Қажет емес, түсініксіз ақпарат сұрайсыздар. Аймағамбетов мектептегі қағазбастылық проблемасын көтерді
17 Қараша 2021, 16:04 7756

Қажет емес, түсініксіз ақпарат сұрайсыздар. Аймағамбетов мектептегі қағазбастылық проблемасын көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді қағазбастылыққа салуға қатысты мәселені тағы көтерді.

Бұған дейін мұғалімдер толтыратын құжаттардың тізімі туралы ақпарат берген болатынбыз.

Бұл мәселені үнемі бақылауда ұстау керек. №130 бұйрыққа сәйкес мұғалімдер күнде тек екі құжатты ғана толтыруы керек. Әлеуметтік педагог болса, онда оның толтыратын тиісті құжаттары бар. Сондай-ақ сынып жетекші болса, онда тәрбие жұмысы бойынша құжаттары бар. Директордың өзінің де құжаттары бар. Оның барлығы бұйрықта шегеленіп тұрып бекітілген. Сол себепті осы құжат шеңберінде ғана жұмыс істеу керек. Әсіресе сынып жетекшілері бойынша әр түрлі ойға қонымсыз құжаттарды енгізіп қояды, – деді министр.

Министр бір мектепте сынып жетекшісіне 19 құжатты талап етіп отырғанын айтты.

Осы фактімен айналысыңыздар. Тиісті жауапкершілікке тартуды тапсырамын. Керек емес дүниені кім оқиды? Көп жұмыс электронды форматта бар. Оның барлығын басып, жинап қойғаннан не пайда? Осыны кішкене ойлау керек қой. Қажет емес, тіпті түсініксіз ақпарат сұрайсыздар. Білім басқармалары не себепті өңірлеріндегі жағдайды реттемей отырғанын білмеймін. Енді кезекте мектеп директорларын емес, білім бөлімдері басшыларын, болмаса тіпті білім басқармалары басшыларын жауапкершілікке тартамыз, – деді Білім басшысы.

Министр атап өткендей, қағазбастылыққа тартқандары үшін 200-ден аса тұлға жауапқа тартылды.

Ешқашан мұндай жағдай болған емес. Ия, қатаң реттелмегенін білеміз. Жауапкершілік бары туралы түсіну керек. Біз әр факті бойынша тиісті шара қабылдаймыз. Егер өңірде осындай мәселе болса, онда ол бір мектеп директорының немесе білім бөлімінің ғана проблемасы емес. Мұны қанша рет қайталай беруге болады? Мұғалім тек өзіне тиесілі жұмыспен ғана айналысуы керек, – деді бас ұстаз жиналыста.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...