Бас жаңалықтар
Қазақстанның бидайы мен ұны Иран мен Ауғанстанға жіберіледі
21 Қыркүйек 2021, 09:33 812

Қазақстанның бидайы мен ұны Иран мен Ауғанстанға жіберіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа маусымда дәстүрлі түрде қазақстандық бидай мен ұн Орталық Азия, Иран мен Ауғанстан нарықтарына жіберіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

Министр биыл дәнді және дәнді бұршақты дақылдардың қанша көлемде жиналатынына тоқталып өтті.

Биыл дәнді-дақылдар 15,9 млн гектар алқаптан жиналады. Облыс әкімдерінің мәліметтеріне сәйкес өнімділік гектарынан 10,1 центнер болғанда дәнді-дақылдардың болжамды жалпы түсімі шамамен 16 млн тоннаны құрайды. Былтырғы жылдардың ауыспалы қалдықтарын ескергенде дәнді-дақылдар өндірісінің болжамды көлемі елді ішкі қажеттілікпен толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

АШМ басшысының айтуынша, жаңа маусымда дәстүрлі түрде қазақстандық бидай мен ұн Орталық Азия, Иран мен Ауғанстан нарықтарына жіберіледі.

Сондай-ақ астық сапасының жоғары болуынан Қытайға жөнелтілетін бидай көлемі артуы мүмкін.

Осы жылы егін жинау жұмыстары уақытылы басталды. Бұл ретте егін жинау науқанының қарқыны былтырғыдан жоғары. Мәселен, бүгінгі күні республика бойынша барлығы 15,1 млн гектар дәнді және дәнді бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы алаңынан 95%-ы жиналды. Ал былтыр осындай уақытта 14,5 млн гектар немесе 91,5%-ы жиналған болатын, - деді министр Үкіметте.

Бүгінгі күні орташа түсім 9,4 ц/га-ны құрап отыр.

Бұдан басқа, көкөністер, картоп, бақша дақылдары мен мақта жинау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.


Фото: дереккөз
Загрузка...