021 сыйлығымен марапатталды. 

Марапатты Монцамэ агенттігінің өкілі Нұрболат Өнерханұлы, аймақтық Журналистер одағының төрағасы Еркінбек Бөденұлы табыс етті.

Казньюс ақпарат агенттігінің дамуына ақыл кеңесін беріп, үлес қосқан Сәбет Насырұлына алғыс хат, Дербес телеарнасының 10 жылдығына орай арнайы марапат табысталды.

HIT NEWS 2021 сыйлығының Мәдениет айдары бойынша тағайындалған сыйлықты М.Құрманхан атындағы Музыкалы драма театрының директоры Сәйгүлік Жәнімханқызы табыстады. Бұл сыйлық халықаралық байқауда жүлдегер атанған Дастан Қаламханұлы мен Сәтжан Класханұлына, «Күлтегін» этно-фольклорлық ансамблінің директоры Еркінбек Мамырханұлына берілді.

HIT NEWS 2021 сыйлығының Спорт айдары бойынша тағайындалған сыйлық жас палуан Иманғали Бақытұлы мен ең нәтижелі футболшы атанған Өтеген Естайұлына табысталды. Марапатты Денешынықтыру, спорт басқармасының бастығы Қайнар Қайсанайұлы табыс етті.

Сонымен қатар, Ең көп пікір жинаған үздік фотографияға берілетін HIT NEWS 2021 сыйлығы жапонияда өткен халықаралық жасөспірімдердің фестивалінде жеңімпаз атанған оқушыларға берілді. Марапатты аймақтық АӨХуралының депутаты, аймақтағы НИК компаниясының бөлімшесінің директоры Асылбек Сыдықұлы табыстап берді.

Моңғолия Парламентінің депутаты Әубәкір Тілеуханұлының құттықтауын Өмір Құрметұлы табыс етті. Тойға келген қонақтар арасынан аймақтық депутаттар Дәрмен Құзыкейұлы, Асылбек Сыдықұлы, Заңғар Есентайұлы, Мүпти Қабылұлы және Спорт, денешынықтыру басқармасының басшысы Қайнар Қайсанайұлы, М.Құрманхан атындағы Музыкалы драма театрының директоры Сәйгүлік Жәнімханқызы, Өлгий қаласы әкімінің өкілі Айтуған Әлиханұлы, Стандарт, метрология басқармасының өкілі Мұрат Пушкейұлы, Журналистер одағының төрағасы Еркінбек Бөденұлы, журналист Сәбет Насырұлы, Нұрболат Өнерханұлы, Бақытбек Әбділұлы, Аманкелді Тоқтамұратұлы қатарлы азаматтар құттықтау жолдап, табыс тіледі.

Өзгелердің жаңалығы