Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтауға ерекше назар аудару қажет – Дәурен Абаев
09 Қараша 2021, 19:25 135

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтауға ерекше назар аудару қажет – Дәурен Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың төрағалығымен өткен медиакеңесте ұйымдастырушылар бірлестіктің жаңа жоспарын назарға ұсынды. Бұл жоспарда Бірлестікті география және соған сабақтас – табиғатты қорғау, экотуризмді дамыту салалары бойынша жетекші сараптау ұйымына айналдыру көзделген.

Бұл туралы «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің сайты хабарлады. 

Медиакеңеске Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, «QazaqGeography» РҚБ Басқарма төрағасы Орман Нұрбаев, республикалық БАҚ басшылары қатысты.

вмв.jpg

Дәурен Абаев өз сөзінде: «Қоршаған ортаға және рекреациялық ресурстарға ұқыпты қарау – Мемлекет басшысы саясатының маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Осы тұрғыда Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын, бірегей табиғи капиталын сақтау мен дамытуға бағытталған жаңа ұстанымдарға ерекше назар аудару қажет. «QazaqGeography» бірегей әрі танымал бренд ретінде осы өзгерістерді жүзеге асыру ісінде зор әлеуетке ие», – деп атап өтті.

«QazaqGeography» мақсатының бірі – қоршаған ортаны қорғау, отандастарымызға ата-бабамыздан қалған ұлт игілігі, бай мұрасына ерекше қамқорлық көрсетуді дәріптеу. «QazaqGeography» бірлестігінің жобалары қоршаған ортаны сақтауға, қоғамда тарих, география, мәдениет, өлкетану, экологиялық туризм салалары бойынша ағарту жұмыстарын жүргізуге бағытталған.

«QazaqGeography» РҚБ Басқарма төрағасы Орман Нұрбаев кездесу барысында: «Біз қазақстандықтарды QazaqGeography қауымдастығының мүшесі болуға шақырамыз. Күш-жігерімізді біріктіре отырып, еліміздің жаңа тарихи және табиғи дестинацияларын ашуға және қолданыстағыларын кеңінен тануға, қоғамның географиялық білімін жетілдіруге, экологияны жақсартуға ықпал ете аламыз», – деді.

Медиакеңес аясында «QazaqGeography» РҚБ мен республикалық БАҚ басшылары ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.


Фото: дереккөз
Загрузка...